Пандемия кезіндегі Еуразиялық одақ елдерінің экономикасы — бейнеконференция байланысы режиміндегі ЕҮАК алғашқы отырысы қалай өтті


 

2020 жылғы 10 сәуірде бейнеконференция байланысы арқылы Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысы өтті, онда COVID-19 пандемиясы жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ЕАЭО шараларын қоса алғанда, бірқатар шешімдер, тапсырмалар және өкімдер қабылданды.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас, Молдова Премьер-Министрі Ион Кику, Қырғызстан Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Дәстүр бойынша Үкіметаралық кеңес отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті. 

Кеңейтілген құрамдағы отырыс СОVID-19 коронавирус инфекциясы пандемиясының өршуі жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданып жатқан шараларға арналды.

ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин хабарлағандай, бүгінде вирусты жұқтырғандар саны 802-ні құрап отыр. Олардың ішінде 60-тан астам адам жазылып шығып, 9-ы көз жұмды. Вирустың таралуы экономикалық дағдарысқа алып келді. Әлемдік және аймақтық экономикалардың көптеген салаларының өсіп-дамуы толық дерлік тоқтатылды. Көптеген салалар рекордты құлдырауды бастан кешуде. Энергетика нарығындағы бағаның құлдырауы ірі шикізат өндірушілеріне жаңа ауқымды қысым жасады. Валюталардың әлсіреуі экономиканың өсуі мен дамуы үшін жаңа кедергілерді қалыптастырды.

«Осы кезеңде Қазақстан аурудың таралуына қарсы күрес және ұлттық экономиканы тұрақтандыру бойынша бірқатар агрессивті шаралар қабылдады. Биылғы 15 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді, елден (елге) шығуға/кіруге шектеу қойылды. Елорданы қоса алғанда, ірі қалаларда қатаң карантин режимі енгізілді. Ішкі және сыртқы авиарейстер, темір жол тасымалдары тоқтатылды, барлық халықаралық және ішкі іс-шаралар кейінге қалдырылды, сауда және ойын-сауық объектілерінің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметі тоқтатылды», — деді А. Мамин. 

Экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау мақсатында мемлекет $13 млрд астам қаражат бөлді. Бірінші кезекте, бұл әлеуметтік әлсіз топтарды қаржылық қолдау, оның ішінде қажетті дәрі-дәрмектермен және азық-түлікпен қамтамасыз ету, банк несиелері бойынша төлемдерді тоқтата тұру, салық және басқа да міндетті төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру. Дағдарыс жағдайында белсенділіктің жеке секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу және бизнесті ауқымды ынталандыру шаралары енгізілді.

Үкімет 250 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасын» бекітті. Аталған шаралар аясында Үкімет жалпы алғанда экономиканың тұрақты өсу серпінін сақтай алады.

А. Маминнің айтуынша, ЕАЭО аясында қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар шок салдарын жеңілдету факторына айналмақ.

«ЕАЭО аясында біз азық-түлік тауарлары мен медициналық мақсаттағы өнімдердің жекелеген түрлерін шығаруға тыйым салдық, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялау құралдарының, диагностикалық реагенттердің, медициналық жабдықтар мен материалдардың жекелеген түрлерінің импортына нөлдік баж салығын белгіледік. Бүгін біз үкіметтер мен ұлттық банктердің пандемия жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шараларының тізбесін қабылдаймыз», — деді А. Мамин. 

Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас бүгінгі бейнеконференция байланысы режимінде өтіп жатқан ЕҮАК отырысының маңызды мәселелерінің бірі — коронавирус инфекциясының таралуына байланысты орын алған жағдайға әрекет етудің бірлескен шаралары және дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі жұмыс екенін атап өтті. Одақ экономикасын едәуір долларсыздандыруға, ЕАЭО нарығы аясында ұлттық валюталарда жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің бағасын аса арттыруға ұмтылуымыз керек. Бұл әсіресе отын-энергетика мен шикізат тауарларына қатысты.

«Бұған дейін кейінге қалдырылып келген мәселелерді шұғыл шешуге дайын болу керек. Пандемия ЕАЭО-да өнеркәсіп және аграрлық өнеркәсіп саласында жалпы саясатты, экономика мен тіршілікті қамтамасыз ету үшін маңызды салаларда импортты алмастырудың бірлескен бағдарламаларын жүргізудің маңыздылығын көрсетті. Ұлттық экономикаларды дамыту жөніндегі таяу арадағы болжамдар негативті екені анық. Бүгінде пандемияны еңсеру үшін мерзім мен құны бойынша нақты баға жоқ. Біз кем дегенде белгілі-бір уақытқа ортақ, дегенмен өзін-өзі қамтамасыз ететін нарық болуға мәжбүр екенімізді жоққа шығармау керек», — деді С. Румас. 

Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Михаил Мишустин азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бүгінгі таңдағы басым міндет екенін атап өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық саладағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтіп, Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде шараларды шұғыл қабылдап, аурудың жаппай таралуына жол бермеу мақсатында озық қадамдар жасау қажет. 

«Екінші міндет – “бестіктің” бірыңғай нарығының, әсіресе өзара саудадағы өнімдерді жеткізу кезінде оның логистикалық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бірқатар шешім қабылданды. Кейбір тауарлар кедендік әкелу баждарын төлеуден босатылады. Бұл дезинфекция және жеке қорғаныс құралдары, диагностика үшін қажетті реагенттер, медициналық жабдықтар мен материалдар. Алғаш рет мұндай тауарларды одақ аумағынан әкетуге уақытша ұжымдық тыйым салынды. Бұл жерде коронавирус инфекциясымен күресу үшін қажетті уақытша шектеулерді енгізу туралы шешімдер барынша тез, екі тәулік ішінде келісілуі үшін алдын ала консультациялар жүргізу тетігі толық жұмыс істеуі маңызды», — деді М. Мишустин.

Сонымен қатар экономмиканы қолдау бойынша күш-жігерді белсендіру маңызды бағыт. 

«Бірлесіп күш-жігер салу арқылы жағымсыз факторлардың ықпалын азайтып, әлемдік нарықтағы айқынсыздық жағдайларында іс-әрекет жасауға үйрену қажет. Егер нақты біздің еліміз туралы айтатын болсақ, онда біз коронавируспен күресуге едәуір қаражатты қамдадық, инфекцияның таралуына байланысты өмір салты өзгерген адамдарға да, кәсіпорындар, компаниялар мен экономика секторларына да көмек көрсетіп отырмыз. Ол үшін дағдарысқа қарсы жоспарды әзірлеп, қабылдадық, атаулы қолдауды көрсету үшін коронавирустан ең көп зардап шеккен салаларды айқындадық», — деді М. Мишустин.

Өз кезегінде Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян туындаған теңдессіз жағдайларда ЕАЭО аясында еркін сауда режимінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін, ЕАЭО ішінде тауарлар мен қызметтердің шектелуіне жол бермеу керектігін атап өтті. ЕАЭО-та жүк көлік байланысының үздіксіз болуы бүгінде Арамения үшін бірінші кезектегі маңызға ие болды. Армения өз мүмкіндіктерінің аясында ЕАЭО бойынша серіктестеріне қолдау көрсетуге әзір, ЕАЭО ішіндегі сауда-саттықта ұлттық валютадағы төлемдердің үлесін едәуір арттыру үшін шаралар қабылдауды жеделдету қажет. 

«Өкінішке орай, біз тікелей рецессия алдында тұрмыз. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес сияқты. Бұл дағдарыстың сценариі қандай болатынын, індеттің қаншаға созылатынын ешкім білмейді. ЕАЭО-та біз індетпен күресуде күш-жігерімізді үйлестіруге міндеттіміз. ЕАЭО ішіндегі сауда-саттықта ұлттық валютадағы төлемдердің үлесін едәуір арттыру үшін шаралар қабылдауды жеделдету қажет. Біз тіпті індет пен үдеп келе жатқан рецессияның салмақты сын-тегеуріні жағдайында да одағымызды нығайтуға тиіспіз. Біз біздің ұйымның өмір сүруге қабілеттілігін, оның дағдарыс кезінде жұмыс істей алатынын дәлелдеп, дағдарыстан кейінгі кезеңде пайда болатын барлық экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға әзір болуымыз керек», — деді Н. Пашинян.

Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев бүгінгі таңда ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің барлығы үшін елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өзара сауданы қажетті деңгейде ұстап тұру маңызды мәселе екенін атап айтты. 

«Орын алған жағдайлар аясында экономикалық белсенділіктің сыни құлдырауын, экономикалық өсім мен өзара сауданың қарқынының күрт баяулауын бақылап отырмыз. Жүктер мен жүргізушілердің қозғалысының уақытша санитариялық-эпидемиологиялық ережесін қабылдау бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуді ұсынамын, өйткені көптеген елдердің мысалында біз бұл ереженің әлемдегі халықаралық саудаға қалай ықпал ететінін көрдік. Біздің бүкіл экономикалық сауда жүйесі, біздің интеграцияның экономикалық жағдайы осы логистикалық рәсімдердің жылдамдығы мен тауарлардың қозғалысының уақытына байланысты. Коронавирус инфекциясының ықпалына байланысты орташа мерзімді кезеңге болжам әзірлеп, індеттің жағымсыз салдарын жеңу бойынша шараларды әзірлеу қажет», — деді М. Абылгазиев. 

Молдова Премьер-Министрі Ион Кику бүгінде елде бюджетке түсімдердің 45%-ға төмендегенін айтты. Молдавада төтенше жағдай режимі 17 наурыздан енгізілген. Бұл елде 1300-ге жуық ауру тіркелген. 

«Әзірге бізде валюта нарығындағы жағдай тұрақты, бірақ онда да мәселелер бар екені түсінікті. Біздің өлшеміміз бойынша ауқымды сома жұмыссыздарға көмек көрсететін қорға бөлінді, қазір біз өзін тіркеген әрбір адамға шамамен $150 қаражат береміз. Бұл мыңдаған жүгіну, оның ішінде елге қайтатындар бар. Бұл шаралар арқылы біз салдарын амортизациялауға тырысамыз», — деді И. Кику.

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық комиссияның өз қызметін қайта құрғанын жеткізді, ол күш-жігерін өзара саудада күн сайын туындайтын өзекті мәселелерді реттеуге, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясына қарсы күресу бойынша үкіметпен бірлескен шараларды әзірлеуге бағыттайды. 

«Азық-түлік және сұранысы жоғары тауарлар нарығындағы жағдайға күн сайын мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар “сезімтал” тауарлар тобы бойынша ЕАЭО-дан тысқары экспортқа уақытша шектеулер енгізілді. Ұсынылған шаралар екі бөлімге топтастырылды», — деді М. Мясникович.

Бірінші бөлім — бұл тұрақтандыру сипатындағы шұғыл уақытша шаралар пакеті. Ол індеттің алдын алу және салдарын азайту бойынша санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды жүргізу кезінде тиісті өкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды, оның ішінде азық-түлік нарығының жұмысы бойынша кеңес беру, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу арқылы ұйымдастыру қарастырылады. 

«Оның ішінде аса маңызды тауарлар импорты үшін “жасыл дәліз” құру, экономиканың жекелеген салалары үшін тауарлар мен материалдарды тасымалдау салығын уақытша төмендету немесе алып тастау, көлік пен жүк тасымалының жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету қарастырылған», — деді М. Мясникович.

Екінші бөлім — бұл қалпына келтіру үшін жағдайлар тудыруға және одан арғы экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі сипаттағы шаралар. Ол макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарықтары мен төлем жүйелерінің жұмысының тұрақтылығын, нақты секторды қолдауды қарастырады. 

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша COVID-19 пандемиясы жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ЕАЭО шараларын қоса алғанда, бірқатар шешімдер, тапсырмалар және өкімдер қабылданды.

Құжат тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық қолайлылығы саласында өкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейтуді, кедендік рәсімдерді жеңілдетуді, үшінші елдерге аса маңызды тауарлардың экспортына бірыңғай уақытша шектеулер енгізуді, сауданы және қолма-қол ақшасыз төлемдерді цифрландыруды ынталандыруды, вирусқа қарсы препараттар мен вакциналар жасау, олардың жаппай өндірісін жолға қою жөніндегі бірлескен іс-шараларды және басқа да шараларды қарастырады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу