Бақытжан Сағынтаев АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың басымдықты міндеттерін атады

30 мамыр 2017, 12:48
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев алғашқы төрт айда АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері жөнінде өткен отырыс қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту мен отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласына қолдау көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.  

Отырыс барысында «ҚазАгро» холдингінің төрағасы Н. Мәлелов, «Родина» агрофирмасының басшысы И. Сауэр мен «Ханшайым» кәсіпорнының басшысы С. Ертаев, сондай-ақ, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының әкімдері АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндамаларымен таныстырды.

«Қазіргі таңда аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде, нақты жоспарлар құрылды, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту мен экспортты ұлғайту бойынша мақсатты индикаторларды ұлғайту жұмыстары іске асырылып жатыр», - деді Премьер-Министр орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңдеу кәсіпорындарының қуаттылықтар жүктемесін толықтыруда ауыл шаруашылығы кооперативтерімен қамтамасыз ету бойынша тетіктерді әзірлеуді тапсырды. Өңірлердің әкімдеріне жоспарлық көрсеткіштерді қайта қарап, ауыл шаруашылығы бірлестіктері жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.

Бұдан өзге, Б. Сағынтаев өспелі экспорттық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатымен ет өндірісі көлемін ұлғайту шараларын, сонымен қатар отандық машина жасау саласын дамыту мен оған қолдау көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.

1/3
2/3
3/3