Электронды еңбек биржасы азаматтарды еңбекпен қамтуға жәрдемдесетін нақты құрал болмақ

10 наурыз 2017, 14:46

Бүгінгі таңда электронды еңбек биржасына тәулігіне 90 мыңға жуық адам «кіреді». Айына – 1 млн адам. ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осындай статистика келтірді.

Портал жұмыс жасап тұр. Мәлімет ЖАО жұмыспен қамту орталықтарынан келеді. Бүгінде елімізде 191 жұмыспен қамту орталығы бар. Еңбекпен қамтуда мемлекет қолдауына жүгінген барлық тұлғалар порталға енгізілген. Азаматтардың өздері және жұмыс берушілер өз түйіндемелерін немесе бос орындарды бере алады. Алайда, портал ауыл тұрғындары, жеке еңбекпен қамту агенттіктері және көптеген жұмыс берушілер үшін қолжетімді емес. Министрдің айтуынша, аталған бағытта жұмыс жүргізілуде және Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында портал кеңейтіледі.   

«Біз бос орындарды жариялайтын жеке еңбекпен қамту агенттіктерімен, БАҚ-пен, жұмыс берушілермен жұмыс жасаймыз. Бұл үлкен мәліметтер банкі болады, онда жұмыс берушілердің сұраныстары мен қызметкерлердің түйіндемелері болады. Электронды еңбек биржасы еңбекпен қамту бойынша ақпаратқа қолжетімділікті, қандай да бір мамандықтарға кәсіби бағдар алуға мүмкіндікті, оған қоса қайда оқуға түсу және қандай мамандық бойынша  оқу туралы ақпарат алуға мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге – қажетті кадрларды табуға мүмкіндік беретін жақсы құрал болмақ», – деп баса айтты Т. Дүйсенова.