Кәрім Мәсімов Павлодар облысындағы АӨК инфрақұрылымының даму барысымен танысты

06 тамыз 2016, 19:48
Павлодар облысы

Павлодар облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мен отандық ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. ҚР Премьер-Министрі өңірге жұмыс сапары барысында «Пахарь» ШҚ ЖШС агроқалашығында болды.

Шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Аушев ҚР Премьер-Министріне «Суару және мал шаруашылығы кешеніне қызмет көрсету үшін агроқалашық пен өнеркәсіптік тұрғын үй кешенін салу» инвестициялық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Жоба барысында 1200 бас сүтті ірі қараға шақталған сүт-тауар фермасы, 5000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы салынады және суармалы ауыл шаруашылығы алабына жалпы ауданы 9200 га жер қарастырылған.

Жүзеге асырылып жатқан жоба облыстағы ғана емес, республика аумағындағы шаруашылықтарды сапалы тұқымдық материалмен және «Ангус» етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қарамен және «Голштин-Фриз» сүтті бағыттағы ірі қара тұқымымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, бордақылау алаңдарын ашу «премиум класты» ірі қара етін Қазақстан және бүкіл Кеден одағы нарығында қолайлы бағамен ұсынуға және оны өткізу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ агроқалашық базасында ЖОО түлектері мен студенттері іс-тәжірибеден өтуі үшін АШ ҒЗИ бөлімінің ғылыми алаңын ашу қарастырылған.

Анықтама үшін:

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 2013-2020 жылдарға жоспарланған «Агробизнес-2020» бағдарламасы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған.

2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша Қазақстанда ет өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,4% -ға артып, 931,1 мың теңгені құрады, сүт өндіру 2,3%, яғни 5,18 млн тоннаға дейін өсті.

2015 жылы республика тұрғындарын отандық сиыр етімен қамтамасыз ету 97%, шошқа етімен - 98%, жылқы етімен - 97%, қой етімен - 100%, құс етімен - 49% құрады. Отандық өндірушілер қазақстандықтардың сүтке сұранысын – 92%, ал қышқыл сүт өнімдеріне сұранысын – 87% өтеп отыр.