Жер реформасы жөніндегі комиссия өңірлерде 67 мың қазақстандықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді

13 тамыз 2016, 16:06
Астана
Фото: liter.kz

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.  

Бүгінгі күнге дейін комиссия 4 отырыс және Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары тұрғындарымен 4 көшпелі кездесу өткізді.

Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелерінің негізгі міндеттері - жер заңнамасына өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды қарау.

Қазіргі таңда Комиссияның төрт жұмыс тобы - құқықтық, экономикалық, ақпараттық-түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жұмыс топтары қызмет етуде.

Комиссияның отырыстарында және өңірлердегі кездесулерде жұмыс негізінен екі бағытта жүргізілді: біріншісі - қазақстандықтарға жерді жалға беру институтын жетілдіру, екіншісі Жер кодексінің мораторий жарияланған нормаларына қатысты.

Аталған үрдіске түсіндіру жұмыстарымен жаппай қамту мақсатында әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестер кеңінен тартылды. Олар 67 мыңнан астам адаммен кездесулер өткізді.

Жер реформасы бойынша жергілікті тұрғындармен кездесулердің нәтижесінде түскен сұрақтар мен ұсыныстар негізінен қайталанып отырды.

Қоғамның қызу талқысына түскен мәселелер бойынша Комиссия нәтижелі жұмыстар атқарып, халықпен қолдау тапқан ұсыныстар енгізілді

Сондай-ақ Call-орталықтарына 12 838 қоңырау және jerturaly.kz сайтына 984 ұсыныс келіп түсті.

Айта кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау, тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жер пайдаланушылардың жерді ұтымды пайдалануына бақылауды күшейту, Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін тәртібін белгілеу, елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдарын айқындау, ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру мәселелері қаралады.