Кәрім Мәсімов Атырауда тұрғын үйлердің салынуын тексерді

08 тамыз 2016, 20:44
Атырау облысы

Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Нұрсая» шағын ауданындағы «Жерұйық» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды.

«Жерұйық» тұрғын үй кешенінің құрылысы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында қаржыландыруымен және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асып жатыр. Кешен «Нұрсая» шағын ауданындағы он алты 5 қабатты 25 пәтерлі тұрғын үйден тұрады. Кешен аумағына барлық жағынан кіруге болады, сондай-ақ мұнда жайлы автотұрақтар, балаларға арналған ойын алаңдары, спорт және шаруашылық алаңдары қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70% аяқталды.

Кәрім Мәсімов құрылыс алаңын аралады және тұрғын үй кешені құрылысының барысы туралы баяндаманы тыңдады.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы 2014 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры бағдарламасы аясында тұрғын үйді сатудың екі нұсқасы қарастырылған: тікелей сату және жалға беру арқылы сату. Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлері алдымен жергілікті атқарушы органдар арқылы кезекте тұрғандардың арасында сатылады.

Жалпы, бұл бағдарлама тұрғындардың өмір сапасын арттырып, аймақтардың тіршілік инфрақұрылымдарын және экономикалық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Анықтама үшін:

Тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекет саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмысын реттейтін бірқатар заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілер, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар: Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңы; Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; Қазақстан Республикасының құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бойынша 2010–2014 жылдарға арналған бағдарламасы; «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы  қабылданды.  

2015 жылы 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 1991 жылмен салыстырғанда, барлық қаржыландыру көздері бойынша салынған тұрғын үйлер 2,8 млн шаршы метрге немесе 45,9% артты.

25 жыл ішінде (1991 жылдан 2016 жылдың 1 маусымына дейін) Қазақстанда  110,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл  1 млн астам отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Оның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла басталған кезден бері 752,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, соның нәтижесінде  12421 отбасы өздерінің баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды, оның ішінде 8680  отбасы жалға берілетін тұрғын үйге ие болса,  3741 отбасы тұрғын үй займдарын алды.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы - 7600 мың шаршы метр,  2017 жылы - 7700 мың шаршы метр, 2018 жылы - 8000 мың шаршы метр, 2019 жылы - 9000 мың шаршы метр, 2020 жылы – 10000 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қарастырылған.