Павлодар колледждерінің студенттері облыс кәсіпорындарында ақылы практикадан өтеді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов корпустық және металл жиһаз жасап шығаратын зауытты аралады. Кәсіпорында Павлодар химия-механикалық колледжінің студенттері дуалды оқыту аясында еңбек етеді. 

Зауыт басшысы Рафаиль Бразинский кәсіпорын жылына 21 мың металл және 26 мың корпустық жиһаз шығаратынын айтты. 

«Зауытта 50 жұмыс орны бар. Орташа жалақы 150 мың теңгені құрайды. Студенттер көмекші персонал ретінде 80-120 мың теңгеге дейін алады», — деді «TROYA» ЖШС директоры. 

Кәсіпорын мен колледж арасында кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалды. «Жас маман» жобасын жүзеге асыру аясында колледж пластик бұйымдар шығаратын жабдық сатып алды. Колледжде полипропиленнен жасалған канистрлер мен бөтелкелер, сондай-ақ, жиһазға арналған ұсақ бөлшектер өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. 

Бұл студенттер практикадан өтіп, өз еңбектері үшін ақы алатын дуалды оқытудың жалғыз оң мысалы емес. «Ертіс» жоғары аграрлық колледжінде «Ветеринария» мамандығы бойынша оқитын студенттер «БиК» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ақсу қара металлургия колледжінің студенттері Ақсу ферроқорытпа зауытында ақылы практикадан өтеді. «ERG» компаниялар тобының кәсіпорындарында үздік студенттер атаулы шәкіртақы, ал олардың педагог-тәлімгерлеріне жалақыға үстемақы төленеді. Ақылы тәжірибе ақысының көлемі 250 мың теңгеге дейін жетеді.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, өңірдегі барлық агротехникалық колледждер мен үш қалалық колледждің базасында оқу-өндірістік кабинеттер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта облыстың 27 қала құраушы кәсіпорындары колледждерді қамқорлыққа алды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің үштен бір бөлігі 146 кәсіпорында дуалды оқыту бойынша тәжірибеден өтеді. 

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов оқу мекемелері, кәсіпорындар мен әкімдіктің арасындағы үш жақты әріптестікті нығайтуды тапсырды.

«Әріптестікті нығайту қажет. Жұмыс істеп, өнім өндірсеңіздер, біз сіздерді қолдаймыз», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов.

Айта кетейік, жыл басында аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасы бойынша 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама облыс тұрғындарының пікірін ескере отырып әзірленді және тұрғындар арасында «халықытқ» атауына ие болды.  Бағдарламаның он мақсатының бірі – жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты азайту. Ұлттық жобалар мен жеке бастамаларды іске асыру аясында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу