Кәрім Мәсімов Атырауда «Азаматтарға арналған үкімет» жұмысын тексерді

08 тамыз 2016, 20:55
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысымен танысты.

Кәрім Мәсімов болған №1 бөлімде соңғы 6 ай ішінде қала халқына 221 823 рет қызмет көрсетілген. Жалпы алғанда, Атырау облысында халыққа мемлекеттік қызмет үш қалалық және жеті аудандық бөлімде көрсетіледі.

К.Мәсімов мекеме ғимаратын көріп, туындаған мәселелерді шешу үшін бөлім басшылығына бірқатар тапсырма берді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осы жылдың сәуір айында құрылған. Халықпен мұндай жұмыстың басты артықшылығы, азаматтарға алдағы жылдары барынша көп қызмет көрсетіле алатындығында. Бірінші кезеңде корпорацияда 730 қызметтің 522-сі көрсетіледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметті көрсету үрдісі жылдам, ашық әрі қолайлы болуы үшін құрылған.  

Анықтама үшін:

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында құрылған. Ұйымның өз ішінде төрт РМК біріккен – «ХҚКО», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы» және «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы». Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алдағы уақытта да жетілдіріле түсетін болады. Атап айтқанда, ұйым басшылығымен озық технологияларды және шешімдерді пайдалану, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде әкімшілік кедергілерді азайту, «бір терезе» қағидасынан «бір өтініш» қағидасына ауысу жоспарланған.