Үкімет ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу тетігіне өзгерістер енгізді

Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалды жою мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссия тәртіпсіздіктер кесірінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынды өтеу тетігіне өзгерістер енгізді.

Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің ерекшеліктерін барынша есепке алу және залалды объективті түрде өтеу мақсатында Комиссия «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Алматы қаласының Өңірлік комиссиясының өтінімдерді бастапқы қарау қорытындыларын талдады. 

Талдау барысында қосымша түзетулер жасау қажет екендігі анықталды:

- бизнес субъектісінде бірнеше объекті болған жағдайда орташа айлық айналым бойынша есептеу тәртібі түзетілді;

- залал сомасы мен орташа айлық айналым арасындағы айырма кезіндегі есеп қайта қаралды;

- орташа айлық айналым бойынша есептеу кезінде 2021 жылда нақты жұмыс істеген айлар ескерілетін болады;

- ломбардтар мен айырбастау пункттері бойынша залалды өтеу сот сараптамасы негізінде ғана жүзеге асырылады;

- бағалау компанияларының қызметтері үшін төлем жасау тәртібі нақтыланды.

Келтірілген шығынды барынша есепке алу және өтеу мақсатында өңірлердің әкімдіктеріне жаппай тәртіпсіздіктер барысында мүлкіне зиян келтірілген жеке тұлғалардың өтінімдерін қарау бойынша өкілеттіктер берілді.

Үкімет Мемлекет басшысының биылғы 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен өткен кеңес барысында берген тапсырмаларына сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын қосымша пысықтап жатыр.

Келтірілген залалдың бұрын-соңды болып көрмеген үлкен ауқымына, көптеген бизнес субъектілерінде қажетті құжаттардың болмауына, сондай-ақ орташа залалды анықтау мүмкіндігінің болмауына байланысты кәсіпкерлерден объективті қиындықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Үкіметтің мақсаты — кәсіпкерлердің қызметін қалпына келтіру үшін залалды жедел түрде өтеу.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу