«Самұрық-Қазына» табысының кем дегенде 7%-ы «Қазақстан Халқына» қорына аударылатын болады — Ә. Қуантыров

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы қаралды. Аталған құжатты ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметтің қарауына Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы енгізді.

Аталған құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 6 бағыт бойынша 109 іс-шарадан тұратын жүйелі және салалық шаралар кешенін қамтиды.

Әрі қарай ұлттық экономика министрі негізгі іс-шараларға толығырақ тоқталды.

Оның мәліметінше, «Жаңа экономикалық саясат» бағыты бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның аясында коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында монополиялық және олигополиялық нарықтарды қоспағанда, бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңмен бас тарту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Сондай-ақ «Тарифті инвестицияларға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу үшін табиғи монополиялар саласын реттеу тұжырымдамасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілмек.

Оған қоса, фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленеді. Бюджеттік жоспарлаудағы төрешілдікті одан әрі қысқарту және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру үшін жаңа Бюджет кодексі әзірленеді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын ұсыну үшін бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерліктерді айқындау мақсатында базалық өлшемшарттар енгізіледі.

Сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Ол сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына басымдық береді.

«Нақты секторды дамыту» бағыты бойынша 15 іс-шара жоспарланған.

«Жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту үшін заңнамаға рәсімдерді оңайлату бойынша тиісті өзгерістер енгізіледі. Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар енгізіледі, оның ішінде инвестициялық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу жоспарланып отыр», — деді Әлібек Қунатыров.

Сондай-қа сәулет-құрылыс қызметін реформалау, сондай-ақ ескірген құрылыс стандарттары мен нормаларын өзектендіру мақсатында тұжырымдамалық жаңа құжат – Қала құрылысы кодексі қабылданатын болады. «Самұрық-Қазына» қорының қызметі стратегиялық маңызды секторлардағы компаниялар акцияларының мажоритарлық пакетіне ғана иелік ететін инвесторға қайта форматталатын болады.

Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға жаңа ұзақ мерзімді тәсілдер әзірленеді.Су саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін сарапшылардың қатысуымен, Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысы жанданады. Сондай-ақ су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары дайындалады.

«Ел болашағына арналған стратегиялық инвестициялар» бағыты бойынша 37 іс-шара іске асырылады. Апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің проблемаларын толық шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасының аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады.

Денсаулық сақтау саласында еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленуде.

«Бұдан басқа, медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы кешенді жақсарту жөніндегі шаралар әзірленеді. Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жаңа ұлттық жобалар әзірленіп жатыр, жақында аяқталмақ», — деді ұлттық экономика министрі.

Бұдан басқа, 61 жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізуді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айрылған кездегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45%-на дейін ұлғайтылатын болады.

Сондай-ақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейін оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жыл сайын «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісінің кемінде 7%-ы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатын болады. Тиісті құжатты жыл соңына дейін қабылдау көзделіп отыр.

«Ел экономикасына бір уақытта 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендерге инвестициялық визаны енгізу үшін Көші-қон саясаты тұжырымдамасына және “Халықтың көші-қоны туралы” заңға өзгерістер енгізілетін болады», — деді Әлібек Қуантыров.

«Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» бағыты бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Жаңа әкімшілік реформа аясында жеке сектордың кәсіпқойлар үшін мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесі барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қайта қаралатын болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институты болып қайта құрылады.

Министрді берген мәліметке сай, «Заң және тәртіп» бағыты бойынша 23 іс-шара жоспарланып отыр. Заң үстемдігі мен сот төрелігінің әділ атқарылуын қамтамасыз ету үшін заңнамаға, оның ішінде сот төрағаларын судья лауазымдарына өзгертіп, судьялардың тәуелділігін төмендете отырып, олардың тең мәртебесін қамтамасыз ететін өзгерістер енгізу көзделеді.

«Бұдан басқа, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі стратегиялық бағдарламалық құжат әзірленеді. Адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты және тағы басқа ауыр қылмыс жасағандар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату доғарылады», — деді министр.

«Сайлау процестері» алтыншы бағыты бойынша 3 іс-шара іске асырылады. Президент мандатын қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді белгілеу үшін Конституцияга тиісті түзетулер енгізіледі.

«Келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу жоспарланып отыр», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу