Волонтерлер жылы қалай өтуде, отандық БАҚ-қа қандай қолдау көрсетіледі және азаматтық қоғам қалай дамиды — А. Балаева халық алдында есеп берді

Халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева биылғы 5 айдағы жұмыс қорытындысы мен алдағы негізгі міндеттер туралы айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі идеологиялық бағыттың бес ірі саласына жауап береді. Бұл — ақпарат, азаматтық қоғам, ұлтаралық қатынастар, дін және жастармен жұмыс салалары.

Тұтастай алғанда Министрліктің қызметі ақпараттық-идеологиялық жұмыс саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі контурларын айқындайтын бағыттардың кең спектрін қамтиды.

 

Азаматтық қоғам 

Бүгінгі таңда министрлік азаматтық қоғамды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан саясат шеңберінде үш бағытта бірқатар жүйелі шара қабылдауда — дамудың институционалдық негіздерін құру, өзара іс-қимылдың диалогтық форматын құру және үкіметтік емес ұйымдардың тұрақтылығын арттыру.

Жүйелі негізде «ASAR» үшжақты әріптестік платформасы, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі, қоғамдық кеңестер мәжілісі сияқты тұрақты алаңдар жұмыс істейді. 2020 жылғы қарашада Қазақстанның IX Азаматтық форумын өткізу жоспарлануда.

Үкіметтік емес сектор — әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді серіктесі. Осыған байланысты Министрлік ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту арқылы оның тұрақтылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Мысалы, 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру 9 еседен астам өсті.

Мемлекеттік тапсырыс аясында биыл мемлекеттік органдар жалпы сомасы 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Азаматтық қоғамның жүйелі дамуын қамтамасыз ету үшін Министрлік үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуымен кешенді шаралар әзірледі және қазіргі уақытта мемлекеттік органдар келісімінде тұрған 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасына енгізілді.

Аталған тұжырымдама шеңберінде азаматтық дамудың институционалдық негіздерін құру үшін жүйелі шаралар көзделген. Ең алдымен, бұл қоғамдық кеңестер, еріктілік, қайырымдылық, медиация, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы нормативтік актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша заңнамалық бастамалар. Оларды әзірлеуге үкіметтік емес сектор мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері тартылған.

Волонтерлер қозғалысын дамытуға, әсіресе, пандемия кезеңінде, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың биылғы жылды Волонтерлер жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы үлкен серпін берді.

«Birgemiz» республикалық фронт-офисінің қамқорлығымен волонтерлік штаб құрылды, «сенім телефондары» ашылды, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына нақты көмек көрсететін 40 мыңға жуық ерікті тартылды. Нәтижесінде төтенше жағдай кезінде елімізде қиын жағдайға тап болған 1 млн-ға жуық азаматқа көмек көрсетілді. Олар — соғыс және еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттар, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар.

Еріктілер жұмысын одан әрі жүйелі дамыту үшін өңірлік деңгейден республикалық деңгейге дейін бірыңғай вертикаль қағидаты бойынша волонтерлік инфрақұрылым құрылды.

Қазіргі таңда ҮЕҰ-мен бірлесіп тиісті заң жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында адамдарды волонтерлік қызметке тарту үшін практикалық тетіктер ойластырылады.

Сонымен қатар биыл 7 қазақстандықты БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеу үшін еріктілер ретінде жіберу жоспарланып отыр. Қазақстанның дамуына және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге үлес қосқан үздік еріктілер мен бастамалар «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығымен марапатталады.

Әрине, 1 жыл ішінде еріктілікті дамыту үшін барлық бастаманы аяқтау қиын, бірақ ол әрі қарай жүйелі дамудың алғашқы кезеңі саналады.

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және ақпарат қолжетімділігі 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы қазір қоғамда ерекше қолдау тапты. Оның аясында осы уақытқа дейін үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, Министрлік басшылығының азаматтарды тұрақты түрде қабылдауы мен олардың өтініш-тілектерін бақылауға алу ісі бір жүйеге келтірілген. Министрдің жеке блогы да үздіксіз қызмет атқарады.

Сонымен қатар барлық мемлекеттік органда қоғамдық және онлайн қабылдау орындары ашылды. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары біріктіріліп, азаматтардың өтініші түсетін тұтас платформа жасалды.

Барлық өңірде «109» байланыс орталықтары жұмыс істейді, әкімдіктерде «бір терезе» принципімен қызмет көрсететін фронт-офистер ашылды. 

Бүгінде Министрлік Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын енгізуде. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың қызмет көрсету сапасын арттыру мен азаматтық қоғамның шешім қабылдау үрдістеріне қатысу белсенділігін арттыру үшін қажет.

Ақпарат бойынша заң жобасына бірқатар өзгеріс әзірленді. Олардың негізгі міндеттері:

  • мемлекеттік органдардың осы бағыттағы құзыреті;

  • азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігі туралы Президентке есеп беру мәселесі;

  • әрбір мемлекеттік органда аталған бағытқа жауапты қызметкерді тағайындау мәселесін және басқа да өзекті шараларды заң жүзінде бекіту.

Сонымен бірге халықты шешім қабылдау үрдістеріне тарту үшін басқарудың ашық моделі жасалды. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдарға қарасты көптеген мекеме осы модельмен жұмыс істеуде. Мәселен, 100-ден аса ұйым «Ашық диалог» порталында бірінші басшыларының блогын ашып, порталда көптеген ашық мәлімет жариялана бастады.

 

2020 жылы мемлекеттік БАҚ-тың Бірыңғай порталы іске қосылады

Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарында бірқатар тұжырымдамалық тәсіл нақты айқындалған. Атап айтқанда:

  1. отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

  2. адами капиталды дамыту;

  3. ақпарат саласын құқықтық реттеуді жетілдіру.

Отандық БАҚ-тардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде отандық БАҚ-тарды мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралады.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты оның тиімділігі мен сапасын бағалауды енгізе отырып, республикалық және өңірлік деңгейде орналастырудың бірыңғай жүйесі құрылады. Отандық баспа БАҚ-ты қолдау, цифрлық радиохабар мен интернет телевидениені дамыту, тауашалық телеарналар құру, ақпарат саласындағы мемлекеттік ұйымдарды оңтайландыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылады.

Адами капиталды дамыту жөніндегі бағыт шеңберінде тәлімгерлік институтын дамыту, оқыту курстарын ұйымдастыру, БАҚ-тың жас қызметкерлері үшін гранттық бағдарламаны іске қосу жолымен білім беру бағдарламаларын жетілдіру және кәсіптік даму арқылы БАҚ саласының кадрларын даярлау жүйесі қайта қаралады.

Ақпарат саласын құқықтық реттеу жөніндегі бағыт шеңберінде БАҚ саласын жетілдіруге, саланың жаңа субъектілерінің құқықтық мәртебесін айқындауға, жарнама бойынша БАҚ үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, телерадио хабарларын тарату саласындағы рәсімдерді жетілдіруге бағытталған заңнамалық шаралар іске асырылады.

Тұтастай алғанда, Ұлттық жоспарды іске асыру отандық БАҚ-тың экономикалық дербестігін арттыруға және қоғам тарапынан тұтынушылық сұраныстың өсуіне ықпал етеді.

Халықты мемлекеттік органдардың қызметі туралы сапалы ақпараттандыру мақсатында осы жылы мемлекеттік БАҚ-тың Бірыңғай порталы іске қосылады. Бұл үлкен ақпараттық ағын жағдайында өте маңызды қадам саналады және азаматтарға сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді.

 

Қазақстанда екі жаңа телеарна іске қосылады

Министрлік отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде.

Биыл жаңа «Абай ТВ» и «Әл-Фараби» телеарналарын ашу мәселесі қарастырылуда.

«Абай ТВ» телеарнасы 30 маусымда іске қосылады деп жоспарлануда. Ол «Қазақстан» РТРК» құрамына кіреді және отандық мәдениеттің байлығы мен мұрасына арналған жаңа тауашалық арна болады.

Екінші «Әл-Фараби»тележобасы «Хабар» Агенттігі» АҚ базасында оқу жылының басында іске қосылады.

«Әл-Фараби» арнасы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер аудиториясы бар жаңа білім беру-ағарту телевизиялық платформасына айналады. Мұндай арнаның өзектілігі әсіресе пандемия жағдайында байқалды. 

Отандық сериалдар өндірісі жалғасуда. Биылғы жылы 42 сериал шығару жоспарланған. Отбасы құндылықтары, волонтерлердің қызметі туралы қызықты жобалар, педагогтар, дәрігерлер, полицейлердің имиджін көтеруге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сериалдар көременге ұсынылады.

 

Телерадио хабарларын тарату желісін дамыту

Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу жалғасуда, бүгінгі күні ел халқының 84%-дан астамы қамтылған.

Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында аналогтық теледидар толығымен өшірілді.

2020 жылдың соңына дейін Солтүстік қазақстан облысы мен Алматы қаласы ЦЭТВ-ға өтеді.

Министрлік Радиохабар таратуды дамыту тұжырымдамасы жұмысын бастады, онда жабдықтарды жаңғырту, сондай-ақ радиохабар тарату желісін кеңейту, әсіресе, елдің шекара маңындағы аудандарында радиохабар тарату желісін кеңейту тәсілдері енгізіледі.

Коронавирустың пандемиясына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары үлкен экономикалық қиындықтарды өткеруде. Биыл жарнамалық кірістерді жоғалту болжамы орташа есеппен 30-дан 60%-ға дейінгі мөлшерде болжануда.

Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бүгін ҚР Парламенті 2020 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейінгі кезеңге еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен міндетті аударымдарды төлеуден босатуды қарастыратын заңнамаға түзетулерді мақұлдады.

Сондай-ақ Парламент коммерциялық теле -, радиоарналарды аналогтық және эфирлік цифрлық телерадио хабарларын тарату қызметтеріне ақы төлеуден 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге босату көзделген заң жобасын қабылдады.

 

Террористік әрекет аймағынан қайтып оралғаннан кейін 140-тан астам әйел адам радикалды көзқарастардан бас тартты

Бұл бағытта Министрлік алдында 3 өзара байланысты міндет тұр. Біріншісі — халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі — дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі — діни экстремизмді болдырмау. 

АҚДМ келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді: ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, азаматтарды деструктивті діни көзқараспен қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы тұру.

Осылайша 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен 3 миллион адамды қамтитын 50 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Дін саласындағы проблемалық сұрақтарға жедел жауап беру мақсатында 300 адамнан тұратын білікті лекторлар пулы құрылды.

А. Балаева атап өткендей, жұмыс өте тиімді болып отыр. Сондықтан биыл осы топтағы мамандардың санын 500-ге дейін арттыру, 1200 дәріскерді қайта даярлау жоспарланған.

Сонымен қатар «Жусан» операциясының нәтижесінде елге оралған Қазақстанның 163 азаматымен мақсатты жұмыстың арқасында 144 әйел радикалды ойлардан бас тартып, олардың бір бөлігі зайырлы өмір салтына көшті.

«Әрине, мәселенің салдарымен емес, себептермен күресу керек. Сондықтан 2019 жылы 5300-ден астам интернет-ресурстар талданды, оның 3200-інен құқыққа қарсы матрицалар анықталды. Оның барлығы уақытылы бұғатталды», — деді министр.

 

Этносаралық қатынастар саласы

2020 жылы Министрлік жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет құрылды, ол этносаралық салаға жауапты мемлекеттік органдардың нақты вертикалін құрып, мемлекеттік саясатты белсенді түрде ілгерілететін болады.

Комитет бұл жұмысты этносаралық шиеленіс әлеуетін ерте ескерту мақсатында терең талдауды есепке ала отырып жүргізеді.

Жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты жетілдіруге ғылыми көзқарасты қамтамасыз ету үшін Министрлік жанынан Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды.

Министрліктің ҚХА-мен өзара іс-қимылын жетілдіру жоспарлануда. Бұл үшін «Қоғамдық келісім» мекемесі орталық және өңірлік деңгейлерде атқарушы органдардың қарамағына беріледі. Бұл құрылымдар этникалық топтармен өзара іс-қимылды тікелей ұйымдастырады.

Шетелдердегі қазақтар мен елге оралған оралмандардың мәселелерін шешу үшін «Отандастар» қорымен бірлесіп бірқатар жобаны іске асыру жұмыстары басталды.

Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспарын бекітті. Жоспар аясында шетелдердегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық іс-шара өткізіледі.

Оралмандардың құжаттарды алу процедурасы айтарлықтай жеңілдетіліп, «бір терезе» қағидаты енгізілуде. Оларға қажетті құжаттар саны екі есеге, ресімдеу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады.

Жылдан жылға оралмандарды әлеуметтік-экономикалық қолдау мәселелері шешілуде. Қазір олар елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға енгізіледі.

Қазақстан азаматтығын алғысы келетін оралмандар үшін Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы құрылды. 2019 жылдан бастап аталған орталыққа 5 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Өз кезегінде «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, қазақ халқының саны көп елдерде қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылады. Бұл, бірінші кезекте, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия және Түркия сияқты елдерге қатысты.

Тілдерді оқыту мәселесіне қатысты, 12 елдің 23 қаласында онлайн режимінде 31 қазақ сыныбы ашылды. Биылғы жылы бұл елдерде 2,5 мыңнан астам бала ана тілін үйренеді.

 

«Жастар жылы» жас қазақстандықтарды қолдау бойынша жүйелі шараларды әзірлеуге серпін берді

2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» атауымен өтті. Жалпы, бүкіл ел бойынша 300-ден астам республикалық іс-шара жүзеге асырылып, млн-нан астам жас қатысты. Арнайы шаралармен 800 мыңнан астам адам қамтылды.

Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға, оның ішінде жас отбасыларға 3 мың жалға берілетін пәтер берілді. Барлығы 9 мың пәтер бөлу жоспарлануда.

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында 5 мың адам мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. 10 мың жас кәсіпкер өз өндірісін шағын несиелер есебінен кеңейтті, олардың көпшілігі ауыл жастарына берілді. 2019 жылы «Жасыл ел» жобасы аясында 20 мыңнан астам адам қамтылды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бір жолғы жәрдемақы мөлшері 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру алдағы үш жыл ішінде 3 млрд теңгеге артады.

«Әлеуметтік студенттік кредит» жүйесін енгізу арқылы волонтерлік қызметпен айналысатын жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиялары 30%-ға арттырылды.

«Жастар жылында» жастарды қолдау бойынша көптеген шара қабылданды. Ең бастысы, жастар саясаты шеңберінде одан әрі жүйелі шараларды әзірлеуге серпін берілді.

Сонымен биыл 2025 жылға дейін жастарды қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлеу, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу міндеті тұр.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «QazExpoCongress» павильоны базасында «ArtHUB» Жастар бастамаларын қолдау орталығын құру бойынша шаралар қабылдануда. Мұнда жастар ұйымдары мен волонтерлердің фронт-офисі орналасады.

 

Қазақстанда ажырасу санының өсуі байқалады 

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында басты басымдықтардың бірі отбасы мен балалықты қолдау екендігін атап өтті. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның дамуымен қатар, отбасының құндылықтық бағдарлары өзгеретіндігін де айту керек», — деді А. Балаева.

Ажырасу санының артуы — ел үшін өзекті мәселе. Егер 2017 жылы ажырасу фактісі 55 мың немесе тіркелген некелер санының 39%-ы болса, 2019 жылы шамамен 60 мың немесе 43% болып отыр.

А.Балаева атап өткендей, мұндай белсенді статистикаға АӘК енгізу төңірегіндегі жағдай әсер етті. Яғни, әлеуметтік көмек алу мақсатында ерлі-зайыптылардың шартты түрде некені бұзу процесіне бару фактілері тіркелді. 

Қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан кез келген өзгерістер отбасына теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттің маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі отбасын, ана мен баланы қорғау болып табылады.

2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында негізгі тәсілдер көрсетілген.

Осы жылы отбасы институтын, репродуктивті денсаулықты нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шараларды көздейтін осы Тұжырымдаманың екінші кезеңін іске асыру басталды.

 

Қоғамдық сананы рухани жаңғырту

Үш жыл бұрын ұзақ мерзімді арнайы бағдарлама қабылданды. Осы уақыт ішінде бағдарлама аясында көптеген жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта 13 арнайы жоба іске асырылуда.

Бағдарламаны іске асыру бойынша 2020 жылға арналған 97 тармақтан тұратын жоспар да бар. Осыған сәйкес іс-шаралар 3 бағытқа бөлінген: жеке даму, ұлттық бірегейлікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту.

«ruh.kz» порталы және осы бағдарламаға қатысты барлық мәселе талқыланатын арнайы «Азаматтық алаң» жұмыс істейді.

Сондай-ақ «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобалары жүзеге асырылуда. Олардың әрқайсысы үшін жеке тұжырымдамалар әзірленді. Бұл жобалардың негізгі идеясы — тұлғаны тәрбиелеу және қоғамда жоғары талғамды қалыптастыру.

 

Болашаққа арналған жоспарлар

Қорытындылай келе, А. Балаева бүгінгі таңда ведомство алдында көптеген міндеттер тұрғанын атап өтті, оларды тиімді іске асыру табысқа жетелейді.

Азаматтық қоғамды дамыту саласында:

1. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын мына жолмен жетілдіру:

  • азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыру және кәсібилік;

  • азаматтық бақылау жүйесін құру;

  • әлеуметтік әріптестік тетіктерін цифрландыру;

  • азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту.

2. Азаматтық қоғамның заңнамалық және институционалдық негіздерін жетілдіру

Мұнда толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі тиісті 7 заңнамалық акт бар, оның ішінде барлық әлеуметтік сегменттерді біркелкі қамти отырып, әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру тетіктерін жетілдіру міндеті тұр.

Бұл ретте бағалаудың басты критерийі әрбір жобаның барынша мультипликативтік әсері болады.

БАҚ дамыту саласында:

  1. Аналитикалық материалдардың, шығармашылық және мультимедиалық контенттің үлесін арттыруды ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қайта құру.

  2. Баспа БАҚ холдингтерін, интернет-ресурстарды және телерадиохолдингті құра отырып, мемлекеттік медиаресурстарды оңтайландыру.

  3. Қазмедиаорталығын жаңғырту.

Дін саласында:

1. Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл, зайырлы қағидаттарды ілгерілету және интернетте қарсы насихат жұмыстарын қамтитын діни саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудың кешенді жоспарын әзірлеу.

Этносаралық қатынастар саласында:

  1. 1. Өңірлерде терең далалық зерттеулерді ұйымдастыру жолымен талдамалық және болжамдық жұмыстарды күшейту.

  2. 2. Этносаралық жанжалдарды дер кезінде анықтау және алдын алу жүйесін құру.

Жастар және отбасы саясаты саласында:

  1. Атаулы жұмыстың бірыңғай жоспарын әзірлеу және іске асыру үшін әрбір жас тобына сараланған көзқарас құру.

  2. Әрбір жас тобы үшін өмірлік мәселелерді шешуге қабілетті жекелеген атаулы әлеуметтік бағдарланған жобалар әзірлеу.

  3. Отбасы институтын нығайту және дамыту, бала мен ананы қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша басымдықтар жеке белгіленген. Олар:

  1. Халықпен коммуникация арналарының жұмысына жүйелі мониторинг және сапалы талдау жүргізу.

  2. БАҚ, ҮЕҰ және тұрғындардан келіп түскен сұрауларға жедел ден қою.

  3. Мемлекеттік органдар қызметінде ақпараттық өнімділікті арттыру.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу