Асқар Мырзахметов: Аграрлық саясат жөніндегі кеңес АӨК саласындағы проблемаларды шешу жолдарын табуға арналған

09 тамыз 2016, 01:31

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылғы министрі Асқар Мырзахметов ҚР АШМ жанынан құрылған Аграрлық саясат жөніндегі  кеңестің алғашқы отырысын өткізді.

Министрліктің мәліметінше, кеңес құрамына мемлекеттік органдар, салалық одақтар, зерттеу орталықтары,  кәсіпорындар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірді.

Отырыс күн тәртібінде субсидия саласындағы жүйені жетілдіру, шағын, орта және ірі санаттағы  бизнестердің талаптарын қайта қарау, ауыл шаруашылық өнімдерінің бағаларын реттеу мәселелері, құс фабрикаларының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру тақыланды.

Отырыс нақты мәселелерге арналған сұрақ-жауап форматында жүргізілді. 

Кеңестің жұмысына әрбір азамат қатыса алатындығын отырыс барысында кеңес төрағасы айтып өтті.

«Бұл кеңес қағаз жүзінде қалатын кеңес болмауы керек. Кеңес әрдайым күрделі мәселе көтеріп, ақылдасып, ауыл шаруашылығындағы өзекті проблемаларды айтып қана қоймай, оны нақты шешудің жолдары мен механизмдерін қарастыратын алаң болуы керек. Сол үшін белсене жұмыс жасауға шақырамын», - деді А.Мырзахметов.

Сонымен қатар, бұған дейін министрлік жанынан АӨК саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы топтың ұсыныстары кеңес отырысында қарастырылатын болады.

Алғашқы жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға толтырылып, кеңес мүшелеріне келісуге жолданды.