Үкімет су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

«Қазгидромет» РМК-ның өзен бассейндеріндегі қар қорының көлемі бойынша алдын ала болжамдары қолайлы, бірақ қардың қарқынды еруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда бірқатар өңірде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін. Қазіргі таңда ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75%-ды құрайды. 6 мың су шаруашылығы құрылыстарының 500-ге жуығын жөндеу қажет.

Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді, оны іске асыруға 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда.

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді, жанар-жағармай, инертті материалдар мен қап қорлары қалыптастырылды, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылды, саны 38 мыңнан астам адам, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралымдары айқындалды. Елді мекендерден 13 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Наурыз айының басында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда, оның барысында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындығы тексеріледі.

ТЖМ авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды, атап айтсақ, 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа дайын. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалды, Қазавиақұтқару әуе кемелері тұрақты дайындықта тұр.

«Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», — деп А. Мамин, бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды.

Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне заңнамаға сәйкес қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін аяқтау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне автомобиль жолдарында су басуға жол бермеу, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақытылы дайындау тапсырылды.

«Өңірлердің әкімдері қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен тұрғын үй алаптарында уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», — деді А. Мамин.

ТЖМ-ге өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, тиісті жедел штабтар құру, алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайын болуын және су тасқыны қаупі болуы мүмкін кезде халықты уақытылы хабардар ету тапсырылды.

Үкімет басшысы су басу қаупі мен туындауы кезіндегі іс-қимыл ережелеріне халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу