Кәрім Мәсімов Павлодар облысында сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді

06 тамыз 2016, 20:14
Павлодар облысы

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі өңірдегі елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Павлодар облысында ауыл шаруашылығының қарқынды дамуын ескерсек, елді мекендерді сумен жабдықтау және егістік алқаптарын суару мәселелерінің өзектілігі артып келеді.

Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады.

К.Мәсімов тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта аймақтағы 405 елді мекенінің небәрі 78-і ғана орталықтандырылған сумен жабдықталған. Демек, өңірдегі елді мекендердің тек 19% ғана сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіш болып саналады.

Осыған орай, Премьер-Министр аймақтағы жағдайды түзеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және облыс әкімдігіне бірқатар тапсырма берді.

2016 жылдан бастап өңірде 2020 жылға дейін Павлодар облысының аумағын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған сәйкес, инфрақұрылымды дамыту және аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы арқылы 56,3 мыңнан астам адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. 

Қазіргі таңда облыста 110 ауылға жер асты суларының қоры бекітілген.

2016 жылы аймақ бағдарламасы бойынша барлығы республикалық бюджет қаражаты есебінен 720,5 млн теңге сомасында трансферт бөлінген. Бүгінге дейін 342 млн теңге немесе 47% (немесе жоспардың 100%) игерілген, желтоқсан айында 45 ауылдың қоры бекітілмек.