Ұлттық қордан 2022 жылға бекітілген кепілдендірілген трансферт мөлшері түзетіледі — ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетінің нақтыланған болжамы мақұлданды. ҚР ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров пен қаржы министрі Е. Жамаубаев баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылауды қарауға енгізді. Макрокөрсеткіштердің болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды. Мәселен, жыл басынан бері ел экономикасы өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5%-ды құрады.

Ә. Қуантыровтың айтуынша, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне орай сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлануына байланысты халықаралық қаржы ұйымдары осы жылы әлемдік Жалпы ішкі өнімнің өсу перспективаларының төмендеуін күтуде. S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсірді.

«Мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы барреліне $98 болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын $74-105 аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне $90 деңгейінде айқындалды», — деді ұлттық экономика министрі.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары.

Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеуюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді.

Құрылыста өсім бұрын мақұлданған деңгейде сақталады – 3,8%.

Ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұраныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3%-дан 5%-ға дейін төмендеді.

«Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт $72,2 млрд дейін өседі. Импорт $40,2 млрд құрайды. Инфляция 8-10% дәлізде анықталды», — деп мәлімдеді ұлттық экономика министрі.

Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланғанын айта кету керек. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10 162 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары.

Кірістер бойынша негізгі ұлғаю мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша күтілуде.

Президент қойған міндеттерді іске асыру және республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылға бекітілген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 1630 млрд теңгеге ұлғайтып, 4 030 млрд теңгеге дейін түзету ұсынылады.

ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды.

Нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұған дейін қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілді.

Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды.

Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды:

  • бюджеттің өз кірістері – 1,1 трлн теңге;
  • Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту – 1,6 трлн теңге.

Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталатын болады.

Е. Жамаубаев осы блоктың басым бағыттарына тоқталып өтті.

Бірінші. Халықтың табысын арттыру бойынша жалпы шығыстары 197 млрд теңге болатын іс-шараларды жүзеге асыру. 

Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етілетін болады.

Екінші. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберіндегі іс-шаралар – 238 млрд.теңге.

«Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталатын болады», — деді қаржы министрі.

Үшінші. Жалпы сомасы 476 млрд теңгеге қосымша шығыстармен өңірлерді дамыту. 

Аталған шығыстардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған.

«Жалпы алғанда, нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңгеден астам қаражат немесе жалпы шығыстардың 29,3%-і бағытталатын болады. Сондай-ақ қосымша қаражат шеңберінде инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 млрд теңгеден асады», — деді Е. Жамаубаев. 

Соның нәтижесінде республикалық бюджеттің параметрлері былайша қалыптасты:

Бюджет түсімдері 15,8 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 17,3%-ті құрайды.

Шығыстар 18,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 20,5% деңгейінде болжануда.

Бюджет тапшылығы бұрын бекітілген деңгейде сақталды.

«Барлық жоспарланған шаралар экономика мен өңірлердің дамуына серпін береді, сондай-ақ халық табысының өсуін қамтамасыз етіп, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуы тиіс», — деп түйіндеді қаржы министрі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу