Үкімет басшысы ДДҰ өкілдерімен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы (ДДҰ ТКНК) Хатшылығының басшысы Адриана Бланко Маркизомен кездесу өткізді.

Тараптар қазақстандық заңнаманы ДДҰ ТКНК стандарттарына үйлестіру бағытында ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанда темекіге бақылауды күшейтудің өзекті мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов азаматтардың денсаулығын нығайту мәселесі тұрақты назарда екенін атап өтті. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ратификациядан өткен Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын сақтайды.

«Біздің еліміз Ұлттық заңнама деңгейінде қағидаттарды енгізе отырып, ДДҰ міндеттемелерін орындау бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, темекі тұтыну деңгейі төмендеді. Қазақстандықтар темекі түтіні жоқ ортаны қолдайды және темекіден бас тартқысы келетіндердің қатары көбейіп келеді», — деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Адриана Бланко Маркизо Қазақстанда халықтың денсаулығын жақсарту үшін қабылданып жатқан іс-шараларды атап өтті.

«Қазақстанда 2022 жыл келешек ұрпақты қолдау мақсатында балалар жылы деп жарияланды. Қазақстан саясатында денсаулық мәселелеріне басымдық берілетіні өте маңызды», — деді ДДҰ өкілі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу