2021 жылы смартфондағы танымал қызметтер саны азаматтар үшін 100-ге дейін және бизнес үшін 50-ге дейін артады — ҚР ЦДИАӨМ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрландыру саласында берілген Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша ұсынылған шаралар туралы баяндады.

Б. Мусин атап өткендей, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген барлық тапсырмалары ерекше бақылауға алынып, белсенді жұмыс басталды.

Өткен жылы 1250 ауыл үшін оптикалық байланыс желісінің инфрақұрылымдық жобасы аяқталды. 928 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. Осылайша, 5330 ауыл мобильді интернетпен қамтылды.

Ревизия жүргізілді, 510 ауылда интернет жылдамдығына қатысты мәселелер қалып отыр.

2021 жылы Министрлік байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргізеді.

2 жылдың ішінде: 

  • 286 ауыл 3G/4G стандарттарына ауыстырылады.
  • 224 ауыл жерсеріктік трансмиссиядан жерүсті инфрақұрылымына көшіріледі: радиорелейлік және оптикалық байланыс желілері.
  • 250 адамнан кем 242 ауылға кең жолақты мобильді интернет жеткізіледі. 

2021 жылы операторлар 752 базалық станция салады, оған қоса тағы 562 станцияны жаңартады.

 

Байланыс қызметтерінің сапасын бақылау бойынша

Бұған дейін байланыс сапасының минималды шегі реттелмеген еді. Бұйрық жобасы әзірленді, онда байланыс сапасының көрсеткіштері анықталған: мысалы, 4G үшін – кемінде 5 мб/сек қажет.

«Құжат көпшілік талқылауынан өтті. Мемлекеттік органдармен келісіп, екі ай ішінде бұйрық қабылдаймыз», — деді министр.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы байланыс сапасын техникалық өлшеу үшін қосымша мамандандырылған жабдық сатып алынды.

Сонымен қатар, байланыс сапасының параметрлерін бұзғаны үшін айыппұлдар сомасын 10 есеге 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру бойынша түзетулер дайындалды.

Bailanys.bar қызметі – елдің кез келген тұрғыны интернет жылдамдығын өлшей алатын сайт, ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау платформалары e-tutynushy.kz және е-өтініш-пен интеграцияланады. Speed-test автоматты түрде, жүгіну форматында оператор мен реттеушіге түседі. Байланыс қызметтерінің сапасы ерекше бақылауда!

 

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша

Б. Мусин атап өткендей, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың нәтижелі болуының негізгі көрсеткіші – оның онлайн форматтағы танымалдылығы. Бұл әрбір мемлекеттік орган үшін түйінді көрсеткіш болуы тиіс.

«Жеке кәсіпкерді» тіркеуді шығару мен автокөлікті банктердің мобильді қосымшаларында сатудың нәтижелі тәжірибесін көбейту жалғасады.

«Биыл біз смартфондағы танымал қызметтер санын: азаматтар үшін 100 қызметке дейін; бизнес үшін 50 қызметке дейін арттыру міндетін алдымызға қойып отырмыз», — деді Б. Мусин. 

 

Цифрлық құжаттар

2020 жылы Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, 13 цифрлық құжатты іске асырды. Олардың саны өсетін болады. Қағаз және цифрлық құжаттардың маңыздылығы заңнамалық түрде бекітілген. 

 

Биометрия

Министрлік мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде тіркеу үшін биометриялық сәйкестендіруді сәтті енгізді. Биыл сервис мемлекеттік органдардың жаппай пайдалануы үшін қолжетімді болады. 

 

«Е-өтініш» жүйесінің жұмысын енгізу бойынша

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес «Е-өтініш» жобасы іске асырылуда. Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп пилоттық апробациялау жүргізілуде. Ақпараттық жүйені модернизациялау ғана емес, тәсілдердің түбегейлі өзгеруі де маңызды. Ол қалай жүргізіледі?! «Нәтиже» орталығы арқылы жүгінген кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері азаматтың мәселесін «сол жерде бірден шешу» мүмкіндігін іздейтін болады.

 

Дербес деректерді қорғауға қатысты

Заңнамалық бастамалар пысықталды.

Бірінші. Дербес деректерді мемлекеттік бақылау саласына жатқызу көзделген.

Екінші. Цифрлық келісім және қайтарып алу қағидаты енгізіледі. Азаматтар жеке басын растаған жағдайда: рұқсат етуге/бас тартуға өздерінің жеке деректерінің пайдаланылуын бақылай алады.

Үшінші. Ашықтық және жариялылық қағидаттарын сақтау үшін – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дербес деректерді жинау және өңдеу жөніндегі шектеулі тізбесін айқындау, сондай-ақ оны бір заңнамалық актіге (Дербес деректер және оларды қорғау туралы заң) шоғырландыру қажет.

Осы шараларды іске асыру Президенттің дербес деректер туралы заңнаманы өзгерту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу