Серік Жұманғарин бизнеспен сауда саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттарын талқылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «Даму» қорының, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастықтарының, сауда желілері одағының, сауда нарықтарының, дәріхана желілерінің, ірі сауда орталықтарының өкілдерімен, кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл және Қазақстанның сауда нарықтарына басқа да қатысушылармен Қазақстанның ішкі және сыртқы сауда саясатының жай-күйі мен даму бағыттарын жан-жақты қамтитын тұжырымдамалық құжатты әзірлеу бойынша алғашқы кеңесті өткізді.

«Сіздер білетіндей, бүгін біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қаржыландыру схемаларын өзгертудеміз, елдің тауар өткізу жүйесінің бүкіл тізбегін талдаудамыз. Сәтсіздіктердің қай жерде болып жатқанын көріп отырмыз, мүмкіндігінше тезірек Қазақстанның сауда саясатын дамыту тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеу үшін біз сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз. Бұл жұмыс құжаты болуы керек, оны сіздерсіз жасау мүмкін емес», — деді Серік Жұманғарин.

Екінші маңызды аспект – қазір трансшекаралық хабтарды дамытудың бірыңғай стратегиясы әзірленуде, осы бағытта сауда және интеграция министрлігі соңғы жылдары үлкен жұмыс атқарды. Сыртқы нарықтарға шығуға кедергі келтіретін бөгеттер, экспортқа арналған әлеуетті тауарлар, экспорттаушы компаниялар, қажетті инвестициялар көлемі, шикізат және сыртқы сауданың көптеген басқа да негізгі элементтері айқындалды.

«Қазір біз барлық идеяларды, оның ішінде мүмкін емес боп көрінетін идеяларды да талқылап жатырмыз. Осы жоспарлардың барлығын, мүмкіндіктерді бизнес-қоғамдастықтармен белсенді түрде талқылайтын боламыз», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Отырыста бизнес тарапынан көптеген пікірлер мен ұсыныстар айтылды. «Үй жанындағы» дүкендерді біріктіретін Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің директоры Марина Бошель үй жанындағы дүкендерді бизнес деп атауға болмайтынын, басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар екенін мәлімдеді.

Ірі бизнес тарапынан мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері айтылды, сауда желілерінің өкілдерімен «үй жанындағы» дүкендер форматын, олардың франшизаларын, әсіресе Қазақстан өңірлерінде дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша фокус-топтарда басталған жұмысты жалғастыруға келісті.

Қазақстанда сауда саласы – отандық экономиканың негізгі секторларының бірі, оған 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректер бойынша Қазақстан ЖІӨ-нің 14.2%-ы тиесілі және онда 1,4 млн-нан астам адам жұмыс істейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу