2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланған - ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндап берді. 

Б. Нұрымбетов атап өткендей, коронавирус пандемиясына қатысты жарияланған төтенше жағдай шеңберінде, сөзсіз, еңбек нарығындағы жағдай ағымдағы жылдың екінші тоқсанында күрделі болды.

Наурыз-сәуір айларында жұмыссыз, табыссыз қалған азаматтар саны 4 млн асқан. 20 сәуірден бастап карантин шектеулерін жеңілдету шараларына байланысты, нысандардың кезең-кезеңмен жұмысқа кірісе бастауының ықпалымен бұл көрсеткіш мамыр айында 1 млн адамға төмендеді.

«Үкімет тарапынан экономиканы жаңғырту, оның ішінде жұмыспен қамтуға баса назар аудару шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, нәтижесінде, жыл аяғында жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы ықтимал.

Бұл ретте ол ағымдағы жылы 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланғанын айтты.

«Оған экономиканы, бизнесті қолдау шараларының барынша жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкіндігі және барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті толығымен пайдаланылады», — деді Біржан Нұрымбетов.

Оның ішінде жаңа «Жұмыспен қамтудың жол қартасы» аясында 255 мың жұмыс орыны құрылмақ.

Бүгінде Жол картасына кірген 6,5 мың жобаның 5,3 мың жобасы басталып, 103 мың жұмыс орны ашылды, 91 мың адам тартылды. Оның 35% - жастар.

Жол картасы бойынша жұмыстар қарқыны маусым айынан бастап тиісті деңгейде орын алады.

Б. Нұрымбетов атап өткендей, Жол картасын іске асырудың жан-жақты әлеуметтік–экономикалық оң әсері бар.

Жобаларға қатысатын 255 мың адам 210 млрд теңге сомасына жалақы мен әлеуметтік төлемдер алады. Ол өз кезегінде 1 млн жуық адамның табысына әсер етеді. 

Жол картасы аясында отандық кәсіпорындарға 700 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі, 23 мыңнан астам орта және шағын бизнес субъектілері тапсырыс алып, кемінде мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалады.

Сонымен қатар болашақта халықтың игілігіне тиетін, әлеуметтік актив болып қалатын 615 жаңа нысан құрылысы іске асрылып, халықтың өмір сүру сапасына қатысты көптеген әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне әкеледі.

«Жол картасының» жобалары алдағы уақытта межелес салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға негіз қалайды.

Басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінде қосымша 93,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Негізгі үлесі «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының еншісінде. Құрылған жұмыс орындардың басым бөлігі құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі болып отыр. Жыл аяғына дейін аталған бағдарламалар бойынша барлығы 364 мың жұмыс орны құрылады.

Еңбек министрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламамын іске асыруға 2020 жылы барлығы 176 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

«Жыл басынан бері 225 мың адам бағдарлама қатысушысы болды, оның ішінде жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы 184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 99 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты», — деді Біржан Нұрымбетов.

6 мыңнан астам адамға бизнесін дамытуға шағын несиелер мен гранттар берілді.

Электронды еңбек биржасы арқылы 97 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 46 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

Ағымдағы жылы бағдарламаның барлық құралдары арқылы 600 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда. 13 мыңнан астам жобаға жеңілдетілген шағын несие беру көзделген.

Жұмыссыз азаматтарға, бірінші кезекте жастарға еңбек нарығында өз орынын табуға қолдау ретінде бағдарламада кәсіптік оқытудың бірқатар түрлері қарастырылған.

Жыл аяғына дейін жаңа кәсіптерді, дағдыларды игеремін деген 100 мыңнан астам жұмыссыз азаматтарға осындай мүмкіндік беріледі. 

Жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік қорғау шараларының бірі - мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар бір жылға дейін жұмыспен қамтуға, жас түлектерге алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

«Өңірлерде жалпы орындау қарқыны жаман емес. Жоспарланған 211 мың жұмыс орнынан 40% құрылып, 84 мың адам еңбекке орналастырылды», — деді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу