Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2013 жылы Қазақстанда тұрғын үйлердің герметикалық жағдайын тексеруге арналған зертхана салынады

06 қараша 2012, 12:46

Бүгін  Астанада  энергия үнемдеуді енгізу  және   тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта құру мәселелеріне арналған  республикалық  конференция өтті.

 
«Біз нормативтік базаға  өзгертулер енгіздік. Қазіргі таңда барлық  үйлер энергетикалық тиімділік  шарттарының негізінде салынуда. Және  келесі  жылы біз  үйлерді  пайдалануға  қабылдау кезінде олардың герметикалық  жағдайын тексеретін және  жылу шығындарын бағалайтын   зертхана салуды жоспарлап отырмыз», - деді  Құрылыс және  ТКШ істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк   конференцияда сөйлеген сөзінде.

Бүгінде энерготиімділік бағдарламасының аясындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жобаларында   міндетті түрде энергия үнемдеуші материалдарды  қолдану, жалпы үйге жылу энергиясын есептеу құралы мен әр  пәтерге   электр қуатын,   суық және ыстық суды,  газды  есептейтін   құралдарды,  сондай-ақ   жылу жүйелеріне   реттеуші-аспаптар,  жылу тұтынымын реттейтін   автоматтандырылған жүйесін  орнату   шарттары  қарастырылған.

Оған қоса, энергетикалық ресурстарды  есептеудің тиісті аспаптарымен және  жылу тұтынымын реттейтін  автоматтандырылған жүйемен    жарақталмаған   жаңа  нысандарды   пайдалануға қабылдауға рұқсат  жоқ.

«Энергия үнемдеу және  терможаңғырту  мәселелері   меншік иелерін   жөндеу жұмыстарын жүргізуге ынталандырады. Алғаш рет мұндай  жобаларды БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда 2008-2009  жылдары   жүзеге асырды.   Және шамалап  айтқанда, ақшалай 30-35 %,  жылу энергиясы бойынша  15 -25 %  үнемге  қол жеткізілді. Мысалы,  Астанада біз бір  үйде  жаңғырту  жұмыстарын  жүргіздік («Айнұр» ПИК).  Осының арқасында    бір жылу беру маусымында 400 000 астам теңге үнемдедік»,  -деді  БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері  Александр Белый.



Конференцияда  сондай-ақ 2012  жылдың мамыр айында  басталған  және  еліміздің барлық өңірінде өткен  «Тиімді меншік иесін қалыптастыру және энергия үнемдеуді енгізу -тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың негізі»  республикалық акцияcының қорытындысы  шығарылды. Бұл акцияның мақсаты тұрғын үй саясатын халыққа түсіндіру,  энергия және ресурс  үнемдеу шараларын қолға алу,  көппәтерлі тұрғын  үйлерді жөндеуден өткізу мәселелері бойынша   тұрғын үй қатынасы субъектілеріне кеңестер беру болды.