2016 жылдың соңына дейін Қазақстанда 190 астам ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылады

11 тамыз 2016, 19:18
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

2016 жылдың соңына дейін Қазақстанда 190-нан астам ауыл шаруашылығы кооперативтері ұйымдастырылады, онда 147 сүт қабылдау бекеттері мен 2 786 отбасылық мал бордақылау алаңдарын біріктіру жоспарланған. Осыған орай, 67 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады.

ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдері өндірісі және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік ауыл тұрғындарын өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралардың жеке жоспарын әзірлегенін айтты.

«Біз қаржыландыру бағдарламасын және ЖҚЖК-2020 қаржыландыру көзін қолдануды жоспарлаудамыз. Жалпы алғанда, АШМ ұсынып отырған шаралар ауылдық жерлерде сүт қабылдау бекеттерін, мал бордақылау алаңдарын құруды қарастырады және олар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігеді», - деді Е. Ахметов ҚР АШМ-нің ауыл халқын тиімді жұмыспен қамту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға арналған брифингі барысында.

Оның айтуынша, ҚР-да сүт пен еттің 70-80%-ын жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді, ал қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі тек 60%-ы ғана құрайды.

Ұсынылып отырған шаралардың нәтижесінде 3 жыл ішінде кем дегенде 190 мың жеке қосалқы шаруашылықтар жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Олар үшін өткізу нарығына жол ашылады және тұрақты түрде кіріс алу мүмкіндігі туады. 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылады.

«Республикада өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 1,5 млн астам адамды құрайды, және ұсынылып отырған шаралар аясында 190 мыңнан астам шаруашылықты шағын несиелеу арқылы тарту қарастырылған. Олар сүт қабылдау бекеттері мен мал бордақылау алаңдарын құруға мақсатты түрде қаржыландырылады, және осылайша кооперативтер арқылы өңдеуші кәсіпорындармен өзара байланысады», - деді ол.

Сонымен бірге, Е.Ахметов қорытындылағандай, 2016 жылдың соңына дейін Қазақстанда 192 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылады және ол жерде 147 сүт қабылдау бекеттері мен 2 786 отбасылық мал бордақылау алаңдарын біріктіру жоспарланған.