Қазақстанда шетел азаматтарына жұмыс істеуге 29 мыңнан астам рұқсатнама берілді

16 тамыз 2016, 18:22
Фото: nb.kz

2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 29 458 рұқсатнама берілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Олардың ішінде 1 716-сы бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5 550 – екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген. ШЖК тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші (мамандар) – 13 382 және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша – 6 934, маусымдық жұмыс бойынша – 1 876 берілді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 3 672 жұмыс беруші бар. Оларда 465 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни жалпы жұмыскерлері санының 93,7% құрайды.

Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай – 11 713 адам, Түркия - 3 302, Өзбекстан – 3 012, Ұлыбритания – 1 490, Үндістан – 1 274 және т.б. болып есептеледі.

Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілеп отырады. 2016 жылы республиканың экономикалық белсенді тұрғындарына шаққанда ШЖК тарту квотасы 0,7% мөлшерінде белгіленді, ол 63 мың адамды құрайды.