ФОТОРЕПОРТАЖ: Елордада балаларды қорғаудың халықаралық күні аталып өтті

01 маусым 2017, 19:13
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда жыл сайын 1 маусым күні Балаларды қорғаудың халықаралық күні аталып өтеді. Республиканың барлық түкпіріндегідей, Астанада да қала алаңдары мен саябақтарда концерттер, тегін дәм татқызу шаралары және аттракциондардан құралған мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Рrimeminister.kz тілшісі шараларға шолу жасады. 

Биыл Қазақстанның барлық өңірінде алғаш рет балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің салтанатты парады өтті. 

Бүгін сағат 11:00-де барлық облыс орталықтарының, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың орталық көшелері мен даңғыларынан еліміздің білім саласы мекемелерінің дабылшылар жасағы, үрмелі аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері, хор және бишілер ұжымдары жүріп өтті. 

Астанада төрт мыңнан астам қатысушы қала алаңынан Бейбітшілік көшесі бойымен, одан кейін Абай көшесі, әрі қарай Республика даңғылы арқылы Кенесары көшесіне дейін жүріп өтті. 

Салтанатты шерудің басында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мен Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев балаларға сәттілік тіледі. 

«Бұндай шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр, еліміздің барлық үлкен қалаларында осындай парадтар өтіп жатыр. Шараларға жалпы 75 мыңға жуық адам қатысуда. Осындай парад ең жарқын шаралардың біріне айналып, жыл сайын өткізіліп тұрады деген сенімдеміз», - деді Ерлан Сағадиев.

Әр ұжым қимылдарының үйлесімділігімен, костюмдерінің бірегейлігімен және де шығармашылық нөмірлерімен әркімді таңқалдырды. 

Парад қатысушылары арасында олимпиада мен спорт жарыстарының жүлдегерлері, сондай-ақ озат оқушылар да болды. 

Осындай ерекше машиналар бүгін Астана көшелерінен жүріп өтті. 

Осы уақытта астана кинотеатрларының бірінде ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен халықтың әлеуметтік әлсіз тобының шамамен 50 баласы «Трио в перьях» анимациялық фильмін тамашалады. 

Балалар фильмді көріп біткеннен кейін Қазақстан Республикасының ұлттық музейіне барды. Онда балаларға еліміздің тарихы мен мәдениет залдарына арнайы экскурсия жасалды. 

Сондай-ақ, бүгін балалар мейрамына орай өткізілетін Open Air концертінің қонақтары Астананың әлеуметтік мекемелерінің тәрбиеленушілерін құттықтады. 

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының сәнді костюмдер мен әдемі көйлектер, галстук тағылған жейделер киген тәрбиеленушілері қонақтарды қуана қарсы алды. Балалар қонақтарға екі аптаға жуық дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Балаларға «Асыл» тобының әншілері мен хитке айналған «Махаббат» әнінің орындаушысы Қайрат Байекенов қонаққа келді.

Балалар одан кейін аспанға өздерінің тілектері жазылған әуе шарларын ұшырды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының аға тәрбиешісі Айгүл Болатханның айтуынша, балалардың барлығында бір тілек – отбасыларына оралып, аналарының жанында болу екен.

«Біздің орталықта балалар уақытша болады. Бұл қиын жағдайға тап болған, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар. Біздің балалар – ерекше. Олар өте қайырымды, талантты, жайдары, дербес және ең бастысы өте белсенді – сахнаға шыққанды, осындай іс-шараларға дайындалғанды жақсы көреді», – деді А. Болатхан.

Мереке тәтті сыйлықтардың арқасында сиқырлы болды: «Дар» қоғамдық қоры 100 дана балмұздақ таратты. Бұдан өзге, қор балаларға көптеген пайдалы сыйлықтар – роликтер, доптар, ыдыс-аяқ, суға арналған кулерлер, ұлттық костюмдер, спорттық киімдер сыйлады. 

«Мұнда сыйлықтардан гөрі, өзіміздің қатысқанымыз маңыздырақ. Балаларға сіздердің қамқорлықтарыңыз аса маңызды. Бұл орталықпен 2013 жылдан бастап жұмыс жасап келеміз. Оларды ылғи қолдауға тырысамыз», – деді Астана қаласының «Дар» ҚҚ әлеуметтік жобаларының координаторы Рустам Ибрагимов. 

Ал, мамандандырылған түзету мектептерінің оқушылары жұлдызды қонақтар - Ринат Малцаговты, Артур Төлеповті және «Пицца» тобын қарсы алды. 

«Пицца» тобының фронтмені Сергей Приказчиков балаларға өз-өзіне сенуді және әрқашан өз арманына ұмтылуды тіледі.

«Тілімнің кемістігі болды, соған қатты ұялатынмын. Бірақ, мен әрқашан қазіргі кәсібіммен айналысатыныма сендім, және оған қол жеткіздім. Сендер де өз мақсаттарыңа жетіңдер. Алға қойған мақсаттарың нық болса, қолдарыңнан бәрі де келеді», – деп балаларды құттықтады музыкант.

 

Қазақстандық әнші Жанар Дұғалова мен ресейлік жұлдыздар Мот пен Натан SOS Астана балалар ауылының тәрбиеленушілеріне барып, бір қуантты. Балалар оларды ұлттық костюмдер киіп, дәстүрлі шашу шашып, қонақжайлылықпен қарсы алды. Қатты қуанған ұл-қыздар сүйікті әртістерінің есімдерін атап, қол алысып, өз армандарымен бөлісті. 

«Дегдар» гуманитарлық қоры SOS Астана балалар ауылына спорттық-ойын алаңын сыйлады.

«Біздің қорымыз үшін өскелең ұрпақтың далада ойнауға, таза ауамен тыныстауға, спортпен айналысуға мүмкіндігі болғаны маңызды. Балалардың қандай мамандықты таңдайтыны маңызды емес, бірақ спорт оларға мықты, өз-өзіне сенімді болуға көмектеседі», – деп атап өтті «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Ахметова.

Алаңға кіреберісте қызыл таспаны келген қонақтар – Натан, Жанар Дұғалова және Лаура Ахметова кесті.

Салтанатты ашылудан кейін балалар жаңа ойын-сауық орнын қызықтады.

Мәскеуден келген қонақ та қалыс қалған жоқ. Мот пен ұл балалар белтемірге тартылды, доп қуды. 

Одан кейін балалар өздері ұйымдастырған мерекелік концертке кезек келді. 

…Күтпеген жерден Мот акапелла шырқады.

Балалар сүйікті орындаушыларын жібергілері келген жоқ: біреуі селфи түсіргісі келсе, біреуі жұлдызды қаттырақ құшақтағысы келді.

Елордамыздың балалары үшін бүгінгі күн осындай қызықтарға толы болды. Болашақ ұрпағымызға бейбіт өмір тілейміз.