Тауарларды таңбалау жобаларын енгізу бойынша шешімдер жан-жақты талқылаудан кейін қабылданатын болады – Жұманғарин

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жұмыс кездесуінде «Қазақтелеком» АҚ Сауда және интеграция министрлігінің және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының өкілдері тауарларды таңбалаудың ағымдағы мәртебесін, даму перспективалары мен осы саладағы негізгі міндеттерді талқылады.

Тауарлардың еркін және заңды айналымын, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу бойынша жұмыс 2018 жылы басталды.

Бүгінгі таңда міндетті таңбалау төрт тауар тобы бойынша енгізілді: тері бұйымдары, темекі бұйымдары, аяқ киім тауарлары және дәрілік заттар. Қапталып оралған су, құрамында қант бар сусындар мен зергерлік бұйымдар бойынша пилоттық жобалар жұмыс барысында. 2021 жылы жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталды, реттеушілік әсерге талдау жүргізіліп жатыр. Елде міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім «Атамекен» ҰКП-мен келісім бойынша табысты пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша теріс әлеуметтік-экономикалық салдар болмаған кезде қабылданады.

Кездесуде «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС-ның өкілі атап өткендей, қазіргі уақытта таңбалау жүйесінде 38 мыңнан астам қатысушы тіркелген, 3,3 млрд Data Matrix коды шығарылған. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, тері бұйымдарын міндетті түрде таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды, жеңілдікті салық салу үшін арнайы салық режимі бойынша шекті мәнді қолдану мақсатында кірістерін төмендеткен салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде патент негізінде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер саны 13 есеге қысқарды. Алайда бақылаудың, қадағалаудың және әкімшілік жауапкершіліктің болмауы көлеңкелі тауар айналымының қысқару динамикасының төмендеуіне әкелді. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар ӘҚБтК-ге тиісті өзгерістер енгізуді пысықтап жатыр.

«Тауарларды таңбалау жобасын енгізудің негізгі міндетін, бірінші кезекте, отандық тұтынушыларды қорғау құралы ретінде қарастырамын. Ол үшін барлық мүдделі қатысушылардың пікірін тыңдап, салалық қауымдастықтармен кездесу керек. Жан-жақты талқылау қорытындылары бойынша ғана шешімдер қабылданатын болады», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу