Үкіметте АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды

30 мамыр 2017, 11:23
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан егіс науқаны және егіс алқаптарын әртараптандыру барысы туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстары 85%-ға аяқталды. Көктемнің кеш келуіне қарамастан, қарқын өткен жылғы деңгейде, ал жекелеген өңірлер бойынша 2016 жылмен салыстырғанда жоғары», - деді отырыс барысында баяндама жасаған Қ. Айтуғанов.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы сұранысқа ие дақылдар егісіне арналған алқаптар 932 мың га-ға артқан. 

Астық сапасын арттыру үшін ҚР АШМ бірегей және элиталық тұқымдарды, сондай-ақ минималды нормаларды қолданусыз басымдықты дақылдардың бірінші көбейтілген тұқымдарын және бірінші буын будандарының тұқымдарын субсидиялауды қалпына келтірді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын субсидиялауға 2016 жылға қарағанда 3,2 есе көп қаражат қарастырылған. 

Бұдан өзге, ҚР АШМ тауар өндірушілерді сапалы тұқымды пайдалануға міндеттейтін заңнамалық норманы енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Олай болмаған жағдайда, шаруалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы баяндай отырып, Қ. Айтуғанов жыл соңына дейін 467-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылатынын хабарлады. Негізі биыл 326 бірлестік құру жоспарланған. Тауар өндірісіне шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында сиыр еті өндірісін 4,1%-ға, құс етін - 9,2%-ға, сүт өндірісі көлемін - 3,3%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.