Қазақстанның көлік саласы оң динамиканы көрсетуде — Қ. Өскенбаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселесі қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бүгінде көлік саласы оң динамиканы көрсетуде. Жүк тасымалы көлемі артып келеді.

Биыл қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:

- теміржол көлігімен жүк тасымалы 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады;

- транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тонна болды, контейнерлермен тасымал 12%-ға артып, 174,7 мың жиырма футтық баламаға жетті. 

«Биыл алдымызда теміржолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1 100 мың жиырма футтық баламаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы теміржол көлігімен тасымалданады», — деді Қ. Өскенбаев.

Жалпы, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған. 2025 жылға дейін транзиттік тасымалды 30 млн тоннаға дейін жеткізу керек.

Осы мақсатқа жету үшін теміржол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Теміржол көлігі саласында «тар жерлерде» өткізу әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін 3 негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

Бірінші. «Достық – Мойынты»

Бұл жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасы мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін, учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге дейін ұлғайтып, тасымал жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттырады.

Екінші. «Дарбаза – Мақтаарал»

Аталған жоба Орта Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді. 

Үшінші. «Алматы станциясының айналма теміржол желісі»

Жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Отандық вагон жасауды қолдау мақсатында өз елімізде шығарылған вагондарды сатып алуға кредит бергенде вагон операторлары үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы бағдарлама шеңберінде шамамен 3,5 мың фитингтік платформа және 2 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан темір жолы» 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отыр.

Жүк тасымалдарын одан әрі дамыту мақсатында министрлік отандық электровоздар (ALSTOM) мен тепловоздарды (ЛКЗ GE) сатып алғанда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдауды заңнамалық түрде енгізуді ұсынады.

Қазір әлем елдері жүктерді контейнерлеуге қарқынды көшуде. Аталған бағытты іске асыру үшін министрлік «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тасымал нарығына мұқият талдау жүргізді. Экспорттық жүктерді контейнерлеудің болжамды көлемі және контейнерлерге қажеттілік айқындалды. Бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр.

Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары - АрселорМиттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірді. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда.

Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланып отыр. Мәселен, «Қазақстан Инжиниринг», KLMZ «Мэйкер», SMP Group және FESCO отандық зауыттары базасында 20 және 40 футтық контейнерлер, сондай-ақ рулонды болат пен кен жүктеріне арналған контейнерлер өндірісін жолға қою жұмысы жүргізілуде.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» отандық контейнерлерді өндірушілер мен сатып алушылар үшін жеңілдікпен кредит беру тетігін іске қосады. Жалпы, 22 млн тонна экспорттық жүкті, контейнерлерге қайта бағдарлау көзделуде. Бұл, өз кезегінде қосымша 117 мыңға жуық контейнерді қажет етеді. Отандық өндірісті жолға қою, контейнерлердің жеткілікті паркін қалыптастыруға, тасымалдарды контейнерлеу үлесін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Сонымен қатар, Қайырбек Өскенбаев министрлік экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін баламалы бағдарлар мен дәліздерді пысықтағанын айтты. Жүктерді жеткізудің логистикалық тізбектерінің бұзылуын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылданды.

«Экспорттық жүктер Латвия порттарына (Лиепая, Рига, Вентспилс) және Транскаспий халықаралық көлік бағдарына бағытталады. Көлік-логистикалық компаниясына ұқсас Транскаспий бағдары шеңберінде Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол жеткізілді», —  деді ол.

Транскаспий бағдары бойынша жүк тасымалын дамыту мақсатында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құру жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру үшін Сингапурлық PSA International компаниясымен келіссөз жүргізілді. Сонымен қатар, Maersk, MSC және Cosco Shipping сияқты әлемдік контейнерлік операторларының паркін тарту көзделуде.

Жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын 4 пароммен толықтыру жоспарлануда.

Биыл шамамен 4 млн тонна экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2025 жылға қарай автопарк санын 7615 бірліктен 15 мыңға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы мақсатта 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін Еуро-5 экологиялық класты ершікті тартқыштар бастапқы тіркеуден босатылады. Сондай-ақ, салмағы 12 тоннадан 50 тоннаға дейінгі көліктің бұл түрі кәдеге жарату алымынан босатылған. Бұл шаралар отандық кәсіпкерлерге ершікті тартқыштарды сатып алғанда 4,27 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Транзиттік автотасымалдардың болжамды көлемі 2025 жылға қарай 3,5 млн тоннаны құрайды.

Транзитті дамытуда халықаралық дәліздердің өткізу қабілеті аса маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы 8 автомобиль транзиттік дәлізі өтеді. Барлық дәліздер толық қуатында жұмыс істейді. Жекелеген учаскелер бойынша реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Оларды 2030 жылы аяқтау жоспарланған.

Бірінші дәліз, бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», ұзақтығы 2 747 шақырым. Бұл дәліз Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орта Азия елдеріне, атап айтқанда Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері қарай транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Дәлізді толық реконструкциялау 2009-2017 жылдар аралығында жүргізілді.

Көлік ағынының артуына байланысты 2023-2030 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі (Мәртөк) ұзақтығы 1 363 шақырым болатын учаскені бірінші техникалық санатқа кезең-кезеңімен ауыстыруды жоспарлап отырмыз.

Екінші дәліз – «Алматы-Қарағанды-Нұр-Сұлтан-Петропавл-Қорғандағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 1868 шақырым. Бұл дәліз Орта Азия елдерінен Қазақстан, Ресей және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Транзиттің бір бөлігі Қытайдан келеді. 2023 жылы бірінші техникалық санатқа ауыстыра отырып, «Алматы-Қарағанды» учаскесін реконструкциялау аяқталады. 

Үшінші дәліз «Нұр-Сұлтан-Қостанай-Челябинскідегі РФ шекарасы». Ұзақтығы 860 шақырым. Бұл дәліз Орта Азия елдерінен Қазақстан, Ресей және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Қозғалыс қарқынының артуына байланысты «Нұр-Сұлтан-Қостанай-Челябинскідегі Ресей шекарасы» учаскесін 2023 жылға дейін бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда.

Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасының шекарасы–Майқапшағай-Қалбатау-Семей-Павлодар-Омбыдағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 1 116 шақырым. Бұл дәліз шығыс өңірдің негізгі бағыттарының бірі. Ол бойынша транзит Қытайдан Қазақстан, Ресей аумағы арқылы және одан әрі Еуропаға бағытталады. Қазіргі уақытта «Қытай шекарасы-Майқапшағай-Қалбатау» учаскесін реконструкциялау жүргізілуде. Жұмыстар 2023 жылы аяқталады. 

Бесінші дәліз «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-Барнауылдағы РФ шекарасы», ұзақтығы 1210 шақырым. Бұл да Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлеріне және Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз ететін, үлкен сұранысқа ие бағыт. Қазіргі уақытта «Талдықорған-Өскемен» автожолын реконструкциялау жүргізілуде. 2023 жылы осы учаске бойынша жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.

Алтыншы дәліз – «Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат-Атырау-Астраханьдағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 893 шақырым. Бұл дәліз Өзбекстан мен Түрікменстанның Қазақстан және Ресей арқылы Еуропаға транзитін қамтамасыз етеді. «Ақтөбе-Қандыағаш» және Атырау – Астрахань учаскелері бойынша реконструкциялау жүргізілуде. Оны 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Биыл «Қандыағаш-Мақат-Атырау» учаскесін реконструкциялау аяқталады.

Жетінші дәліз – «Ақтөбе-Орал-Самара». Ұзақтығы 523 шақырым. Орал арқылы Самараға және одан әрі Брест арқылы Еуропаға апарады. 

Сегізінші дәліз. ТРАСЕКА.

«Бүгінгі таңда Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4016 шақырым болатын ТРАСЕКА көлік дәлізі үлкен сұранысқа ие. Ол Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Темір жол инфрақұрылымын және транзиттік әлеуетті дамыту туралы «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндады. Былтыр Қазақстан арқылы бір миллион алпыс алты мың контейнер тасымалданды. 2016 жылмен салыстырсақ, бұл 4,3 есе көп. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша Қытай/Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнер ағынының 5-8% Қазақстанға тиесілі.

«Негізгі транзиттік дәліз - Қытай-Еуропа-Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің теміржол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. ҚТЖ Middle дәлізін дамыту үшін Әзербайжан мен Грузияның теміржол әкімшіліктерімен де дәл осындай бірлескен кәсіпорын құру туралы бастама көтерілді. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы көршілерімізбен бірлесіп Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Биылғы екі айдың қорытындысына қарап, біз контейнерлік транзиттік тасымал қарқынын жылдың соңына дейін сақтауға болатынын бағамдап отырмыз», — деді ҚТЖ басшысы.

Былтыр жүк айналымы 239,3 млрд т/км жетті. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ал, транзит 39,6 млрд т/км құрады (21 млн тонна). Транзит өткен жылғы деңгейден 2% көбейді. Жалпы табыс 120,6 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылы түскен пайдамен салыстырғанда 7,4 есе көп. Осы жылғы ақпанда ҚТЖ қызметкерлерінің орташа жалақысы 273 мың теңге болды. Жалақы деңгейін өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ 41,5%-ға артық. 

Пандемияға байланысты әуе және теңіз көлігіндегі іркілістер (теңіз порттарындағы кептелістер) және соның салдарынан туындаған теңіз фрахты бағасының қымбаттауы теміржол тасымалына айтарлықтай басымдық берді. Күрделі кезеңде ҚТЖ теміржол тарифтерінің тұрақтылығын сақтап, жүктерді жеткізу мерзімі мен шарттарының орындалуын жоғары деңгейде жүзеге асыра білді. Теміржолдың бір артықшылығы – экологияға аса зиян келтірмейді және энергия пайдалану тұрғысынан өте тиімді. Ауаға көмірқышқыл газын жүк автомашиналарынан 24 есе, авиациядан 9 есе, су көлігінен 8 есе аз шығарады. Еуроодақтың көміртегі деңгейін азайту стратегиясы шеңберінде негізгі рөл теміржол көлігін дамытуға бөлінген.

ҚТЖ Қытаймен алыс-берісті ұлғайтуға бағытталған 3 негізгі инфрақұрылымдық жобаға бастамашы болды:

1. Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолды салу;

2. Алматыны айналып өтетін жолды салу; 

3. Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу