Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2016 жылы 4 мыңнан астам нысан мүгедектер үшін қолжетімді болды

17 ақпан 2017, 12:40

Қазақстанда, 2012-2016 жылдар аралығы, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына жататын 27,8 мың нысан мүгедектерге қолжетімділігі тұрғысынан төлқұжаттандырылды. Оның ішінде 17,5 мың нысан бейімделуге тиесілі болса, 11 мың 212-сі мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетіне икемделді. Бұл туралы, бүгінгі брифинг барысында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады. 

Вице-министр Қазақстан 2015 жылы Мүгедектер құқығы жайлы конвенцияны мақұлдаған соң, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты міндеттерді іске асыруға кіріскенін еске салып өтті. Аталған құжат қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында, сол жылы «Мүгедектер құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір ҚР заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған және онда 3 кодексті қосқанда, 24 заңнама актісіне түзетулер жасалған.

«Заңға түзетулер жасаудағы басты мақсат – мүгедектер мен өзге де іс-қимылы баяу тұрғындар тобының кедергісіз қозғалып тұруын қамтамасыз ету», - деді С. Жақыпова.  

Атап айтқанда, теміржол вокзалдары мен станцияларында, айлақтар мен әуежайларда арнайы жол белгілерін орната отырып, мүгедек жандарға автокөлік құралдарын қоятын орындар қарастыру; көзі нашар көретін, құлағы естімейтін азаматтарға қолжетімді болатындай ақпараттық әрі белгі беру құрылғыларымен және байланыс құралдарымен жабдықтау; тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған жандарға қызмет көрсетуге керек кезекші қоларбаның болуы; қоларбада отыратын мүгедектерге мамандандандырылған таксофондар орнату сынды талаптар бекітілді.

Вице-министр қызмет иелерінің немесе кәсіпкерлікпен айналысатын заңды-жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеуі, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратынын айтты. Қызмет иелеріне салынатын айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішті құраса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік санатына 400 АЕК болып есептелген.

Мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету аясында, 2012 жылдан бастап, жыл сайын оларды бейімдеудің өңірлік жоспарлары жасалуда, ал ҚР ЕХӘҚМ мамандары атқарылған жұмысқа тұрақты түрде сараптау жүргізуде.

С. Жақыпованың айтуынша, барлығы Қазақстанда мүгедектер жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. Жергілікті атқарушы органдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде, 28 мың 205 нысанды төлқұжаттандырудан өткізуді көздеген еді. Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7%) төлқұжат алса, оның 17 мың 506 нысаны (62,9%) бейімделуге тиесілі болды. Бұлардың 11 мың 212 нысаны (64%) қажет деңгейде икемделді. Мүгедектерге қолжетімділік қамтамасыз етілген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының үлесі, төлқұжатқа ие болған жалпы нысандар қатарынан 77,4%-ды құрады.

2016 жылы, бейімдеуге қажет нысандардың жалпы қатарынан, 4 мың 640 нысанды мүгедектердің мұқтаждығына лайықтау межеленген болса, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, 4 мың 537 нысан (97,8%) қажет дәрежеге келтірілген.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменттері, былтыр, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көліктік қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектерге қолжетімділігі бағытында ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» Заңының талаптарын сақтауға қатысты ішінара 83 және 287 жоспардан тыс тексеріс өткізген. Тексеріс шаралары нәтижесінде, 335 субъектіге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым жасалып, жалпы сомасы 26,1 млн теңгеге 157 әкімшілік айыппұл салынған.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында, іріктей отырып 122 тексеріс жүргізу жоспарланған.

Осымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігі тұрғысында «Қолжетімді орта» (friendlybuilding.kz) интерактивті картасын жасап шыққан. Бұл картаға, жергілікті атқарушы органдар, тұрақты түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы ақпараттар енгізуде. Үстіміздегі жылдың 15 ақпанындағы мәліметке сәйкес, аталған ресурсқа 27,8 төлқұжат алған нысанның 24 мың 834-і жайлы мағлұмат орналастырылған.

1/1