Дариға Назарбаева: «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы тиімді жұмыс жасауы үшін не істеу керектігін барлығы ойланғаны маңызды

06 тамыз 2016, 01:01

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева әлеуметтік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның барлық нысандары бойынша қажеттілік картасын жасауды тапсырды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Үкімет үйінде өткен Ведомствоаралық комиссия отырысы барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2012-2015 жылдардағы кезеңде жасалған жұмысқа талдау жасалды. Кеңесте сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаға бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар талқыланды.  

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, 2012-2015 жылдары бағдарлама аясында 4 823 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Жүзеге асырылған жобаларда 63,2 мың адам еңбекпен қамтылды, оның 13,9 мыңы тұрақты жұмыс орындарына тұрды.  

«Мен де сіздермен бірге осы бағдарламаның жетістіктеріне қатты қуанамын. Ол шын мәнінде қажет және оң синергетикалық – әлеуметтік, экономикалық және саяси әсер берді. Алайда, осы бағдарламаның тиімді жұмыс жасауы үшін не істеу керектігін барлығы ойланғаны маңызды. Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа тұрған адамдардың ең болмаса 60–70% тұрақты жұмысқа ие болуы тиіс. Біздің алдымызда осындай қарапайым және күрделі міндет тұр», - деді Д.Назарбаева.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ТКШ нысандары – кәріз жүйесін, су, газ, жылу және электрмен қамту жүйелерін, әлеуметтік-мәдени нысандарды, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу қарастырылған. Бұдан өзге, бағдарламада елді мекендерді абаттандыру қарастырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік бағдарлама жүзеге асыратын жобаларды іріктеу бойынша комиссияға жергілікті өзін-өзі басқару органдарын  тартуды тапсырды.

«Нақты бір елді мекенде бір нәрсе жасалатын болса, жергілікті тұрғындар міндетті түрде шешім қабылдауға қатысулары тиіс. Жергілікті тұрғындармен кеңесу қажет. Олар өз ауылдарын дамыту – жол, денсаулық сақтау нысаны, мектеп немесе спорт кешені болсын басымдықтарды таңдауға қатысуы керек», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сондай-ақ, кеңес барысында жұмыс орныдарын құру ғана емес, сонымен қатар бюджеттен бөлінетін қаражатты тиімді жұмсау маңыздылығы талқыланды. Осылайша, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу кезінде әкімдіктерге жұмыстар сметасына Интернет жүргізуді енгізу, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ескеру тапсырылды. Бұдан өзге, ауылды елді мекендер арқылы өтетін магистральді автокөлік жолдарын жөндеу кезінде белгілеуді қамтамасыз ету және түнгі уақытта жарықтандыруға ерекше көңіл бөлу қажет.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2012-2015 жылдардағы жұмыстың нәтижелерін талқылауды қорытындылай келе, Д.Назарбаева әкімдіктерге салалық министрліктермен бірге әлеуметтік, көліктік, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның барлық нысандары бойынша электронды толық қажеттілік картасын жасауды тапсырды: соңғы жөндеу мерзімдері, келесі жоспарлы, ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізудің жоспарланған мерзімдері, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды көркейту немесе жаңа нысандарды салудағы қажеттілік. Мұндай карта мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды жоспарлау мен бақылауды  айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді.