Вице-премьер Серік Жұманғарин Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік шығаратын зауыттардың жұмысымен танысты. 

«Eurasian Foods Corporation» зауыты – Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі тамақ өнеркәсібінің ірі және маңызды кәсіпорындарының бірі. Өндіріс көлемі жылына 150 000 тоннадан астам сұйық майды құрайды.

Серік Жұманғарин 3 мыңнан адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған зауытқа арнайы келіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енетін сұйық май және т.б. өнімдерін шығару процесімен танысты.

Сонымен қатар вице-премьер жұмыс сапары аясында қаланың кәсіпкерлерімен, тұрғындарымен кездесу өткізді. Экспортқа ден қойғандар арасында мемлекеттен тиісті көмек ала алмай жүрміз дегендер болды. Бұл мәселені шешу мақсатында Серік Жұманғарин Сауда министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығына тиісті тапсырмалар берді. 

«Экспорттаушыларды қолдаудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы арқылы. Экспорттаушылардың шығындарын өтеуге қатысты сіздерде алдағы уақытта проблема болмас үшін түсіндірме жұмыстарын күшейтеміз», — деді С. Жұманғарин. 

Вице-министр кездесуден бөлек азаматтарды жеке қабылдады. Көтерілген мәселелер арасында базарды жаңғырту, зардап шеккен бизнеске көмек көрсету және тағы басқа сұрақтар болды. 

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин іссапар қорытындысы бойынша алматылық журналистерге сұхбат берді.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу