ТЖ кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына 5 жылдық қызметтік қаржысы төленеді — Е. Тұрғымбаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша Жедел іс-қимыл жоспары қаралды. Жоспардың негізгі бағыттары бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі Қаулысының жобасын әзірледі.

«Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады», — деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша Жоспарда 11 іс-шара көзделген.

Осылайша, Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген.

«Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды», — деді Ә. Қуантыров.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Министр атап өткендей, бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды.

Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген.

Мәселен, басталған салықтық тексерулерді, кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда.

Ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.

«Ұсынылған Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, алдағы бірнеше айда мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Жоспарды іске асыру елдегі экономикалық ахуалды қалпына келтіруге және күнделікті өмірге қайта оралуға алып келеді», — деді Ә. Қуантыров.

Өз кезегінде ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев ІІМ 3 іс-шара бойынша негізгі орындаушы екенін баяндады.

Бірінші – әскери даярлықты және қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнайы органдардың қызметшілерінің моральдық рухын көтеру бойынша шаралар қабылдау.   

«Әскери және қызметтік даярлық бойынша бағдарламаларды қарастыру, ең алдымен арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда. Жалпы материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінген», — деді Е. Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, жеке құрамның әскери рухын көтеруге ерекше көңіл бөлінуде.

«Идеологиялық және имидждік жұмыс шеңберінде қызметкерлердің бойында патриоттық және қызметтік парызға адалдық сезімдерін тәрбиелеу бойынша іс-шаралар тұрақты негізде іске асырылады», — деді Е. Тұрғымбаев.

Қиындыққа шыдау, төзімділік бойынша  арнайы тренингтер ұйымдастырылды.  

Ынталандыру, қызметкерлердің еңбегін бағалау мақсатында төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге, курсанттар мен әскерилерге бағалы сыйлықтар берілді. 

«Жалпы, жеке құрам қауіпсіздікті қамтамасыз етуге толық дайын», — деді Е. Тұрғымбаев.

Екінші – дипломатиялық өкілдіктерді, инвестиция субъектілерін және шетел компанияларының бизнесін қорғау бойынша шаралар қабылдау.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ішкі істер органдары ерекше режимде қызмет атқарады. Полицияның патрульдік нарядтарының саны мен тығыздығы артты. Аса маңызды мемлекеттік объектілердің күзеті күшейтілді. Дипломатиялық миссиялардың ғимараттарына қосымша қарулы бекеттер қойылды. Мамандандырылған күзет қызметімен 73 дипломатиялық миссия күзетіледі.

Үшінші – қайтыс болған әскери қызметкерлердің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына біржолғы өтемақы төлеу.

«Биыл қаңтарда террористер қолынан полиция мен Ұлттық ұланның 8 қызметкері қайтыс болды, 2911 – жарақат алды. Ерлікпен қаза болғандар 2-ші және 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Олардың  отбасына жан-жақты қолдау көрсетілуде», — деді Е. Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, заң бойынша қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына 5 жылдық қызметтік қаржысы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленеді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі 5 іс-шара бойынша қосымша орындаушы болып табылады. 

«Барлық бағыттар бойынша жұмыс бақылауға алынған және тиісті мерзімде орындалатын болады», — деді Е. Тұрғымбаев.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу