2016 жылы Қазақстанға 33,7 мыңнан астам оралман келді

26 қаңтар 2017, 16:07
Фото: mid.gov.kz

2016 жылы 16 417 отбасы немесе 33 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды.    

«Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни 65,5% - Өзбекстаннан келген. Сондай-ақ, 24,9% - Қытайдан, 3,2% - Түрікменстаннан, 2,7% - Моңғолиядан, 3,7% - өзге елдерден оралған қандастарымыз», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.     

Олардың басым бөлігі, яғни 33,9% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 25,4% - Алматы облысына, 10,6% - Маңғыстау облысына, 5,8% - Жамбыл облысына, 24,3% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.        

«Елге оралған қандастарымыздың 65,4% - еңбекке қабілетті жаста болса, 16 жасқа дейінгілері – 28,6%, зейнеткерлер - 6% құрайды. Еңбекке жарамды этникалық қазақтардың 10,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,3%-ында орта арнаулы білім бар, 65% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 3,9%-ның білімі жоқ», - деп мәлімдеді министрлікте.

Естеріңізге сала кетейік, «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында этникалық қазақтарды тарихи Отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:

  • этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;
  • этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған;
  • оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.