Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту назардан тыс қалмайды – Мәдениет және спорт министрі

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет, архив және баспа ісі салаларына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Сондай-ақ отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Парламентінің, ҚР Үкіметінің өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері және т.б. қатысты. 

ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2022 жылғы жұмыс қорытындысы туралы айтып, 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.  

Ол ведомство алдында заманауи мәдениетті қоғам қалыптастыруда, ұлт руханиятын ұлықтап, ұлттық дәстүрді насихаттау, ұрпақ санасына сіңіруде ауқымды жұмыстар тұрғанын айтты.

Бүгінде еліміздің мәдени саясатын жетілдіру – басты стратегиялық мақсаттардың бірі болып отыр. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын өзектендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің Сайлауалды бағдарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалды және мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылды.

«Сол үшін Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласын дамыту ісінде төл мұраларымызды терең зерттеуді, оны қалың көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа дәріптеуді, бірегей рухани құндылықтарымыз арқылы әлем бедерінде өзіндік орнымызды алуды көздейді», — деді Асхат Оралов.

Бұл ретте межеленген жұмыстарды бірнеше бағыт бойынша жүргізу қолға алынды.

Бірінші. Ортақ құндылықтар мен мәдениетті дамыту. Жалпы құнды жәдігерлер, бағзыдан бүгінге байлық боп жеткен тарихи-мәдени мұралар – мемлекеттің асыл қазынасы. Оларды көздің қарашығындай сақтау, зерттеу, қайта қалпына келтіру маңызды мәселе. Бұл бағытта елімізде елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар мен археологиялық зерттеулердің үздіксіз жүргізіліп келе жатқанының арқасында музей қорлары тұрақты түрде жаңа экспонаттармен толығып келеді. Мысалы, былтыр 18 археологиялық зерттеу жасалып, 30-ға жуық ескерткіш қайта жөнделді.

Оған қоса архившілер тарихи құжаттарды түгендеу мақсатымен өткен жылы елімізге 7000-нан астам құжатты шет елдерден әкелді. Ол құжаттарда арғы-бергі тарихымыздан сыр шертетін құнды деректер жеткілікті екені анық.

«Архив – ұлттың жады», «Музей – ұлттың мерейі» дейтін болсақ, осы құнды жәдігерлерімізді тауып, танып, таныту – алдымызда тұрған аса маңызды міндет.

Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығаруға және еліміздің барлық өңіріндегі кітапханаларға таратуға ерекше мән береді. Мысалы, 2022 жылы 506 мың дана кітап өңірлерге таратылды. Кітапхана қорын құнды кітаптармен толықтыру – мәдени саясаттың маңызды өзегі. Осы бағытта «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы қолға алынды.

«Қазақстан кітапханалары азаматтар үшін білімге еркін қол жеткізетін, әрі олардың мәдени сұраныстарын қамтамасыз ететін заманауи форматтағы көпфункционалды ақпараттық-демалыс орнына айналуы тиіс», — деді мәдениет және спорт министрі.

Екінші. Қазақ мәдениетінің қара шаңырағы саналатын өнер ордаларына халықтың қолжетімділігін арттыру. Бұл ретте бірегей өнер ордасы – театр ғимараттарын салу мен қалпына келтіру мәселесіне де айрықша мән беріледі. Кейінгі жылдары Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың жаңа ғимараты салынды. Түркістанда жаңа музыкалық-драма театрының ғимараты бой көтерді. Сондай-ақ былтыр Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыка-драма театрының жаңа ғимараты ашылды. Бұл өнер ордасы тәуелсіздік жылдарында осы өңірде салынған алғашқы театр болғанын ерекше атап өткен жөн.

Үш жылдан кейін, яғни 2026 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығы аталып өтіледі. Осыған байланысты сахна өнерінің қара шаңырағын қалпына келтіру жұмысын 2025 жылға дейін бітіру көзделген. Сонымен қатар еліміздің бірқатар мәдени ошағындағы құрылыс, қалпына келтіру жұмыстары басты назарда болмақ.

Сондай-ақ «Ордабасы», «Сауран», «Сарайшық» және «Есік» визит-орталықтарының, Астанадағы «Бозоқ» ұлттық паркінің құрылысын аяқтап, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын одан әрі жаңғырту қамтамасыз етілмек. 

Ведомство алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағат жанынан мұрағат қоймасын салу. Орталық мемлекеттік мұрағаттар қоймасын кеңейту – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау және оған қосылу мүмкіндігі. Мұрағат саласындағы өзекті мәселе бүкіл ел бойынша мұрағат қоймаларының жүктелуі болып табылады. Мәселен, бүгінгі таңда 500 мың сақтау бірлігіне арналған 20-ға жуық мемлекеттік мұрағат ғимаратын салу қажеттілігі бар. Бұл бастама ведомствоаралық жұмыс пен үйлестіруді талап етеді.

«Биыл негізгі міндет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, үлгілік жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу болып табылады», — деді Асхат Оралов.

Жоғарыда аталған шаралардың барлығы Қазақстан халқының мәдени сұранысын қанағаттандыруға, рухани дамуына жауап беруге, сондай-ақ, отандық бірегей құндылықтарымызбен мақтана алатындай деңгейге жеткізуге бағытталған.

Үшінші. Мәдени өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі ауқымды ірі жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен өнер қайраткерлеріне арналған «UMAI» ұлттық сыйлығы және композиторлар арасында республикалық «DALA DAUYSY» байқауы өткізілді. Бұл бірегей жобалар ұлтымыздың ат үстіндегі айбынды рухын көтеретін құнды шығармалар мен үздік туындыларды қолдауға бағытталған. 

Сонымен бірге тарих тереңінен бастау алған ұлттық мәдениетіміздің төресі, рухани кодымыздың бірегейі – күйдің құдыретін ескеріп, «Шертпе күй» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі, Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың республикалық конкурсы сияқты ауқымды байқаулар өткізілді.

Ерекше атап өтетін жайт, «Ұлттық» мәртебесі тағайындалған 5 мәдениет ұйымы қызметкерлердің айлық жалақысы 1,75 коэффициентке өсті.

Биыл да сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту назардан тыс қалмайды. Шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлер, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру жоспарланып отыр. Осы орайда, заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті.

Төл әдебиетімізді жаңа дүниелермен толықтырып, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайту, отандық әдебиетке, баспа ұйымдарына тың серпін беруді көздейтін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды.

«Бұл бастамалардың бәрі отандық өнерге, мәдениет пен әдебиетке тың серпін сыйлаған жобаларға айналды. Рухани қазынамыз көптеген жаңа туындылармен толықты. Ендігі кезекте осы игі дәстүрді одан әрі өрістету мақсатымен биыл жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз», — деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалып отыр.

Сонымен қатар мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумы ұйымдастырылады. Бұл сала мамандарының біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибелерді игеруіне мүмкіндік береді.

Асхат Ораловтың пікірінше, осы айтылған жұмыстардың жоғары деңгейде жүзеге асуына зиялы қауымның белсенді қатысуы өте маңызды. Қоғам мен жастардың тәрбиесінде аға буынның атқаратын рөлі зор, алатын орны ерекше. Ұлт руханиятын жаңғыртуда ұрпақтар сабақтастығы өте маңызы.

Бұл орайда ол қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде қалдыруымыз қажет екенін атап өтті.

Сондықтан биыл өнеріміз бен мәдениетімізге қалтқысыз қызмет еткен бірнеше тұлғаның ғасырлық мерейтойын ескере отырып, «Тағылымға толы ғасыр» атты арнаулы жоба ұсынылды. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасы дәріптеліп, насихатталады. Мәдениет және спорт министрі оның қалың көпшіліктің мәдени игілігіне жарайтын ізгі жобаға айналатынына сенім білдірді. 

Келесі міндет – еліміздің бірегей мәдени мұрасын әлемдік кеңістікке интеграциялау.

Осы ретте Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей нысандарын ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне номинациялау бойынша жұмыстар жалғасын табуы тиіс.

Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды шетелдік архивтерден алып, елімізде ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жалғасын табады.

Ұлт мәдениетін әлемге насихаттауда шет мемлекеттерде Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу, биеннале, халықаралық үздік өнер көрмелеріне қатысуына қолдау көрсету жалғасады. 

Сондай-ақ ел аумағында жоғары деңгейдегі халықаралық конкурстар мен фестивальдер ұйымдастырылатын болады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «креативті индустрияның қазіргі әлемде маңызды рөл атқаратындығын» ерекше атап өтті. Сайлауалды бағдарламасында креативті саланы дамыту бойынша нақты тапсырма берілді.

Биылдан бастап республикада креативті индустрияны дамытудағы уәкілеттілік Мәдениет және спорт министрлігіне берілді. Нарықта креативті субъектілерді қолдау арқылы әлемдік сахнада мәдениетті жаңаша бағытта дамыту көзделген.

«Аталған айтулы міндеттер мен асқақ мақсаттарға бірге күш жұмсағанда ғана жетуге болады. Қоғамның тамырын тап басатын тың туындылардың жазылуына жол ашу, талантты өнер өкілдерін іргелі істерге жұмылдыру – біздің басты міндетіміз», — деп түйіндеді Асхат Оралов.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде отандық мәдениет, архив және баспа ісі саласында өткен жылы атқарылған шаралар туралы вице-министр Нұрғиса Дәуешов баяндады. 

Мәдениет саласы

Елімізде жалпы 25 мыңға жуық тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енген 10 ескерткіш, 12 мыңнан астамы республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. 2022 жылы көне тарихтың көзіндей болған ескерткіштерге тиісті деңгейде жаңарту жұмыстары жүргізілді.

«Атырау облысында «Сарайшық» сапар орталығының құрылысы аяқталды. Жұмыс жоспарына сәйкес, елорда жанындағы «Бозоқ» қалашығының орта ғасырлық сәулет стиліндегі құрылысы басталды», — деді Н. Дәуешов.

Жалпы, республика бойынша 130-ға жуық ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстар жүзеге асырылды. Оның ішінде Ақыртас кешені, Жаркент мешіті, Бөкей Ордасы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі, Бекет ата жер асты мешіті секілді республикалық деңгейдегі объектілерге ғылыми-реставрациялық жұмыстар және Есік, Ботай қонысында, Берел, Бозоқ, Сарайшық ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш жылға жоспарланған бағдарлама шеңберінде Отырар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары нәтижелі аяқталды. Қалашық көлемінен табылған ортағасырлық «Ханака» нысаны  және тағы да басқа құнды дүниелер үлкен археологиялық табыс болып саналады. 

Жылдың айшықты оқиғалары

– Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Мемлекет басшыларының қатысуымен Бішкек қаласында ашылған Абай Құнанбайұлының ескерткіші;

– Президент Әкімшілігінің тікелей қолдауымен Ұлытау өңірінде 30-ға жуық қазақстандық, Еуропа, АҚШ, Ресей, Қырғыз Республикасы және Түркия зерттеуші-ғалымдары баяндама жасаған «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы»   ауқымды ғылыми-практикалық конференция.

Материалдық емес мәдени мұраға қатысты да әлемдік деңгейде жаңалық орын алды. Төл мұрамыздың қос элементі «Ортеке» ұлттық биі мен «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізілді.

Жалпы еліміздегі музейлер қорынан 8 мыңға жуық көрме (36-сы халықаралық) ұйымдастырылды. Оның ішінде, 216 көрмені республикалық музейлер жүзеге асырды. Халықаралық АРТ-ЭКСПО, 4 бірдей арт-симпозиумдардың қорытындысында республикалық музейлер қоры қолөнер және заманауи өнер туындыларымен толықты.

Мәдениетті қолдау аясында Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының Өкімімен 75 әдебиет және өнер майталманына мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия табысталды.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресей Федерациясының Астрахань, Қазан өңірлерінде, Мәскеу қаласында және Беларусь астанасы Минск қаласындағы Беларусь Республика сарайында Қазақстанның мәдениет күндері өтті.

Бұл ретте вице-министр «Рухани қазына» фестивалін өткізген Түркістан облысының, Республикалық ономастика семинарын атқарған Ақтөбе облысының, Мәдениет форумын жоғары деңгейде өткізген Алматы қаласы әкімдіктерінің Мәдениет басқармаларына алғыс білдірді. 

Сонымен қатар мәдениет саласын дамыту жоспарында үлкен жетістік деп бағаланған жобаларды абыроймен атқарғаны үшін М. Әуезов атындағы, Қ. Қуанышбаев атындағы драма театрларының, Құрманғазы оркестрінің, Ұлттық музейдің, Жамбыл филармониясы мен «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының басшылығы мен ұжымына ерекше ризашылығын білдірді.

Ірі іс-шаралар қатарында отандық суретшілер арасында «Ұлттың ұлы ұстындары», жас пианистердің «Astana Piano Passion» сынды жаңа республикалық байқауларды ерекше атап өткен жөн.

Оның айтуынша, дәстүрлі халықаралық және республикалық іс-шаралар бойынша Роза Бағланова атындағы вокалдық және Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың конкурстары, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы, «Опералия», Қазақстан драма театрлары мен Орта Азия елдері театрларының, отандық музей, кітапхана, мәдениет үйлері мен клубтар және олардың қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына» фестивалдері табысты өтті.

Жалпы ел бойынша өткен жылы 130-дан астам халықаралық және республикалық конкустар мен фестивальдар ұйымдастырылды, оның ішінде 24-ін Мәдениет және спорт министрлігі, ал 106-сын жергілікті әкімдіктер ұйымдастырды.  

Сондай-ақ ауқымды әрі тың жобаларды жүзеге асырудың тиімді механизмі іске қосылды. Жобаларды жүзеге асырудың жаңа тетігіне сәйкес, ұйымдастыру жұмыстары ведомствоға бағынысты мекемелерге жүктелген еді. Мекеме басшылығы мен ұжымы осы жауапты міндеттемелерді абыроймен атқарды.

Осы бірегей ауқымды мәдени жобалардың нәтижесінде барлық өңірлерден жалпы ұйымдар мен жеке тұлғалардан 1300-ге жуық өтінім түсіп, 125 номинация бойынша жүлделі орындар өз иесін тапты. Нұрғиса Дәуешов жүлдегер атанған, жобаларға белсенді қатысқан Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарына және Солтүстік Қазақстан облысының «Sensіtive» ерекше жандар театры ұжымының қызметі үшін Мәдениет және спорт министрлігінің атынан алғысын білдірді.

2022 жылы театр саласында да жетістіктер аз болған жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттік театрларда көрермен назарына ұсынылған 13 мыңнан астам қойылымның, 339-ы жаңа туындылар. Соның ішінде, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының «Оян қалыңдық», елімізде ең жас театры Түркістан облыстық театрының «Бөрте», Қ. Қуанышбаев атындағы  музыкалық драма театрының «Бала мерген», Ақмола облыстық орыс драма театрының «Көксерек», «Астана балет» театрының «Жібек жолы», Қарағанды облысының қазақ театрының «Текебұрқақ», Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының «Алаш жолы» қойылымдары қалың көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Кинематография

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанынан көптен күткен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылып, аз уақыт ішінде 20 анимациялық жоба жарық көрді. Анимациялық туындылар – заманауи талапқа жауап беріп, жас буынның сұранысын қанағаттандыратын, кішкентай көрермендерге арналған контент бағытындағы вакуумды толтыратын аса қажетті шығармашылық құрал. Жалпы есепті кезеңде мемлекет тарапынан 50 киножобаға қаржылық қолдау көрсетілді.

Тұңғыш рет мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу арқылы әлемге әйгілі «Disney» студиясының «Аватар», «Қара қабылан: Ваканда жасасын!», «Аватар. Су жолы» фильмдерінің қазақ тіліне аударылып, көрермен назарына ұсынылды.

Қазақстандық дубляж саласының жетістігіне баланған кинотуындылардың қазақша нұсқасын тамашалау қоғамдық челленджге айналды. Соның нәтижесінде «Аватар. Су жолы» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 

«Ұлы Дала таңы», «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Алға», «Схема», «Мұқағали», «1941 жылдың жазы», «Соқыр махаббат», «Хирург», «От», «Өмір», «Адам және алма» фильмдерінің премьералары жарық көрді.

Әлемнің 13 елінде Қазақстанның кино күндері ұйымдастырылды.

Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Токио халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер», Бразилиядағы «Olhar de Cinema» кинофестивалінде «Үздік фильм» атанды;

Фархат Шариповтың «Схема» фильмі 72-ші Халықаралық Берлин кинофестивалінде «Дженерейшн» бағдарламасының бас жүлдесін, Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» әлеуметтік драмасы Берлин кинофестивалінің «Панорама» бағдарламасында «Көрермендер көзайымы сыйлығына» ие болды;

Әмір Байғазиннің «Өмір» фильмі «ОСКАР» сыйлығының «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылды.

Мәдениет және өнер саласындағы білім беру қызметі

Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігін бағынысты 10 оқу орнында 9 721 оқушы/студент білім алуда.

Бүгінгі күні жастар тарапынан шығармашылық мамандықтарға қызығушылық артып келеді. 2022 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда түлектер өтінімдерінің саны 30%-ға өскен.

Мәдениет және спорт вице-министрі былтыр «ҚазМұнайГаз» демеушілігімен шығармашылық бағыттағы 4 колледжге Жаңаөзен қаласының 12 түлегі оқуға түскенін тілге тиек етті. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 2 365 білім гранты бөлініп, 1 323 оқушы халықаралық және республикалық конкурстар мен түрлі олимпиадалардың жеңімпазы атанды.

Ономастикалық мәселелер бойынша облыс, қала, аудан атауларының тек мемлекеттік тілде жазылуына байланысты «Тіл туралы» Заңның 19-бабына өзгерістер енгізілді. Жыл бойы ономастикалық мәселелер бойынша комиссия отырыстарында 606 ұсыныс қаралды. Идеологиялық тұрғыдан ескірген 68 елді мекен, 572 құрамдас бөлік атауы өзгертілді.

Архив саласы 

Архивтер Қазақстан халқының тарихи-құжаттамалық мұрасына жатқызылған Ұлттық архив қорының құрамына кіретін деректер көздердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік архивтерде сақталатын архивтік құжаттардың көлемі 25 млн-нан астам сақтау бірлігін құрайды (ҚР Президентінің архиві мен арнайы мемлекеттік архивтерді есептемегенде), жыл сайын орта есеппен 400 мыңға дейін іспен толықтырылып отырады. Республиканың мемлекеттік архивтері осы құжаттардың тұрақты сақталуын, олардың пайдаланылуын және зерттеушілерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жылына жүз мыңдаған отандасымыз бен шетелдік азаматтар мемлекеттік архивтердің қызметтерін пайдаланады.

2022 жылы 458 957 заңды және жеке тұлғалардың сұраныстары орындалды (2020 – 461 832, 2021 – 493 222) және оқу залдары арқылы зерттеушілерге 1 млн-нан астам іс берілді.

Халыққа архив көздерін танымал ету, оларды архив қорларының құрамы мен мазмұны туралы ақпараттандыру мақсатында 2022 жылы архившілер 5 300-ден астам ақпараттық іс-шара жүргізді (2020 ж – 5 414, 2021 ж – 5 206).

Архив саласын қаржыландыруды ұлғайтудың арқасында соңғы екі жылда архив құжаттарын цифрландыру және сақтандыру қорын құру үшін 1000-нан астам жаңа техника алынды. Бұл архивтік құжаттарды цифрландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Мысалы, былтыр цифрландырылған құжаттардың көлемі 3,7%-дан 6%-ға дейін ұлғайды. Барлығы 1 млн 300 мыңнан астам сақтау бірлігі цифрландырылды, бұл 317 млн парақты құрайды.

«Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2022 жылы архив ісі саласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 4 қаулысына, 15 салалық бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгеріс өңірлердің сұранысына сәйкес жүзеге асырылып отыр», — деді мәдениет және спорт вице-министрі.

Сондай-ақ «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» салалық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді.

Мемлекеттік архивтердің басшылары мен мамандары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына мамандықтар тізбесін кеңейту және еңбек өтілі бойынша талаптарды қысқарту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Архив – 2025» жобасы шеңберінде республикалық архивтердің ғылыми экспедициялары 2022 жылы 14 шет елде анықтау жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві жанынан ғылыми-зерттеу және жариялау қызметін кеңейту мақсатында Перспективалық зерттеулер орталығы құрылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві жанындағы Мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығында 2022 жылы 177 маман біліктілігін арттырды.

Былтыр атқарылған жобалардың ішінен «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасын ерекше атап өткен жөн (21 қыркүйек). Бұл күні балалар мен жастардың қатысуымен түрлі сипаттағы 552 іс-шара өткізіліп, 11 500-нан астам адамды қамтыды. Бұл жобаны биыл да жалғастыруды көздеп отырмыз.

Мәдениет және спорт министрлігінің Архив ісін жетілдіру бағытындағы жұмысы алдағы уақытта да өз жалғасын табаады.

Баспа ісі

Баспа ісі саласында 2022 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Қоғамдық маңызы бар 188 кітап 506 мың данамен басылып, барлық облыстық, аудандық кітапханаларға таратылды.

Атаулы күндер мен мерейтойларға орай былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына 12 томдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына 5 томдығы басылып шықты. Аталмыш бағытта Роза Бағланова, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықов, Асанбай Асқаров сияқты біртуар тұлғалар туралы еңбектер жарық көрді. Қаламгерлерді қолдау, қаламақы төлеу, жаңа туындылардың жарыққа шығуына, таралуына қолдау мақсатында 48 автордың қолжазбасы сатып алынды.

Ведомство еліміздің әдебиет саласындағы мемлекеттік қолдау тетігін одан әрі жетілдіруде 2022 жылы бірқатар жобаларды қолға алып, жүзеге асырды.

Сонымен қатар 2022 жылы Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградаларды пайдалану саласы бойынша да бірқатар ілкімді істер жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның екі отырысы өтті. Комиссияда ведомстволық наградаларды тағайындау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі жұмыс тәжірибелері қаралды.

Осы сала бойынша 2022 жылы бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп,  Астана, Алматы және Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанынан мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ереже бекітілді.

2. Тіл саласы мамандарын ынталандыру мақсатында тұңғыш рет «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық наградасы қолданысқа енгізілді (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынды).

Сондай-ақ «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» (ҚР Сауда және интеграция министрлігі), «Үздік цифрландырушы» (ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) ведомстволық наградалары қабылданды.

3. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» 372-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл 3 мың АЕК дейін және қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзімі 900 сағатқа дейін көбейтілді.

2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойы атап өтілді. Былтыр жалпы республика бойынша 5000-нан аса әртүрлі форматтағы іс-шара өткізілді. Іс-шаралар 4 млн-нан астам адамды қамтыды. 4 маусым күні республика бойынша бір уақытта сағат 10.00-де Мемлекеттік Гимн орындалды. Астана қаласындағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік ту тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына және «Балалар жылының» аясында 2022 жылғы 21 желтоқсанда республикалық жас патриоттар форумы өтті.

«Бұл өскелең ұрпақты ынталандыруға, олардың бойында отансүйгіштік сезімін сіңіруге бағытталған іс-шараға айналды. Жас буынды эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеу – болашақ қоғам сапасының басты алғышарты», — деді Н. Дәуешов.

Сондай-ақ ведомствоның алқа мәжілісінде Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры директоры Айболат Жаудыр баяндама жасады.

Қаллеки театрының шығармашылық тарихы Тәуелсіздік алған жылдармен бірге қалыптасып, бірге дамып келеді. Бүгінгі күнде театр 30 жылдай Астана қаласы әкімдігінің құрамында, 3 жылдан астам уақыт республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына ауысып жұмыс істеп келеді.

2022 жылдың нәтижесі бойынша 5 қойылымның премьерасы көрерменге ұсынылды: «Дон Кихот» және «Баян сұлу-қозы көрпеш» қойылымдары республикалық бюджет субсидиясы есебінен, ал «Хат», «01», «Бала мерген» қойылымдары театрдың өз табысынан сахналанды.

Сонымен қатар бюджетте бөлінген қаражат шеңберінде 2022 жылдың 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында жаңадан құрылған Абай облысының орталығы Семей қаласына гастрольдік сапар өткізілді.

Республикалық бюджеттен дыбыс, жарық жабдықтары мен музыкалық аспаптарды, дыбыс жазу студиясы мен синхронды аударма, оркестр мен халық аспаптар ансамблінің киімдерін сатып алу үшін қаржы бөлінді.

Жыл бойы кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша да іс-шаралар жүргізілді.

А. Жаудыр өткен жылы театр бірқатар фестивальдерге қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

13-20 наурыз аралығында «27 наурыз – Халықаралық театр күніне» орай «Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығы ұйымдастырылып, театр сарапшылары мен көрермендер назарына театрдың 2021-2022 жылдары сахналаған жаңа қойылымдары ұсынылды.

О. Бөкей «Ұйқым келмейді» драмасының режиссері Бәзіл Сұлтанғазы Ақтөбеде өткен V Халықаралық «Balausa» экспериментальды театрлар фестивалінде «Қадыр Рахымбайұлы Жетпісбай атындағы арнайы жүлдеге» ие болды.

Х. Алтай, Х. Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» қойылымы Астана қаласында өткен Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» номинациясына ие болды. Режиссері – Фархат Молдағали.  

Әйгілі режиссер, Халық Қаһарманы Ә. Мәмбетов сахналаған театр репертуарындағы «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы Астана қаласында өткен Әзірбайжан Мәмбетовтың 90 жылдығына арналған  «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалінде арнайы көрсетіліп, фестиваль шымылдығын түрді. Осы фестивальде актер  Жасұлан Ерболат «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасындағы Қарабай рөлі үшін  «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын, Баян рөлі үшін жас актриса Ақниет Орынтай «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясын иеленді.

Алматы қаласында өткен Орталық Азия елдерінің VIІI Халықаралық театр фестивалінде М.Сервантестің «Дон Кихот» трагикомедиясы үшін режиссер Әлібек Өмірбекұлы «Үздік сценографиялық шешім» номинациясына, актер Нұркен Өтеуіл Санчо рөлі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болды.

Оған қоса «Қазақстан театрлары – 2022» мониторинг нәтижесінің қорытындысы мен «Театр сыншылары бірлестігі» шешімімен «Дон Кихот» трагикомедиясы «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының «Жыл спектаклі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Театр ұжымы 18-23 қазан аралығында көрнекті театр және кино актрисасы, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ республикалық фестивалін өткізді.  

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры директоры Айболат Жаудырдың айтуынша, театрда мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар да өткізілді.

2022 жылы қараша айында Қырғыз Республикасы Президентінің қатысуымен Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері, желтоқсан айында Өзбекстан Республикасы Президентінің қатысуымен Өзбекстанның Қазақстандағы Мәдениет күндері өтті.

Театрға ауқымды республикалық «Dala dauysy» конкурсын ұйымдастыру жұмыстары да тапсырылып, желтоқсан айында жоғары деңгейде өткізілді.      

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу