Алматыда Премьер-Министрге дамудың жаңартылған Бас жоспары таныстырылды

16 тамыз 2016, 00:45
Алматы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов жұмыс сапары аясында мегаполисті дамытудың Бас жоспарымен танысты.

Қазіргі таңда Алматының Бас жоспары әзірлеу және келісу кезеңінде тұр. Экономиканың жылдам дамуы мегаполис халқының 20%-ға артуына алып келді, нәтижесінде алдында 2021 жылға дейін жоспарланған көрсеткіштерге 2013 жылы-ақ қол жеткізілді.

Бас жоспарды Премьер-Министрге таныстырған Алматы әкімі Б. Байбек жаңа Бас жоспардың жаһандық трендтерге бағдарланғанын – қаланың құрылымы тиімді болуы тиіс екенін айтып өтті.

Мегаполистің орталық және шалғай аудандары бірдей сапалы дамиды, ал көлік жүйесі «ақылды мобильділік» қағидасы бойынша жұмыс істейді деп күтілуде, яғни мегаполисте өмір сүруді барынша жайлы ету көзделген.

Бас жоспарды түзету жобасы Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың аймақаралық сызбасын ескере отырып жасалған. Сонымен, 2014 жылы Алматы қаласына жалпы халық саны 92 604 адам болатын 27 елді мекен қосылды. Оған қоса, қаланың орталық бөлігінде қоғамдық көліктерге басымдық беріледі, ол көлік кептелістерінің азаюына әсер етіп, экологиялық ахуалды жақсартады.   

Премьер-Министрге Алматы әкімі мәлімдегендей, жаңа автокөлік жол айырықтары мен Үлкен Алматы айналма жолын (ҮАААЖ) салу қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтады. ҮАААЖ ұзындығы 66 шақырымнан асады, бұл жол 5 республикалық жолды және жергілікті маңыздағы 14 жолды байланыстырады.

Алматыны дамытудың жаңартылған Бас жоспары 2035 жылға дейін жобаланған.  

Анықтама үшін:

Қаланың алдындағы Бас жоспарына (1999–2001) сәйкес, Алматы халқы 2020 жылы 1,5 млн тұрғынды құрауы тиіс болатын. Алайда 2013 жылдың қазан айында қалада 1,5-миллионыншы тұрғын дүниеге келді.

2014 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының аумағы екі есеге ұлғайып, 70 мың га-дан асты. Қазіргі уақытта Алматы қаласының халқы 1 млн 716 мың 779 адамды құрайды. Қала халқы 2 млн 460,4 мың адам болатын Алматы агломерациясының ядросы болып табылады.