2021 жылы шағын несиелеумен 24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі қамтылады — Ә. Ерғалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы ҚР ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

ҚР ҰЭМ басшысы Ә. Ерғалиевтің айтуынша, пандемия және жалғасып жатқан шектеулер жағдайында кәсіпкерлер қызметі үшін шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр.

«2020 жылдың 3 тоқсанында экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,5%-ға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2020 жылы 32,7 трлн теңгеге өнім шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарында ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құрады», — деді ұлттық экономика министрі. 

Іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингінде 25 орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген қаржыландыру алды.

Жыл қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңгеге жеңілдетілген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтамасыз етіледі.

Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру шеңберінде қолдау көрсетілуде. 2020 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілді.

Биыл аталған тізбе 145 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік порфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді.

«Осы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», — деді Ә. Ерғалиев.

Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кредиттердің 232 млрд теңге жалпы сомасына 5 884 жоба субсидияланды, 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында бизнесті микрокредиттеу жаңа бағыты басталды. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн-ға дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн тг дейін кредиттер беріледі.

Бұл ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қалаларда және ауылдарда бюджеттік микрокредиттер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жылдық 6%-бен беріледі.

Екінші жартыжылдықта «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын несиелендіру іске қосылады. Бұл микрокредиттер «Бастау Бизнес» түлектеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен құрылатын Микроқаржы ұйымы арқылы берілетін болады.

Жыл қорытындысы бойынша аталған бағдарламалар шеңберінде 24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелеумен қамту жоспарлануда.

«Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және Шағын және орта бизнес кредиттерін кепілдендіру түрінде қолдау шаралары көрсетіледі.

Бұл бағдарламалар бойынша кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесі төмендетіліп 6% құрады.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында несиенің ең көп мөлшері 7 млрд теңгеге дейін субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелмеген, ал субсидиялау мерзімі 10 жылды құрайды.

Бұдан басқа, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды, ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі 150 экономикалық қызмет түрінің жалпы жіктеуішіне дейін ұлғайтылды.

Пандемия салдарын ескере отырып, Үкімет бизнесті салықтық ынталандырудың бірқатар шараларын қабылдады, атап айтқанда:

  • 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан 3 жылға босату қолданылады. 
  • 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қызмет көрсету салаларында алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. 
  • 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 шілдесіне дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болды. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген сауалнама негізінде шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі жаңа шаралар пакеті әзірленді.

Атап айтқанда, 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспар шеңберінде 60 астам қолдау шаралары көзделген: 

  • Бизнеске жүктемені азайту, оның ішінде бірқатар салықтық жеңілдіктер және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету.
  • Кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдету. Бұл шаралар ШОБ субъектілерінің банктік қарыздарын жеңілдікпен қайта қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ШОБ кредиттері бойынша төлемдер 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2021 жылғы 30 маусымға дейін кейінге қалдырылатын болады.
  • Сұраныстағы нарықтарға қол жеткізу. Аталған бағыт мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған шараларды, оның ішінде маңызы аз мемлекеттік сатып алулар бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдау тетігін енгізуді қамтиды.
  • «Smart» реттеу кәсіпкерлік саласында жаңа реттеу саясатын енгізуді көздейтін заңды әзірлеу мен қабылдауды қамтиды.

Жаңа экономикалық жағдайда кәсіпкерлік қызметті жандандыру және жеке капиталды тарту үшін ең қолайлы және ынталандыратын жағдайларды қалыптастыруға бағытталған жаңа реттеуші саясат әзірленуде. Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері қалыптастырылуда. 

Оның ішінде: 

  • мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіру; 
  • реттеушілік апелляция институты;
  • эксперименттік құқықтық режим;
  • есептілікті автоматтандыру; 
  • мемлекеттік бақылауды жетілдіру;
  • бизнес үшін НҚА-ның кері күшін қолдануды болдырмау.

«Бүгінгі таңда тиісті заң жобасы барлық мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметтің қарауына енгізілді. Doing Business рейтингінде 20 үздік елдің қатарына кіру үшін бірқатар іс шаралар әзірленуде», — деді ұлттық экономика министрі. 

Осы мақсаттарды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленуде.

Заң жобасы бизнес қызметінің түрлі салаларындағы 23 маңызды реформаны қамтиды.

Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмыс «Атамекен» ҰКП-мен, бизнес-омбудсменмен, бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде. Бұл жұмыс Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис аясында жүргізілуде.

«Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов «таза парақтан» реттеу туралы толығырақ баяндады.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлік қызметтің реттеуші саясатында базалық тәсілдер әзірленді.

«Жаңа реттеушілік саясат мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді, ол реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын енгізуді, “one in – two out” қағидатын, міндетті талаптар тізілімін, эксперименттік құқықтық режимді және т. б. енгізуді көздейді. Ол 4 негізгі саланы – сауданы, тұру және тамақтану жөніндегі қызметтерді, ауыл шаруашылығын, көлік саласын қамтитын болады. Аталған заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізіледі», — деді А. Мырзахметов.

Жалпы алда:

  • заң жобасын нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің әдіснамалық базасын және тұжырымдамалық моделін әзірлеу;
  • заң жобасын іске асыруды қамтамасыз ететін РӘТ жүргізу қағидаларын, ТБЖ қағидаларын әзірлеу;
  • міндетті талаптар тізілімін қалыптастыру, енгізу және өзектендіру;
  • талаптарды қайта қарауға (талдауға) қатысушылар үшін оқыту семинарларының циклін өткізу қажет;
  • Жұмысты одан әрі сараптамалық және консультациялық сүйемелдеу тұрақты негізде жүргізіледі.

«Атамекен» ҰКП төрағасы атап өткендей, тексеруші мемлекеттік органдардың ойлау мәдениетін өзгерту, бизнес пен бәсекелестікті тиімді дамыту үшін жағдай жасау, бизнесті ақылды реттеудің жаңа жүйесін құру күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Мұның бәрі ашық түрде өткізіледі.

Қазіргі уақытта Үкімет деңгейінде бизнестің проблемалық мәселелерін шешу алаңы белсенді жұмыс істеуде.

Барлығы 282 сұрақ қалыптастырылды. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 103 мәселе қаралды, 90 мәселе шешілді.

Коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілді. Президенттің тапсырмасы бойынша бірқатар нақты шаралар қабылданды, атап айтқанда, осы жылдың соңына дейін мүлік салығын төлеуден босату, жұмыс берушілерден алынған қорғау құралдары түріндегі жұмыскерлердің табыстарын ЖТС-тен босату; 6 АЕК мөлшерінде салық берешегінің шекті шегін белгілеу және т. б.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау шараларын да ұсынады. 5 жыл ішінде 34 мыңнан астам кәсіпорын ашылды, 23 мыңнан астам құжат дайындалды, 61 246 жоба сүйемелденді, 107 813 бизнес нысанының салығы төленді, 16 компанияның бизнесі кеңейтілді, 129 компания ынтымақтастық орнатты.

Бұдан әрі А. Мырзахметов 2021 жылға арналған қаржылық емес қолдау шаралары жөніндегі жоспармен таныстырды.

Биыл ШОК-тың 21 300 объектісіне сервистік қолдау көрсету жоспарлануда. Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ШОК-тың 6 983 объектісі сервистік қолдау алды.

Ақпараттық қамтамасыз ету аясында 156 мың консультация беру жоспарланып отыр. Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 34 972 кеңес берілді.

Сондай-ақ А. Мырзахметовтың айтуынша, «Атамекен» ҰКП-ның «Бизнеске арналған үкімет» порталын құру жөніндегі функциялары заңнамалық түрде бекітілген.

«Үкіметпен жүйелерді одан әрі интеграциялау бойынша қосымша келісімге қол қойылды», — деді ол.

Биылғы жылдың соңына дейін «Бизнеске арналған үкімет» жобасын біріктіру және іске қосу жұмыстары аяқталады.

«Даму» қорының қызметі аясында ШОБ мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева ұсынды.

Бүгінгі күні «Даму» қоры шағын және орта бизнесті 4 бағыт бойынша қолдайды. Ол – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, жеңілдікпен несиелеу, Еуропа қайта құру және даму банкі бағдарламалары аясында оқыту. 

«Қор – “Бизнестің жол картасы 2025”, “Қарапайым заттар экономикасы”, “Нұрлы жер”, “Еңбек” сияқты мемлекеттік бағдарламалардың операторы. Сондай-ақ Қор өз бағдарламалары бойынша да кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді», — деді ол.

Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, қаржылай қолдау шаралары аясында Қор 126,9 мың жобаны қолдаған. Олардың жалпы несие сомасы 7,4 трлн теңгені құрайды. 

Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту мақсатында әрі Үкіметтің 2020-2021 жылдары дағдарысқа қарсы шаралар қабылдауына байланысты келесідей іс-шаралар жасалды. Олар шағын және орта бизнес үшін мемлекеттік қолдаудың қолжетімдігін арттыруға бағытталған: 

  • Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін біркелкі ету;
  • «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасындағы салалық шектеулерді алып тастау;
  • Өтінімдерді қарау мерзімін 5 жұмыс күніне дейін қысқарту;
  • Экономиканың зардап шеккен секторларын қолдау;
  • Портфельдік субсидиялау және кепілдендіру аясында микронесиелеуді енгізу;
  • «Бизнестің жол картасы 2025» құралдары бойынша ең жоғары несие сомасын 2,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін ұлғайту;
  • «Даму» қорының бизнес процестерін 94%-ға дейін автоматтандыру.

«Қор 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруда. Кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерге egov.kz порталы және Қордың Online.Damu.kz жеке платформасы арқылы онлайн өтінім бере алады», — деді Г. Бөрібаева.

Бүгінгі күні субсидиялауға берілген өтінімдердің 97% онлайн беріледі, кепілдік бойынша онлайн өтінімдер үлесі 86% құрайды.

Сондай-ақ, бүгінгі күні субсидиялау келісіміне электронды-цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюға болады. Жыл соңына дейін кепілдік келісіміне де электронды-цифрлық қолтаңба арқылы қол қою мүмкін болады.

Бұл құрал бойынша келесідей көмек көрсетілді. 2021 жылдың 1 тоқсанында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау аясында 6,2 мың жобаға қолдау көрсетілді. Олардың жалпы несие сомасы 277,5 млрд теңге құрады. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері жалпы саны 38,5 мың жобаға қолдау көрсетілді.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларына байланысты, сауда мен қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларға көп қолдау көрсетілді.

2015 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2020 жылы қолдау алған жобалар саны 9 есеге артқан.

Мемлекет басшысының экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлікті субсидиялау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 8,9 мың жоба мемлекеттен қолдау алды. Олардың несие сомасы шамамен 475 млрд теңгені құрады. Жоба саны бойынша сауда, қызмет көрсету және көлік пен қоймада сақтау салалары көш бастап тұр.

«Даму» қоры төлемдерді 1 ай ішінде жедел тәртіпте орындап, қаражатты әр кәсіпкерге жеткізді. Осы жылдың 31 наурызында қабылданған Үкімет шешіміне сәйкес, өтінімдерді қабылдау мерзімі 1 шілдеге дейін ұзартылды. «Даму» қоры төлемдерді мамырдың екінші жартысында орындауды жоспарлап отыр», — деді «Даму» қорының басқарма төрайымы.

Кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Даму-Оптима» атты өз бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдігі беріледі. 2021 жылдың 1 тоқсанында жалпы сомасы 89 млрд теңге құрайтын 6,9 мың жобаға қолдау көрсетілді.

Жалпы алғанда, бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері, 667 млрд теңгенің 22,8 мың жобасы қолдау алған. Олардың ең көбі «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының микронесиелеу бағыты бойынша қолдау алғандар.

2020 жылдың 4-тоқсанында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының «Микро-шағын кәсіпкерлік несиелері бойынша портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» атты бірінші бағыты іске қосылды. Бұл бағыттың мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларымен көбірек микро және шағын кәсіпкерлерді қамту.

Бүгінгі күні осы бағыт аясында 18,9 мың жобаға қолдау көрсетілді, олардың жалпы несие сомасы 103,3 млрд теңге құрайды. Оның ішінде субсидиялау бойынша 43,5 млрд теңгеге 8 мың жоба және кепілдендіру бойынша 59,8 млрд теңгеге 10,9 мың жоба.

2021 жылда 13,1 мың жобаға 71,9 млрд теңге қолдау көрсетілді. Бұл 2020 жылдың 4 тоқсанымен салыстырғанда жоба саны бойынша 2,2 есе және несие сомасы бойынша 2,3 есе артық. 

2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша негізгі мемлекеттік қолдау бағдарламалары келесі өңірлерде жоғарғы сұранысқа ие. Субсидиялау құралы бойынша — Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары.

Ішінара кепілдік беруде — Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстары алда тұр.

Шағын және орта бизнесті қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – экономиканың түрлі салаларын жеңілдікпен несиелеу. Мұндай жұмыс Ұлттық қор қаржысынан бөлінетін «Даму-Өндіріс» және «Еңбек», «Даму-Микро» бағдарламалары арқылы және халықаралық қаржы институттарынан тартылатын қаржы есебінен іске асырылады.

2021 жылдың 1 тоқсанында жеңілдетілген несие арқылы 3,9 мың кәсіпкер қолдау алды, жобалардың жалпы сомасы 44 млрд теңгені құрады.

Жалпы, 2,4 трлн теңгеге 72 мың жобаға қолдау көрсетілді. 

Кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар 2010-2019 жылдары 27 трлн теңгеге өнім шығарып, 2 трлн теңге салық төледі. 600 мың жұмыс орнын сақтады. Оның 170 мыңы жаңадан құрылған жұмыс орны. Әлеуметтік-экономикалық әсердің жылдық көрсеткіші шамамен 30%-ға өскенін атап өту қажет.

Мемлекеттік қолдау шараларының қаржы операторы ретінде Қор шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімдігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Мысалы 2020-2021 жылдары Қор бірқатар қосымша шаралар қабылдады. Олар:

  • Еуропалық инвестициялық банкпен 200 млн еуро лимитті келісім жасалды;
  • «Жасыл» облигациялар шығару арқылы 200 млн теңге көлемінде қаражат тартылды;
  • Шағын және орта бизнесті Исламдық қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды;
  • Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасымен «Жаңаратын Энергия Көздері шағын жобаларына инвестиция салу тәуекелдерін төмендету» бағдарламасын іске қосу бойынша келісімге қол қойылды.

Биыл жыл соңына дейін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда:

  • Лизингтік компаниялардың көмегімен кепілдік беру құралының қамтуын кеңейту;
  • «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын дамыту;
  • Талдау қызметін күшейту, шағын және орта бизнес саласында компетенция орталығын құру.

Жоғарыда аталған және қолданыстағы шаралар 2021 жылы қолдау алған жобалар санын 15%-ға арттыруға, 10 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 5,5 трлн теңгеге өнім шығаруға жол ашады. 

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту — экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі.

Пандемия жағдайында өткен жылдан бастап ШОБ-ты қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданды.

Мәселен, 2020 жылы 1 трлн теңгеден астам сомаға салықтық жеңілдіктерді 700 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды.

«Биыл Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды өзектендіру жолымен бизнесті қолдауға бағытталған нақты шаралардың жаңа пакеті қабылданды», — деді Ә. Смайылов.

Бұл шаралар салықтық ынталандыруды, ШОБ-тың қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдетуді, кредиттер бойынша төлем мерзімін ұзартуды, жалдау төлемдерінен босатуды, мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қол жеткізуді жеңілдетуді, әкімшілік шығындарды қысқартуды көздейді.

Кәсіпкерлерді қолдау бойынша барлық ұсыныстар «Атамекен» ҰКП және салалық бизнес-қауымдастықтармен тұрақты және тығыз өзара іс-қимылда дайындалады.

Сонымен қатар бизнестің проблемалық мәселелерін шешу бойынша жүйелі негізде жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу