Кәрім Мәсімов: Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық кеңестермен белсенді байланыс жасауы тиіс

07 тамыз 2016, 00:52
Павлодар облысы

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысына сапары аясында Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының қоғамдық кеңестерінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу аясында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, Павлодар облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Тито Сыздықов, Ақмола облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі Дулат Жұрымбаев, ШҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Владимир Головатюк, сонымен қатар Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерқара Аймағамбетов баяндама жасады.

Бүгінде қоғамдық кеңестерге заң арқылы қоғамдық бақылау және атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функциялары жүктелгені атап өтілді. 

Премьер-Министр әкімдіктер тек қоғамдық кеңестер мүшелерінің пікірлерін ескерумен ғана азаматтардың мүдделеріне қатысы бар және халықтың жалпы әлеуметтік ахуалына ықпалын тигізетін шешімдерді қабылдау керектігін баса айтты. Осылайша, қоғамдық кеңестерге есеп беретін мемлекет құруда зор жауапкершілік артылып отыр.

Елімізде 225 қоғамдық кеңес құрылған. Оның ішінде 12 кеңес – республикалық деңгейде, 16 – облыстар, Астана және Алматы қалаларының деңгейлерінде, 197 кеңес – қалалар мен аудандар деңгейінде. Қоғамдық кеңестер мүшелерінің жалпы санының 75%-ы азаматтық қоғам өкілдері болып табылады. 

Қазіргі кезде қоғамдық кеңестердің қызметінің ұйымдастырушылық кезеңі аяқталған, төрағалары сайланып, президиумдардың құрамдары, қызмет бағыттары бойынша комиссиялар анықталып, жұмыс жоспары бекітілді.

Комиссия жұмысының бағыттары экономика, бюджет, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік, құқықтық мәселелерді қамтиды.