Медицина ауыл тұрғындарына қолжетімдірек болады — Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылғы қызметін қорытындылады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен 2021 жылғы қызмет қорытындылары мен таяу кезеңдегі міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Алқа жұмысына ведомстволық бағынысты ұйымдардың, денсаулық сақтау басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың, құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде Қазақстандағы ауыл тұрғындары мен балаларға арналған профилактикалық тексерулердің тізбесін кеңейту туралы хабарлады. Министр еліміздің ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерумен қамтудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта үш негізгі жас тобы 18-29 жас, 30-44 жас, 45-65 жас бойынша ересек халықты профилактикалық тексеру пакеттерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады А. Ғиният.

Ол бүгінгі таңда белгілі бір жас топтары үшін қажетті диагностикалық қызметтердің көлемі және сәйкесінше қажетті қаржылық қаражатты есептеу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде қала мен ауыл тұрғындары арасында профилактикалық тексерулердің қолжетімділігінде теңгерімсіздік орын алғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты биыл ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексеру пакеттерін, оның ішінде бірінші кезеңде ауылдық медициналық пункттер базасында енгізу жоспарланып отыр», — деп атап өтті Ажар Ғиният.

Әрі қарай денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру нәтижелері туралы баяндады. Ол әрбір бағыт бойынша міндеттері, нәтиже көрсеткіштері және іске асырылатын іс-шаралары белгіленгенін атап өтті.

«2021 жылы 26 іс-шара жүзеге асырылды және 17 көрсеткішке қол жеткізілді, олардың 10-ы республикалық маңызды, жетеуі өңірлік», — деп хабарлады бірінші вице-министр.

Ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру шеңберінде мынадай іс-шаралардың орындалуы қамтамасыз етілді: 

  • МСАК-тың 30 объектісі ашылды; 
  • ЖМК қызметтерімен 2 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қамтылды;
  • медициналық жабдықтармен қамтуға ауқымды түгендеу жүргізілді;
  • 13 ауданаралық аурухана ұйымдастырылды; 
  • онкологиялық орталықтың құрылысы басталды; 963 мыңға жуық қымбат медициналық қызмет көрсетілді; 
  • дәрігерлердің орташа жалақысы 350 мың теңгеге дейін жеткізілді; резидентурада оқу үшін 1 500 грант бөлінді.

Бұл ретте жүкті әйелдерді жеке және дисциплинааралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамту 12%-ға асыра орындалды және тиісті халықтың 87%-ын құрады. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамту елде 4,6%-ға асыра орындалды, жоспарлы мәні 70% болған кезде балаларды қамту 74,6%-ды құрады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту 12,3%-ға асыра орындалды, 25%-дық көрсеткіш жоспарында оның нақты мәні 32,3%-ды құрады.

Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясы аурушаңдығын болжау мәселелері бойынша сөз сөйледі.

«Бүгінгі таңда ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, КВИ ауруының болжамы сценарийге байланысты (наурызда) тәулігіне 250-ден 360 жағдайға дейін тіркеледі деп жоспарлануда. Әрине, бұл қазіргі жағдаймен салыстырғанда ревакциналау қарқыны қаншалықты сақталатынына байланысты», — деді А. Есмағамбетова.

«Стратегиялық маңызды міндет – ұлттық егу күнтізбесі аясында халықты вакциналау. Ең алдымен, бұл – балалар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткішке қол жеткізілген жоқ. 2021 жылдың қорытындысы бойынша вакцинамен қамту 95%-ға жетті. Бірақ жыл сайын бас тарту саны артып келе жатқанына назар аударғым келеді. Бұл орайда, егер бас тарту құрылымына қарайтын болсақ, соңғы жылы жеке сенімдерге байланысты бас тарту саны үш есеге артты», — деп атап өтті республиканың Бас санитарлық дәрігері.

Алқа отырысының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бірқатар тапсырма берді. Е. Тоғжанов медицина қауымдастығына коронавирус инфекциясымен күреске қосқан үлесі үшін алғыс айтып, халықты вакциналау бойынша қабылданған шаралар есебінен эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын атап өтті.

Ол МЖӘ негізінде ауруханалар салуға назар аударды, осылайша Денсаулық сақтау министрлігіне халықаралық стандарттар негізінде жобаларды әзірлеу бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.

«Ана мен бала өлімі мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырамын, кейбір өңірлерде өсім бар. Әрбір жағдай бойынша талдау қорытындысын ұсынуды сұраймын, сондай-ақ жүрек аурулары өлім-жітімнің өсуі бойынша жағдайды талдап, проблемаларды шешу бойынша шаралар қабылдау қажет», — деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

Ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулердің тізбесі кеңейтілді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Ажар Ғиният Қазақстандағы ауыл халқы мен балаларға арналған профилактикалық тексерулердің тізбесінің кеңейтілгені туралы хабарлады.

Министр еліміздің ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерумен қамтудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта үш негізгі жас тобы 18-29 жас, 30-44 жас, 45-65 жас бойынша ересек халықты профилактикалық тексеру пакеттерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деп хабарлады А. Ғиният.

Ол бүгінгі таңда белгілі бір жас топтары үшін қажетті диагностикалық қызметтердің көлемі және сәйкесінше қажетті қаржылық қаражатты есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде қала мен ауыл тұрғындары арасында профилактикалық тексерулердің қол жетімділігінде теңгерімсіздік орын алғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты биыл ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексеру пакеттерін, оның ішінде бірінші кезеңде ауылдық медициналық пункттер базасында енгізу жоспарлануда», — деп атап өтті Ажар Ғиният.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар контингенті ауруларының алдын алуға күш салуды жоспарлап отыр.

«Балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде Министрлік алдын алуға ерекше назар аударатын болады, өйткені ересек халықтың денсаулығының негіздері мен болашақ ауруларының алғышарттары дәл балалық шақта қаланады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілетін болады», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Қазіргі уақытта пакеттерді түпкілікті қалыптастыру, НҚА-ға өзгерістер енгізу және профилактикалық тексерулерді қаржыландыру бойынша тиісті есептер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан басқа, мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады, бұл оқушыларды кәсіптік қарау тәсілдерін жүйелеуге және АІЖ, тірек-қимыл аппараты, көру және т. б. ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Үкімет орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тізімін кеңейтуде

2022 жылы орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесі кеңейтіледі, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

«2022 жылы орфандық аурулармен сырқат балаларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесі кеңейтілетін болады», — деп хабарлады Ажар Ғиният.

Осылайша, орфандық аурулар мен оларды емдеуге арналған дәрілік заттар тізбесіне 5 жаңа ауру және 19 жаңа дәрілік препарат енгізілді.

Сонымен қатар тіркелмеген дәрілік заттарды сатып алу мәселесі де шешімін табуда. Бұған дейін Кодекстің 246-бабына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен қазақстандық ұлттық формулярға енгізілген дәрі-дәрмектер сатып алынуы мүмкін еді, бұл тіркелмеген дәрілік заттарды жергілікті бюджет есебінен сатып алуды шектеді.

Осыған байланысты, Министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістерді пысықтады, осыған сәйкес ҚҰФ-да препараттардың міндетті түрде болуы жөніндегі норма алынып тасталды.

Облыстық перинаталдық орталықтарда «құрсақтағы нәрестені қорғау» орталықтары құрылады

ҚР-да құрсақішілік даму кезеңінде баланың патологиясын ерте анықтау мақсатында республиканың облыстық перинаталдық орталықтарында «құрсақтағы нәрестені қорғау» бөлімшелері құрылады.

«Облыстық перинаталдық орталықтардағы тиісті бөлімшелер базасында "құрсақтағы нәрестені қорғау" республикалық орталығын құру жоспарланып отыр», — деп денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында хабарлады.

Сондай-ақ 20 ауданаралық ауруханада перинаталдық көмектің үшінші деңгейлі босандыру бөлімшелері ұйымдастырылады. Жалпы, әдіснамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру бөлігінде кейіннен катамнестік бақылауды қамтамасыз ете отырып, шала туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету жетілдірілетін болады. Қазақстан ұрық дамуының туа біткен ақауларын ерте анықтау үшін пренаталдық скринингтің жаңа заманауи әдіснамасына көшеді.

Сонымен қатар пренаталды ультрадыбыстық диагностика функциясы жетілдіріледі. Пренаталды УДЗ диагностикасының қосымша 100 маманын оқыту, сондай-ақ өңірлерді УДЗ сараптамалық сыныбының УДЗ аппараттарымен жарақтандыру жоспарлануда.

Дәрілік заттар айналымын бақылау шеңберінде таңбалау және қадағалау жүйелері енгізілетін болады

Қазақстанда фармацевтикалық өнімді таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіледі. Биыл импортты алмастыруды арттыру шеңберінде мынадай шаралар көзделген: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосу, оның ішінде Big Pharma-ны тарта отырып, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні дамыту, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналысының барлық процестерін цифрландыру, дәрілік заттарды таңбалау мен олардың бақылануын енгізу.

Ол жоғарыда аталған шараларды іске асыру нәтижесінде бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық өндіріс үлесінің 37%-ға дейін өсуі күтіліп отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта ҚР-дағы фармацевтика нарығының жалпы көлемі 765,3 млрд теңгені, оның ішінде отандық тауар өндірушілерде 121,1 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу көлемі 244,9 млрд теңгені, отандық тауар өндірушілерден 90,6 млрд теңгені құрады.

Отандық тауар өндірушілердің саны 88 кәсіпорынды құрайды, оның ішінде: дәрілік заттарды өндірушілер – 32, медициналық бұйымдар мен техниканы өндірушілер – 56. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес Бірыңғай дистрибьютор дәрілердің 91%-ын сатып алды, бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 496 позициясы. Қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына 1 346 позиция немесе 90% түсті. Сондай-ақ 2021 жылы Бірыңғай дистрибьютор жалпы сомасы 33 млрд теңгеге 459 атау бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қорын сатып алды.

МСАК дамытудың басым бағыттары туралы 

Амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер көлемін 1,5 есе ұлғайту жоспарлануда, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді. 

Ол амбулаториялық хирургияның одан әрі дамуын атап өтті, онда биыл көрсетілетін қызметтер көлемін 1,7 есеге және амбулаториялық оңалтудың III кезеңіне ұлғайту көзделген.

«Біз МСАК-ты қаржыландыру үлесін 2025 жылға дейін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Қазірдің өзінде осы көрсеткішті 54%-ға дейін жеткізе отырып, осы мақсатқа қол жеткізуге барынша жақындадық. Бұл бізге МСАК-тың профилактикалық бағытын ұлғайтуға мүмкіндік берді», — деді министр.

Атап айтқанда, 5 мың тұрғынға 1 бригада есебінен мобильді бригадалар енгізілді. Олардың республика бойынша жалпы саны 3,6 мыңнан асады. 2021 жылы мобильді бригадалар шамамен 3 млн қызмет көрсетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.

Сондай-ақ созылмалы инфекциялық емес аурулардың 3 түріне: артериялық гипертензияға, қант диабетіне және созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне байланысты ауруларды басқару бағдарламасымен қамту кеңейтілді. Дистанциялық медицинаны дамытуға көп көңіл бөлінеді. Медициналық қызметтер «дәрігер-пациент» деңгейінде көрсетіледі. 2021 жылы қашықтан 6,5 млн-ға жуық қызмет көрсетілді, оның 1 млн-нан астамы ауыл халқына.

Бастапқы буын қызметін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 500 МСАК нысанының құрылысы жоспарланған. Қазақстанда 5 695 МСАК ұйымы бар екенін естеріңізге саламыз: қалаларда – 501, ауылдарда – 5 194. МСАК ұйымдарында 12 678 учаске жұмыс істейді: оның ішінде ЖПД (жалпы практика дәрігері) учаскелері – 9 636, педиатриялық учаскелер – 1 913, терапиялық учаскелер – 1129.

2021 жылы ауылдық елді мекендерде медициналық нысандарды ашу жоспарлары толық көлемде орындалды

ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының құқықтық мирасқоры «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру қорытындылары туралы баяндады.

Жоба 4 бағыттан тұрады: бірінші бағыт медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға байланысты; екінші бағыт эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруға арналған; үшінші бағыт отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету және төртінші бағыт салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайтуға, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Әрбір бағыт бойынша міндеттері, нәтиже көрсеткіштері және іске асыру іс-шаралары белгіленген.

Ұлттық жобаның екінші бағытын іске асыру барысында Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханалары үшін 3 бірлік жоғары технологиялық жабдық жеткізу қамтамасыз етілді; санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының 13 ғимаратына реконструкциялау жүргізілді; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында зерттеудің 6 әдісі енгізілді және игерілді; санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүйесінің 900 маманы кәсіптік кадрлар даярлаудан және сертификаттау курсынан өтті.

Фармацевтика саласын дамытуға бағытталған үшінші бағыт бойынша 2021 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндірістер саны 2021 жылы 4 бірлікті құрады; ДДҰ бенчмаркингі бойынша ұлттық реттеушінің кемелденуі 2 деңгейге жетті.

«ТМККК және МӘМС шеңберінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлесі жоспарлы 35% мәнінде 37%-ды құрады», — деп баяндады вице-министр.

Ұлттық жобаның төртінші бағыты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. 2021 жылы жастар денсаулық орталықтары 285 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті; 140 мыңнан астам спорт секциялары ашылды; ауылдық елді мекендерде спорт жөніндегі нұсқаушылардың саны 3065 адамға жетті. Бұл ретте 652 балалар-жасөспірімдер клубы және 138 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары 183 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтыды; 115 туристік маршрут құрылды; республика бойынша спорт ғимараттарының саны 41 352 объектіге жеткізілді, оның ішінде 280 стадион, 524 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 360 жүзу бассейні бар.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы

Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жаңартылған болжамын хабарлады.

«Оптимистік сценарийде 2022 жылғы наурызда алдын алу шараларын сақтау арқылы тәулігіне 250 жағдайға дейін болады. Нақты сценариймен 2022 жылдың наурыз айында күніне 310 жағдайға дейін тіркеледі. Пессимистік сценарийде – күніне 360 жағдайға дейін анықталады деп болжанған», — деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Ол алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдерін үнемі жетілдірудің арқасында Омикрон штаммы бесінші толқынының таралу шегі төмендеп, аурудың өсу ұзақтығы бір айға дейін қысқарғанын, ал әлемнің бірқатар басқа елдерінде 2 және 3 айдан астам уақытты құрайтынын атап өтті.

КВИ-мен күрестегі бастысы халықты вакциналау науқаны болды. Бүгінгі таңда 10,2 млн адам вакцинаның бір дозасын алды, бұл жалпы халықтың 53,7% құрайды. Өз кезегінде, 2021 жылдың қарашасынан бастап КВИ-ға қарсы халықты ревакциналау басталды, оны 2,5 млн адам немесе вакциналауға жататын халықтың 56%-дан астамы өтті.

Коронавирус инфекциясымен күресуден басқа, санэпидқызмет табиғи ошақтардағы эпидемиологиялық жағдайдың мониторингін және басқа да жұқпалы ауруларға жедел ден қоюды қамтамасыз етті.

«Сібір жарасын қоспағанда, аса қауіпті инфекциялармен сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ. 33 жұқпалы ауру бойынша аурушаңдық төмендеді», — деп хабарлады Айжан Есмағамбетова.

2021 жылы эпидемиологиялық маңызы бар объектілерге, адамның тіршілік ету ортасының факторларына, өнімдер мен тауарларға мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізілді.

Эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтаудың және коронавирус инфекциясының алдын алудың маңыздылығын ескере отырып, білім беру ұйымдарында эпидемияға қарсы талаптарды сақтауға көп көңіл бөлінді. Денсаулық сақтаудың білім беру объектілерінде эпидемияға қарсы режимнің ғана емес, сонымен қатар жарықтандыру параметрлерінің, жиһаздың балалардың бойы мен жасына сәйкес болмауы бойынша бұзушылықтары анықталды.

А. Есмағамбетова жергілікті атқарушы органдарға, денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшыларына осы мәселені ерекше бақылауға алуды және медициналық ұйымдар мен білім беру объектілерінде эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуын және іске асырылуын қамтамасыз етуді ұсынды. Халықты ревакциналау қарқынын сақтауға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу