Қазақстанның зейнетақы жүйесі қаржыландырудың үш көзіне көшеді 

10 наурыз 2017, 14:39
Фото: primeminister.kz

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты – көп деңгейлі жүйені қалыптастыру. Оған қоса, ол көздер бойынша әртараптандырылуы тиіс. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.

Министр 1998 жылдан бастап мемлекет ынтымақты зейнетақы, 2005 жылдан бастап – базалық зейнетақы төлейтінін еске салды. 1998 жылдан бастап барлық жұмыспен қамтылған азаматтар өз жалақыларынан 10%-ды жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Мұның бәрі өзгеріссіз қалады. Жаңашылдық – ендігі жұмыс беруші зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне енгізіледі. Ол өз қызметкерінің жалақысының 5% салады.

Қаржыландырудың үш көзі бар жүйеге көшуді 2020 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көп деңгейлі зейнетақы жүйесі әлдеқайда тұрақты және зейнетақының сәйкес мөлшерін алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Т. Дүйсенова келер жылдары мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыларды одан әрі арттыру жоспарланғанын еске салды. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ынтымақты да, базалық зейнетақы да 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға ұлғайтылады. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектік, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы 16%-ға арттырылады. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгертіледі: енді базалық зейнетақы азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Бұл 3 млн астам халыққа қатысты болмақ.      

«Бұл мемлекеттік бюджеттің қосымша шығындарын қарастырады. Бюджетте 300 млрд теңгеге жуық қарастырылған. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақының орташа мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 45%-ға ұлғайтылады деп күтілуде», – деді министр.

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету идеологиясы толығымен өзгереді: атаулы сипаты күшейтілуде, үш жәрдемақының орнына АӘК төленеді, оның мөлшері әлдеқайда жоғары, кедейлік шегі күн көріс минимумының 40-нан 50% дейін ұлғайтылады. Бұл шара АӘК мөлшерлерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылы 7 мыңға жуық отбасы осы бағдарламаға қатысты және осы отбасылардың 8 мың еңбекке қабілетті мүшелерінің 90% еңбекпен қамтылды.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіндегі түрлендіру 2009 жылы басталды. Бүгін арнайы әлеуметтік қызметтер нарығы толық монополиясыздандырылғанын айтуға болады.   

«Егер бұрын мемлекеттік интернат-үйлер ғана қызмет көрсетсе, бүгінде 100-ден астам ҮЕҰ 6000 азаматқа арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Егер біз нарықты монополиясыздандырмасақ, 60 интернат-үй салуға, ол адамдарды отбасыларынан айыруға тура келер еді», – деп түсіндірді  Т.  Дүйсенова.

Қорытындылай келе, министр ведомство жер-жерлерде сыйымдылығы аз үйлер құруды жоспарлағанын атап өтті. Оң тәжірибе бар - «Балапан» бағдарламасы. Сыйымдылығы аз үйлерді МЖӘ аясында құруға болады. Одан кейін 100-ден 600-ге дейін адам тұратын инетрнат-үйлерді ірілендіру жоспарланған. Бұл түрлендірулердің басты мақсаты – адамдардың тұратын жерлерінде әлеуметтік қызмет көрсету. 

1/2
2/2