ҚР қорғаныс министрі Қарулы Күштердің әскери жабдықталуы, сондай-ақ ТЖ кезіндегі қызмет туралы айтып берді

ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы онлайн-конференция барысында айтып берді.

Атап айтқанда, қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштерді жаңа қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау процесі туралы айтып, жұмыстың жоспарлы негізде жүргізіліп жатқанын және әскерге елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, биыл 370-тен астам бірлік сатып алынды, 200-ден астам әскери техника күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды. Қазақстанның Қарулы Күштеріне алғаш рет «Бук» зениттік-зымыран кешендері жеткізілді.

Бұдан өзге ұшқышсыз ұшу аппараттары мен қанатты зымырандарды да анықтауға қабілетті «Роса» аса жоғары емес нысаналарды анықтайтын радиолокациялық станциялар қарулануға қабылданды және елдің әуе кеңістігін бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ отандық өндірістің «Нұр» радиолокациялық станциялары сатып алынуда.

«Артиллериялық барлауды дамыту үшін қозғалатын нысандарды және батареяларға қарсы күресті барлауға арналған “Платформа” радиолокациялық станциялары әкелінді. Мұндай құралдармен жабдықтау процесі жалғасады», — деп сендірді Нұрлан Ермекбаев.

Сонымен қатар әскерлерге заманауи «4++» Су-30СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары жеткізілуде.

Н. Ермекбаев министрлікте қазіргі таңда пайдаланылмайтын әскери мүліктен құтылуға батыл бағыт алынғанын ерекше атап өтті. Әскери техниканы жаңарту және оқ-дәрілерді жинақтау үшін Қорғаныс министрлігі елімізде кейбір жаңа қару-жарақ түрлерін, соның ішінде оқ-дәрілерді өндіруге бастама білдірді. Бұл дүркіндетіп ататын реактивті жүйелер өндіру, отандық верфьке көпфункционалды кемені салу, оқ-дәрілер желісін кеңейту, теңіз қару-жарағына 30 мм оқ-дәрілерді шығаруды игеру.

Бұған қоса, министр атап өткендей, әскери оқу орындары робот техникасы мен радиоэлектрондық күреске басымдық бере отырып, ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Әскерлерде командирлердің бастамасы дамуда, ғылыми жұмыс жүргізілуде. Мәселен, әскери мамандар дрондарға қарсы қаруды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірледі. 

«Бірегей құрылым – әскери-ғылыми взвод құрылды. Ол, мысалы, құжаттарды берудің автоматтандырылған жүйесін әзірледі, бұл мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі шығындар мен бюрократиялық рәсімдерді қысқартады. Сондай-ақ тәрбие жұмысы үрдісіне дәстүрлі әдістермен қатар, жаңа форматтар мен әдістер енгізілуде», — деді қорғаныс министрі.

Қазір әскерлерде ситуациялық жағдайлары бар 50-ге жуық оқу модульдері қолданылады. Олар дүниетанымды кеңейту, логикалық және сыни ойлауды дамыту, зияткерлік деңгейді арттыру және патриотизмді тәрбиелеу үшін өмірдің барлық аспектілерін қамтиды.

Қарулы Күштерде нысандардың өте үлкен инфрақұрылымы бар. Қорғаныс ведомствосы әскери қалашықтардың ғимараттары мен аумақтарын күрделі және ағымдағы жөндеу жөнінде шаралар қабылдауда. Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. 

2020 жылы 600-ден астам объектіге ағымдағы жөндеу ұйымдастырылған, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 1,5 есе артық. 30 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Казармалық-тұрғын үй қорының, оның ішінде жеңіл модульдік конструкциялардан жаңа объектілері салынуда: казармалар, асханалар, қоймалар, оқу және спорт кешендері. Ағымдағы жылы осындай 56 ғимарат салынды.

Әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесі шешілуде. 2018 жылдан бастап 4 мыңнан астам әскери қызметші жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру арқылы тұрғын үй бағдарламалары бойынша («7-20-25», «Баспана Хит», «Әскери Баспана» және т.б.) тұрғын үй сатып алды.

 

Covid-19 пандемиясы кезіндегі әскери қызметшілердің қызметі

Денсаулығын сақтау үшін пандемия кезінде қарулы күштердің жеке құрамының бір бөлігі үйде оқшаулауға ауыстырылды. Бірақ үй жағдайларында да әскери қызметкерлер үшін үйде орындау мақсатында мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары мен дене шынықтыру жаттығуларының кешені жасалды.

«Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде, табиғи апаттар болғанда әскер шетте қала алмайды. Біз ІІМ, ТЖМ, денсаулық сақтау органдары мен әкімдіктерге барынша көмек көрсетеміз», — деді Н. Ермекбаев.

COVID-19 пандемиясына байланысты ТЖ режимін енгізу кезінде 13 мың әскери қызметші жұмылдырылды. Осылайша, оған тартылған әскери қызметшілер санының халық санына ара қатынасы бойынша Қазақстан әлемде бірінші орындардың бірін алады

Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерлерінің бөлімшелері ТЖ енгізілген алғашқы күннен бастап елдің 29 елді мекенінде дезинфекция жүргізуде. 

Әскери ұшқыштар төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап 90 тоннадан астам жүк, жеке құрам мен азаматтық халықтың 3 мыңнан астам адамын, оның ішінде Түркия, Кипр, Беларусь, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан эвакуацияланған отандастар тасымалдады.

Қазақстандықтарға әскери-медициналық қызмет барынша қолдау көрсетеді.

Қорғаныс министрлігі басшысының мәліметінше, республикада Таразда далалық госпиталь, Ақтөбеде медициналық кешен, әскери лазареттерде екі мобильді бөлімше және 23 дәрігерлік-мейіргерлік бригада құрылған. Бұл бөлімшелер адамдарға көмек көрсету үшін елдің кез келген өңіріне жедел ұсынылуға дайын.

Бюджет қаражатын тартпай Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында екі ПТР-зертхана іске қосылды. Сондай-ақ, ИФТ-диагностикасының екі мобильді зертханасы сатып алынды. Мұның барлығы ауруды жұқтырғандарды есепке алу дәлдігін арттыруға және сапалы вакцинация үшін қажет антиденелердің болуына тест жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Н. Ермекбаевтың ақпараты бойынша, бас әскери-медициналық басқарма жағдайды ескере отырып, Қарулы Күштер құрылымында жеке, дербес органға шығарылған. Медицина мекемелерінің штаты инфекционист дәрігерлермен, эпидемиологтармен және вирусологтармен толықтырылған.

Бұдан басқа, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің жеке департаменті құрылды.


Бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі туралы

«Қорғаныс ведомствосының барлық қызметі бюджеттік тәртіпті мүлтіксіз сақтай отырып жүзеге асырылады. Ол қашанда біздің басымдығымыз болған, болып қала береді. Осылайша, ағымдағы жылдан бастап министрлік бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған индикаторларын орындаудың ай сайынғы мониторингіне ауысып, көрсеткіштердің орындалуына талдау жүргізіп, проблемалар мен кемшіліктерді көрсетеді», — деді қорғаныс министрі Н. Ермекбаев.

Министрлік қаржыландырудың балама көздерін іздейді, Қарулы Күштердің құрылымын оңтайландыру арқылы үнемдеуге қол жеткізеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі пысықталуда.

«Ведомство сайтында ерекше тәртіпті қолдана отырып, жоспарланған сатып алулар туралы хабарландырулар жарияланды. Бұл қатысушылар санын бірнеше есеге арттыруға, салауатты бәсекелестікті қамтамасыз етуге және бюджет қаражатының 9,3 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен үш есе жоғары. Бұл қаражат Қарулы Күштерді дамытудың басым бағыттарына бөлінді», — деді ол.

Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында ұйымдық-штаттық құрылымды, әскери бөлімдер мен әскери инфрақұрылым объектілерінің санын оңтайландыруға, әскери бөлімшелерге баса назар аудара отырып, оқ-дәрілер мен әскери техниканы ұтымды пайдалануға баса назар аударылды.

 

Әскери қызмет қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінеді

Осы мақсатта Қорғаныс министрлігінде әскери полицияның бас дирекциясы жанынан Әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау жөніндегі арнайы басқарма құрылды.

Ермекбаевтың айтуынша, басқарма қауіпсіздік мәселелері бойынша жағдайды ұсақ-түйекке дейін тексереді және талдайды, оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

«Арыс гарнизонындағы зардаптарды жою бір жыл бойы жалғасты. Ауқымды жұмыс көлемі орындалды. Қарулы Күштерде қауіп-қатері бар әскерлердің тіршілік әрекетінің барлық мәселелері бақылауға алынады. Оның ішінде қару мен оқ-дәрілерді, ЖЖМ мен улы техникалық сұйықтықтарды сақтау, тамақтандыруды ұйымдастыру, парашютпен секіруді, жауынгерлік атысты жүргізу мәселелері бар. Апатты ғимараттардың болуы, ашық кәріз люктері және электр сымдарының жарамдылығы туралы мәселелерге дейін қарастырылған», — деп түсіндірді министр.

Әскери қызметшілерде кредиттердің болуы және олардың табыс деңгейі бойынша талдауды қоса алғанда, психологиялық және қаржылық аспектілер де ескеріледі. Осының барлығы бір жыл ішінде әскери қызметшілер арасындағы жарақат санын 44%-ға, қаза табу оқиғаларының санын 48%-ға азайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ әскери қызмет қауіпсіздігінің тәуекелдерін барынша азайту картасы жасалды, оның ішінде Арыс қаласында объектілерді жарылыс қаупі бар заттардан тазарту бойынша да жасалды. Лауазымды адамдардың бағыныштылар арасындағы әскери тәртіптің жай-күйі үшін дербес жауапкершілігі арттырылды.

«Соның нәтижесінде биыл 2019 жылмен салыстырғанда әскери қызметшілер арасында жарғыдан тыс өзара қарым-қатынас жағдайлары 28%-ға төмендеді. Суицид саны екі есе азайды», — деді қорғаныс министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу