Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Шымкент пен Түркістан облысына барды

Түркістан облысына және Шымкент қаласына сапары аясында Серік Жұманғарин бизнес өкілдерімен және тұрғындарымен кездесіп, өңірдің өндірістік кәсіпорындарын аралады.

Кездесулер барысында еліміздің ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталықтарының бірін құрайтын екі өңірдің әлеуметтік және сауда-экономикалық дамуы талқыланды. Серік Жұманғарин жиналғандарды Үкіметтің Шымкент пен Түркістан облысын әлеуметтік дамытудың алдағы үш жылға арналған жоспарларымен хабардар етті.

Атап айтқанда, Түркістанда 190 орынға арналған балалар ауруханасы, Сарыағаш пен Темірлан ауылында екі перинаталдық орталық, Арыста жедел жәрдем станциясы бар қалалық емхана, 20 дәрігерлік амбулатория және басқа да медициналық мекемелер салынады. Білім беру саласында – 30 балабақша, 141 400 оқушыға арналған 99 мектеп және 13 қосымша ғимарат, 3 ЖОО жатақханасы пайдалануға берілді. Шымкентте 2025 жылға дейін перинаталдық орталық, 800 орынға арналған әмбебап аурухана, 50 балабақша, 80 150 орынға арналған 25 мектеп және оларға 4 қосымша ғимарат, 7 колледж және ЖОО жатақханасы ашылады.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Әлеуметтік әмиянды кеңінен енгізудің тетіктері мен басталу мерзімдері туралы баяндады. Мемлекеттен әлеуметтік қолдау алудың бұл құралы әсіресе Түркістан облысы үшін өзекті, мұнда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі жоғары. Мұнда атаулы әлеуметтік көмек биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 33,5 мыңға жуық отбасына тағайындалды, бұл 190,5 мың адам. Сондай-ақ Әлеуметтік әмиянды іске асыру туралы сұрақ Түркістанда өткен азаматтардың жеке қабылдауында вице-премьерге қойылды.

Премьер-Министрдің орынбасарымен кездесуге келген қатысушылар көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы, Түркістанда тоқыма фабрикасының директоры сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін 30-дан 70%-ға дейін арттыруды ұсынды. Кәсіпкердің айтуынша, жергілікті өндіріс қуаты бірнеше министрліктің тоқыма өнімдеріне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Серік Жұманғарин бұл мәселені мемлекеттік органдармен және еліміздің басқа да өндірушілерімен бірлесіп, кеңесте жан-жақты қарастыруды ұсынды. Шымкентте бизнес өкілдері басқа елдердің ұқсас өнімдерін өндірушілермен тең шарттарда бәсекелесуге кедергі келтіретін шектеулерді белгілеп, отандық өнімді ілгерілету бойынша ұсыныстар айтты.

Әр өңірде Серік Жұманғарин БАҚ үшін брифингтер өткізді.

Сонымен қатар сапар барысында Серік Жұманғарин макарон және кондитерлік өнімдер, тоқыма бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың, сондай-ақ көлік-логистикалық орталықтардың, тауарлардың әртүрлі түрлерін сақтайтын кәсіпорындардың, жылына 5000-6000 тонна көкөніс өндіретін және ауданы 11 га құрайтын жылыжайдың жұмысымен танысты. Барлық нысандарда кәсіпорын басшыларымен одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу