Үкімет 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 

Үкімет басшысы жаһандық теріс ықпалдардың аясында биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ 1,8%-ға төмендегенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың нақты секторында тұрақты өсім байқалған. Тауарлар өндірісі 4,1%-ға өскен. 

Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2%) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) болды, олардың өсімі автомобиль жасау (46%), фармацевтика (24%), дайын металл өнімдерін өндіру (20%), жеңіл өнеркәсіп (8%), резина және пластмасса бұйымдарының (8%) және қағаз өндірісі (15%) есебінен қамтамасыз етілді.  Сонымен қатар тау-кен өндірісі өнеркәсібінде (2,2%) оң динамика байқалды. Еліміз бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру 7,3%-ға өсті. Дегенмен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларын енгізу аясында биылғы 6 айда қызмет көрсету секторында 5,6%-ға төмендеу байқалған. Жылдық инфляция 7% құрады. 

Еліміз бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қамтамасыз етілді. Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің оң екені байқалды, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жекелеген көрсеткіштердің теріс екені байқалды. Қызылорда, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары көптеген көрсеткіштер бойынша орташа республикалық деңгейден артта қалған.  

«Қазіргі кезде Үкіметтің негізгі міндеті – коронавирус індетінің және жаһандық дағдарыстың теріс салдарын жою, елімізде жұмыспен қамтуды қолдау. Осы мақсатта ауқымды шаралар қабылданып жатыр», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және тұрғындарды қолдау бойынша жедел және шұғыл шаралардың 2 топтамасы (биылғы 23 және 30 наурызда) қабылданғанын атап айтты. 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында тұрғындардың іскерлік белсенділігін ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шаралар іске асырылуда. Жаңа редакциясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды әзірлеу жұмысы жүргізілуде, ол еліміздің орташа мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағдарларын айқындайды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтуды қалыптастыру шараларымен 1,2 млн-нан астам азамат қамтылды. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы бойынша 6,5 мың жобаның 6,1 мыңнан астамы іске асырыла бастады, 146 мың адам жұмысқа орналастырылды. 5,5 мың шақырым республикалық және 4 мың шақырым жергілікті жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Осы жылдың 6 айында 800 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкцияланды, 13,7 млрд теңге сомасына өңірлерді газдандыру бойынша 21 жоба іске асырылып жатыр.

Индустрияландыру картасы аясында биыл отын-энергетика және агроөнеркәсіптік кешендерде, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында, машина жасау және фармацевтика салаларында 1,1 трлн теңге сомасына 160 жоба жүзеге асырылады.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға 232 млрд теңгеге дейін, қайта өңдеуге 16,6%-ға 40 млрд теңгеге дейін өсті. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн гектарға дейін жеткізілді. Биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлеміндегі экспорты 14,9%-ға, 4,7 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін артты. Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру жобаларын іске асырудың нәтижесінде суармалы жерлердің жалпы көлемі 2020 жылғы 1,5 млн га-дан 2022 жылы 2 млн га-ға дейін ұлғаяды.

Қазақстанның жаһандық дата-хаб ретінде дамуы аясында 110 млрд теңгеден астам тартылған инвестициялармен 32 дәстүрлі және 17 ірі тау-кен деректерді өңдеу орталығы салынды. 2024 жылға дейін 633 млрд теңгеге қосымша инвестиция тарту және 2000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-Министр Үкімет бизнеске салықтық жүктемені жеңілдетумен және бюджет шығыстарын экономикалық белсенділікті қолдауға бағыттай отырып, контрциклді макроэкономикалық саясатты іске асыруды жалғастыратынын атап өтті. Адами капиталды дамыту, институционалдық реформаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады, тікелей шетелдік инвестицияларды жаппай тарту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасалады.

«Үкімет экономиканы тұрақтандыру, жұмыспен қамту деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деді А. Мамин.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу