Р. Скляр Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысты 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан-Германия бизнес форумында сөз сөйледі.  

Роман Скляр елімізде инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар туралы айтып берді. 

Ол инвесторларды кешенді қолдау ұлттық басымдықтардың бірі болып белгіленгенін атап өтті. Онда әрбір инвесторды жеке қолдауға маңыз берілген.

Форумға қатысушыларға экономиканың басым салаларында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылғаны туралы мәлімет берілді. Медициналық білім беру және ғылым саласындағы озық тәжірибе орталығы және нанотехнологияларды, кәсіпкерлікті және инновациялық экономиканы дамыту саласында көптеген технологиялық парктер бар. 

Германия тарапынан шараға ГФР Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің сыртқы экономикалық саясат мәселелері жөніндегі директоры Доминик Шнихельс қатысты. 

Ол екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның көптеген бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін елеулі мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. 

«Өткен пандемия дағдарысы мен қазіргі геосаяси жағдайды мысалға ала отырып, біз азық-түлік қауіпсіздігінің, энергетикалық еркіндіктің және тауар жеткізу тізбегін дамытудың маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл тұрғыда Қазақстанның Германия үшін экономиканың көптеген салаларында, оның ішінде электр энергиясының жаңартылатын көздерін өндіру бойынша әлеуеті зор екені анық. Өзінің географиялық орналасуы мен логистикалық артықшылықтарынан басқа, Қазақстан үлкен ресурстық және адами әлеуетке ие. Ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан үшін де, Германия үшін де өте тиімді деп санаймыз», — деді Доминик Шнихельс. 

Бизнес-форумның пленарлық сессиясы барысында Сыртқы сауда басшысы, ГФР сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығының басқарма мүшесі Фолькер Трайер, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов және профессор, басқарма мүшесі, герман экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия елдері тобының өкілі Манфред Грундке сөз сөйледі.  

Сондай-ақ бизнес-форум аясында өнеркәсіп пен энергетикадағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған панельдік сессия өтті.  

Шара барысында қазақстандық тарап өкілдерінің бірқатар герман компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жоғары технологиялық өнімдер шығару бойынша өндірістерді құру жөнінде нақты ұсыныстар талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу