Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

А. Мырзахметов Қарағанды облысы халқымен есептік кездесу өткізді

02 маусым 2017, 18:14
Фото: primeminister.kz

Бүгін Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың ел тұрғындарымен есептік кездесуі болып өтті. Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтар өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында министр ауыл шаруашылығы саласының 2016 жылдағы даму қорытындылары туралы баяндап, министрліктің алдында тұрған жаңа міндеттері жайлы айтты.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылы 3,6 трлн теңгені құрады, өсім 5,5%-ды құрады. Соңғы 10 жылда өндіріс көлемінің өсімі алғаш рет барлық облыста байқалды.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 164 млрд теңгеден 253 млрд теңгеге дейін - 1,5 есеге өсті.

Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін 2017 жылдың ақпанында АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Оның басты басымдықтары – ішкі нарықты қамтамасыз етіп, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды барынша тарту, су ресурстарын тиімді пайдаланып, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Субсидияның 65 түрі қайта қаралып, нәтижесінде 11 тиімсіз түрі алынып тасталды. Оның ішінде 40-ның критерийлері өзгеріске түсіп, қалған 14-і өзгеріссіз қалды. Мұның нәтижесінде жыл сайын 25 млрд теңге үнемделетін болады. Ал өзгертілген критерийлер сол бюджеттің аясында ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін орта есеппен 29%-ға арттырмақ.

Биыл АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары басталды. Бұл үшін министрлік пен әкімдіктер арасында арнайы меморандумдарға қол қойылды. Яғни, оның аясында майлы және жемдік дақылдардың аумақтары ұлғайтылып, жарма мен мал азықтық дақылдары, сондай-ақ, қант қызылшасы аумағын 930 мың га арттыру қарастырылған.

Сонымен қатар, көктемгі егіс жұмыстары үшін несиелердің шекті мөлшерлемесі алғаш рет 6%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш өткен жылы 9%-ды құраған болатын. Бұл жағдай несие беру құрылымдары сатыларының қысқаруы арқылы мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, несиелер бойынша талап етілетін құжаттар саны азайды.

Биыл бірегей және асыл тұқымдарды субсидиялау қайта қалпына келтірілді. Тұқым шаруашылығына бөлінетін бюджет көлемінің былтырғы жылдың көлемінен 3 есе артық екендігін атап өткен жөн. Минималды нормалар тоқтатылды. Бұл фермерлерді субсидия алуға ынталандырады. Ал бұрынғы схема бойынша тұқымның аз ғана көлемі субсидияланатын.

Минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетіктерінің қайта қарастырылуы оның енгізу көлемін 1,5 есеге ұлғайтты. Бұған дейін субсидия нормасы пайыздық негізде бекітілсе, ал биылдан бастап нақты сандармен көрсетіледі. Бұл да фермерлерге тыңайтқышты сапасы мен бағасына қарай қай елде жасалғандығына қарамастан, еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, тыңайтқыш ассортименті ұлғаяды. Биыл тыңайтқыштарды субсидиялау түрлері 156-ны құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 85 болған.

Мал шаруашылығындағы крийтерийлердің өзгеруі сол қаражаттың аясында субсидия алушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егер бұған дейін сиыр еті бойынша субсидияны 175 шаруашылық алса, бүгінгі таңда – 522-ні құрайды, сүт бойынша субсидия алушылар 269-дан 532 шаруашылыққа дейін, қой еті бойынша 180-нен 234 шаруашылыққа дейін, жүн бойынша субсидия алушылар 50-ден 180 шаруашылыққа дейін ұлғайды.

Жұмыс істеп тұрған жүн өңдеу кәсіпорындарының жүктемесінің аз болуына байланысты тек жұқа ғана емес, жартылай жұқа жүндерді де субсидиялау қарастырылды.

АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі тәсілдерінің бірі – шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперацияларына тарту.

«АӨК-тің ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болып қалыптасуына байланысты ауыл шаруашылығы кооперативтері зор мәнге ие. Өйткені, онда аграрлық саланы және ауылдарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Кооперация – бұл ауылдың болашағы», – деді А. Мырзахметов.

Барлық 160 ауылдық аймақтағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді біріктіру үшін семинарлар өткізіліп, 2 248 ауылдық окург әкімдері мен аудан әкімдерінің орынбасарлары білім алды, бірыңғай тегін Call-Center және кооперация мәселесі бойынша кеңес алу үшін fermers.kz порталы құрылды, ауылшаруашылық кооперативтері үшін кепілсіз және бастапқы жарнасыз модулді сүт қабылдау және қасап пунктерінің сызбасы енгізілді, сондай-ақ кооператив мүшелері үшін несиелерді кепілдендіру механизмі қарастырылды. 

Ауыл шаруашылығы  кооперацияларын қолдау үшін биылғы жылы 52 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 27 млрд теңге және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы – 25 млрд теңге. Егер Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге жеткізу жоспарланып отыр.

30 мамырға дейін 286 бірлік тіркелсе, оның 102-сі сүт дайындау бойынша, 181-і ет өндіру және дайындау бойынша тіркелді. 20 136 бас ірі қараға арналған отбасылық мал бордақылау алаңдары мен 51 жылыжай салынды. Ауылшаруашылық өнімдерінің тауар өндірісіне 40 мыңнан аса ЖҚШ мен шағын фермерлік шаруашылықтар тартылды. 

Ветеринария мен фитосанитария қауіпсіздігі мәселелеріне де баса мән берілуде. Айталық, Қазақстан 2017 жылғы 25 мамырда қалған 5 облыс (ШҚО, ОҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда) үшін аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Бұл мал және өсімдік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Фитосанитария саласы бойынша ағымдағы жылы аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы өңделетін болжамды көлем 4,8 млн гектарды құрады, оның ішінде үйірлі шегіртке қарсы өңделетін алаң 1,6 млн гектар.

Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 500 мың гектар алаң марокколық шегірткеге қарсы өңделді, бұл ағымдағы жоспардан 180 мың гектарға артық.

Елбасының АӨК өнімдерінің экспорт көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ҚР АШМ-мен келесідей жұмыстар атқарылды: Иран еліне салқындатылған қой еті мен тірі қойларды тасымалдауға арналған ветеринариялық сертификаттар жобалары келісілді және салқындатылған қой етінің экспорты бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал мен ұсақ малды, тауық жұмыртқасын тасымалдауға арналған ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Израиль және Сауд Арабиясының ветеринария қызметтерімен қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына жол ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қазірдің өзінде Қытай нарығына қазақстандық балық пен балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқы тұқымдас жануарларды, бал мен бал ара шаруашылығы өнімдерін экспорттауға болады. Маусым айында мұздатылған қой етінің экспорты бойынша хаттамаға қол қою жоспарланып отыр, сонымен бірге аталған елге тауарлы жылқыларды тасымалдау шарттары келісілуде.

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір міндеті – су қорларын пайдаланудың тиімділігін арттыру, сонымен қатар, тұрақты және жайылма суармалы ауылшаруашылық жерлерінің дамуына қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету, жер өңдеу жағдайын жақсарту және өнеркәсіптегі су тұтыну тиімділігін арттыра отырып суармалы инфрақұрылымды қалпына келтіру.

Суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында Ислам даму банкімен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен 205 мың гектар жерді қалпына келтіру және айналымға тарту үшін 103,4 млрд теңге сомасына келісімге қой қойылды.

Есеп беру кездесуі кезінде министр тұрғындарды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Мұндай ашық сұхбатқа негізделген кездесулер қатысушылардың өз мәселелерін, ұсыныстарын ведомства басшысына тікелей айта алуымен тиімді әрі сындарлы.

Былтыр ауыл шаруашылығы министрінің есеп беру кездесуінде тұрғындардан 1200-ден аса сұрақ келіп түскен. Биыл Мемлекеттік бағдарлама қабылданған соң жүйелі сұрақтар мен мәселелер өз шешімін табуда.

1/1