И. Тасмағамбетов Қазақстанда SOS балалар ауылының 20 жылдығын атап өтуге қолдау көрсетуді тапсырды

24 қаңтар 2017, 17:12
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қорына қолдау көрсету мәселесі бойынша селекторлық кеңес өтті.

Кеңес жұмысына «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Серік Сейдуманов, Алматы, Астана және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Биыл Қазақстандағы SOS балалар ауылына 20 жыл толады. Алғашқы бала асыраушы отбасылар 1990-шы жылдары пайда бола бастады. Биылдан бастап Теміртау қаласындағы SOS балалар ауылындағы ата-анасының қарауынсыз қалған балалар мен жетімдерді жүз пайыз қаржыландыру жүзеге асырылуда. Ал, Алматы қаласында балалар ауылын жергілікті бюджеттен қаржыландыру үшін әкімдік оның меншік формасын өзгерту қажет деп санайды.

Бұған дейін SOS балалар ауылындағы ата-анасының қарауынсыз қалған балалар мен жетім балаларды қаржыландыру мәселесі көтерілген еді. Нәтижесінде 2015 жылы жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылға қарай біртіндеп SOS балалар ауылындағы ата-анасының қарауынсыз қалған балалар мен жетім балаларды күтуді толық қаржыландыруды қамтамасыз ету ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы әкімдіктеріне «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қорының 20 жылдығын өткізу және дайындауға қолдау көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ, И. Тасмағамбетов 2020 жылға дейін SOS балалар ауылдарындағы жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды толық мемлекеттік қаржыландыруға кезең-кезеңмен көшіру және тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін атады.

Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің толық отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын толық іске асыру үшін «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қорына балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің қатарынан баланы қабылдайтын отбасы мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ, балалар ауылдарын қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталықтары ретінде қайта құруды қарастыру ұсынылды.

1/1