Үкімет жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері қаралды.

Мал азығын дайындаудағы қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, өңірлерде жем-шөп дайындау барысы туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, егін жинау жұмыстарына дайындық туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндады.

Биылғы жаз ерекше құрғақ болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңір зардап шекті. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі шешімдерді Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб қабылдап жатыр.

Биылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7%-ын құрайды.

Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді, жем-шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жем-шөп жеткізілді. Батыс өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кірісті.

Осы жылғы 23 тамыздан бастап ірі азықты республикадан шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, биылғы 1 қыркүйектен бастап мал жемін экспорттауға квоталау енгізіледі.

«Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды», — деп А. Мамин, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Үкімет басшысы егін жинау науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданғанын атап өтті.

Биыл ауа-райының қолайсыздығына байланысты жетекші астық өндіруші елдерде бидай өнімділігінің төмендеуі болжануда. Мәселен, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық астық кеңесінің болжамдары бойынша, Құрама Штаттарда бидай түсімінің 4,4%-ға – 49,7 млн тоннадан 47,5 млн тоннаға дейін, Канадада 32%-ға – 35,1 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін, Ресейде 15%-ға – 85,3 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін төмендеуі күтілуде.

Болжам бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың жеткілікті көлемі жиналады. Сонымен қатар 6,5-7 млн тоннаға жуық экспорттық әлеует сақталады.

Үкімет басшысы егін жинау науқанын сапалы өткізіп, элеваторлардың өнімді қабылдау мен сақтауға дайындығын қамтамасыз ету, астық қабылдау кәсіпорындарының оны сақтау үшін уақытылы қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде ЖЖМ-ді уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу