2022 жылы Қазақстандағы гранттар саны 31 мыңға көбейді  — ҚР БҒМ

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

А. Аймағамбетовтің айтуынша, сапалы кадрларды даярлау мемлекеттік ұйымдар, оқу орындары және жұмыс берушілердің бірлескен, әрі жүйелі жұмысына тікелей байланысты.

«Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандай және қанша маман керек, олардың құзыреттіліктері қандай болуы тиіс, маман не білуі керек және оның құзыреттілігін қалай дәлелдейміз деген сұраққа жауап берсе, біздің Министрлік осы қажетті әрі күтілетін дағдыларды нақты оқу бағдарламаларына енгізуін, мемлекеттік тапсырыс беріп, нақты оқытуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ “Атамекен” палатасы және жұмыс берушілер кадрға тапсырыс беріп, кәсіби стандарттарды белгілеп, дайын маманның біліктілігін анықтап, бағдармаларды жасасып осы жұмысқа атсалысуы тиіс. Жергілікті әкіміктердің де осы жұмыстағы орны ерекше», — деп түсіндірді білім және ғылым министрі.

Орташа есеппен алғанда жыл сайын студенттердің 300 мыңы жұмыс нарығына шығады. 

Сапалы кадр дайындау үшін жұмыс басты 6 бағыт бойынша жүріп жатыр: 

  • білімге қолжетімділікті кеңейту; 
  • академиялық еркіндікті қеңейту және менеджментті жетілдіру; 
  • білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу; 
  • жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту; 
  • жоғары оқу орындары мен колледждердің әлеуетін арттыру; 
  • сапаны қамтамасыз ету жүйесін жақсарту. 

Соңғы бірнеше жыл ішінде гранттар саны екі есе көбейді. Биыл ең көп — 73 мың грант қарастырылды. Студенттердің стипендиясы да екі есеге артты. 

«Біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді цифрлы форматқа көшірдік және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Сонымен қатар 11-сынып бітірушілері енді қаңтардан бастап оқуға түсе алады. Бірақ талап та күшейтілді. Педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл 75 баллға дейін, медициналық бағыттар бойынша 70 және заң бағыты бойынша 75-ке дейін көтерілді. Президенттің тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға грант үлесі 40%-дан 60%-ға дейін көбейтілді», — деп мәлімдеді білім және ғылым министрі.

Колледждерге келер болсақ, оқу гранттарының саны жыл сайын қөбейуде. Биыл олардың саны рекордық 31 мыңға өсіп отыр, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі.

«Колледждерге оқуға қолжетімділікті кеңейту үшін емтиханды алып тастадық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота енгізілді. Ал гранттар талапкердің өзі таңдаған колледеджге берілетін болды, сәйкесінше олардың бәсекелестігі де артады. Ең басты мәселе — берілген білімнің нарықтың талабына сәйкес болуы. Ол үшін не керек? Басты шарты — академиялық дербестік. Сапа осы мәселеге байланысты», — деді білім және ғылым минстрі.

Енді университеттерге академиялық дербестік беріліп, олар білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға немесе нарық талабына сай әзірлейді. Яғни енді мемлекет емес жұмыс берушінің өзі бұл бағдарламаларды реттеуге мүмкіндік жасады. 

«Ендігі проблема – нарыққа қандай дағдылар керектігін анықтайтын кәсіби стандарттардың жетіспеушілігі. Колледждерге де академиялық дербестік берілуде. Бұған дейін студенттер ұзақ оқыды (2-4 жыл), жұмыс берушілердің талаптары толығымен ескерілмеді, мектепте оқыған пәндер қайталанып, жас маман тек бір ғана біліктілік алды. Енді колледждерге кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын дербес өздері әзірлеу, сондай-ақ оқу мерзімдерін өздері айқындау мүмкіндігі берілді. Маман бір ғана емес үш біліктілікке дейін алып шығатын болды», — деді министр Аймағамбетов.

Ведомство басшысының айтуынша, өмір бір орында тұрмайды. Ескірген мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар ашылып жатыр. 50-ге жуық ескі мамандық бойынша дайындық тоқтатылды.

Сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астам бағдарлама жаңартылды. Мысалы, жасанды интеллект, IT-медицина, цифрлық заңгер сияқты бұрын болмаған 269 жаңа бағдарлама енгізілді. Колледждерде де осы жұмыс қарқынды іске асып жатыр.

«Біз алғаш рет жоғары білім деңгейінде қолданбалы бакалавриатты пилоттық режимде енгіземіз. Ол 2-2,5 жылдай қысқа мерзімде практик маман даярлап шығаруға мүмкіндік береді. Өмір бойы оқу қағидасы шеңберінде біз формалды емес білім берудің нәтижелерін тануға, микроквалификациялар алуға мүмкіндік береміз», — деді А. Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрінің айтуныша, сапалы маман даярлау үшін тәжірибемен ұштастырып оқыту, яғни дуалды оқыту аса маңызды. Кәсіпорындардан төленетін минималды жалақы, тәлімгер бекіту, арнайы киіммен қамтамасыз ету сияқты талаптар олардың белсенділігіне кедергі жасады.

«Біз бұл мәселелерді кезең-кезеңмен шешіп жатырмыз. Мысалы, минималды жалақы төлеу алынып тасталды, тәлімгерге еңбекақы төлеу бюджеттен қарастырылады. Енді оқуда болатын шығын материалдарын, студенттерді сақтандыру мен арнайы киімдерге шығындарды өтеу мәселесін шешумен айналысып жатырмыз», — деп ақпарат берді ведомство басшысы.

Келесі бағыт — ірі кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу жұмысы. Мысалы, Казцинк, СарыаркаАвтоПром, Дон тау-кен комбинаты, Altyntau Kokshetaу кәсіпорындары колледждерді қамқорлыққа алып, жұмыс істеп жатыр. Олар бағдарламаларды жаңарту, дуалды оқыту, материалдық базаны нығайту сияқты жұмысқа араласуы тиіс.

«Биыл біз тағы бір пилотты бастадық. Ол кәсіпорындардың өздеріне мақсатты тапсырыс беру арқылы оларды кадрларды даярлауға тарту. Биылғы жаңа оқу жылында оларға мақсатты 20 мың грант береміз. Бизнес мамандардың біліктілігіне күмән тудырса, енді біз олардың өздерін осы жұмысқа тарттық. Кәсіпорындар студенттерді және оқытатын ұйымды да тандайды, бірақ сол түлектердің жұмысқа орналасуы, дуалды оқыту және практикадан өтуі бойынша кепілдік береді», — деп атап өтті А. Аймағамбетов.

Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 жоғары оқу орнының базасында Академиялық артықшылық орталықтарын дамыту бағдарламасы қарастырылған. Үш университетті зерттеу университеттеріне трансформациялау жоспарланып отыр. 

«Президент шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу туралы тапсырма берді. Бүгінде елімізде Де Монтфорт Лестер университетінің филиалы жұмысын бастады. Ол британдық диплом береді. Сол сияқты Қозыбаев университетінде әлемнің ең үздік университетінің бірі  Аризона университетінің бағдарламалары ашылады. Сонымен қатар Алматы мен Атырау қалаларында шетелдік жетекші техникалық университеттердің филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр», — деп мәлімдеді білім және ғылым министрі.

Сапаны қамтамасыз ету үшін бақылау екі бағытта жүргізіледі:

  1. сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру; 
  2. жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияға қосымшаларды қайтару. 

Атап өту керек, қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылып жатыр. 61 жоғары оқу орнының 500 бағыты бойынша және 375 колледждің 2 200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды. Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр. 

Мысалы, педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлерді даярлайтын білім ордалары 72-ден 61-ге дейін азайды.

«Біз университеттерге практик мамандарды тарту бойынша өзгерістер енгіздік. Мысалы, IT, туризм, аудит сияқты мамандықтарға ғылыми дәреже бойынша, штаттағы оқытушы болу сияқты талаптар төмендетілді. Жақсы IT маманын дайындау үшін ғылым докторы ғана емес, программист маманның да сабақ беруі маңызды. Сонымен қатар Аккредиттеу органдарының жауапкершілігі де күшейтілді. Сапасыз жоғары оқу орындарын аккредиттеуден өткізген Аккредиттеу органдары тізілімнен шығарылатын болды», — деп тоқтады А. Аймағамбетов.

Колледждер бойынша WorldSkills чемпионатының қортындысын қарасақ, Қазақстан 60-тан астам қатысушы ел арасында 50-ші орыннан 14-орынға дейін көтерілгенін атап өткен жөн. QS халықаралық рейтингісінде 2016 жылы 8 ғана университет болса, бүгінде оған 14 жоғары оқу орны еніп отыр. 3 жоғары оқу орны беделді Times Higher Education рейтингісіне кіреді.

Кадр даярлау мәселесінде проблемалық сұрақтар да бар. негізгі мәселелер мыналар: 

  • біліктілікті растау және сертификаттау орталықтарының болмауы; 
  • кәсіби стандарттар барлық мамандықтарды қамтымайды және жаңа біліктіліктерді ескермейді; 
  • кәсіпорындардың білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге, практика базаларын ұсынуға қызығушылықтың төмен болуы. 

Сонымен қатар қаржыландырудың жеткіліксіздігі: 

  • техникалық және кәсіптік білімі бар бір маманды даярлаудың төмен құны; 
  • жаңа жобаларды қаржыландырудың болмауы.

Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова 2030 жылға дейінгі еңбек нарығының негізгі сын-қатерлерін атап өтті:

  • Жұмыс күшіне енетін жастар санының айтарлықтай өсуі. 2000 жылдан кейінгі немесе демографиялық қолайлы жағдайда дүниеге келгендер еңбекке жарамды жасқа жете бастады. Сарапшылардың есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздегі жұмыс күшінің 74%-ын миллениалдар мен Z ұрпағы құрайтын болады.
  • Экономикадағы жұмыс орындары генерациясының жеткіліксіздігі. Соңғы жылдары негізгі жұмыс берушінің рөлін мемлекет пен квазимемлекеттік сектор атқарып келеді.
  • Келесі технологиялар мен инновациялар таралуының үдеуі, бұл жағдайда кейбір мамандықтар жоғалып, кейбіреуі пайда болады, ал тағы біреуі түрленіп жатады.

«Аталған сын-қатерлер мамандарды даярлау жүйесін әрі қарай тереңірек жаңғырту қажеттігін айқындайды. Сонымен қатар оның негізін Ұлттық біліктілік жүйесі құрайды. Басқаша айтқанда, Ұлттық біліктілік жүйесі келесі сұрақтарға жауап береді: Экономикаға қандай мамандар қажет? Кәсіптердің ұлттық классификаторы 2018 жылы енгізілді. Қажетті мамандар туралы ақпарат жинау пен статистикалық есеп осы классификатор негізінде жүргізіледі. Заманауи мамандар нені біліп, нені істей алуы қажет? Бұл талаптар жұмыс берушілер өздері әзірлейтін кәсіптік стандарттарда бекітіледі. Ол үшін мамандарды қалай оқытып, нені үйретеміз? Осы орайда, білім беру бағдарламалары кәсіптік стандарттар негізінде құрылуы қажет. Мамандарды қалай танып, оларға біліктілікті қалай тағайындаймыз? Бұл бағытты жүйелендіру үшін Министрлік кәсіптік біліктілікті танудың бірыңғай жүйесін бекітетін "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заң жобасын әзірледі», — деп түсіндірді Т. Дүйсенова.

Осылайша, ҰБЖ негізі енгізілді деп айтуға болады. Дегенмен жоғарыда аталған еңбек нарығының сын-қатерлері және ҰБЖ саласындағы проблемалар жаңа жағдайларға бейімделіп, бірқатар проблеманы шешуді талап етеді.

Бірінші проблема – қолданыстағы сұраныс болжамдарының тәсілдерін жұмыс күшіне маман тапшылығы проблемасына немесе экономиканың кейбір саласындағы мамандықтар артықтығына бейімдеу қажеттігі.

«Осыған байланысты биылғы жұмыс күшін болжаудың тиісті құралдары жетілдірілетін болады және келесі жылдан бастап қызмет түрлері бойынша нақты мамандықтар қажеттілігінің болжамы ұсынылатын болады», — деді Т. Дүйсенова.

Екінші. Мамандықтар кәсіптік стандарттармен толық қамтылмаған. Ұлттық кәсіптер классификаторы бойынша бізде 12 мыңға жуық мамандық бар, 590 бекітілген кәсіптік стандарт 2 689 мамандықты қамтып, экономикалық кәсіп түрлерiнiң жалпы классификаторы (ЭҚЖЖ) кіші сыныптың (подкласс) 27%-ын ғана жабады.

Еңбек кодексіне сәйкес, 2016 жылдан бері кәсіптік стандарттарды әзірлеуді салалық ассоциациялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Осыған байланысты келесі проблемалар туындайды:

a) кәсіптік стандарттарды әзірлеу процесін үйлестіру. Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттарды әзірлеуге де, осы саладағы мамандарды даярлауға да дұрыс қатыспайды. 

b) қаржыландыру проблемасы. Әзірленген 590 стандарт негізінен Дүниежүзілік банктен алынған қарыз есебінен қаржыландырылды. Заңнамаға сәйкес мемлекет кәсіптік стандарттарды әзірлеуді – реттеу жүргізілетін мамандықтар бойынша қаржыландырады, ал қалғаны жұмыс берушілердің есебінен іске асырылады. 

c) соңғы 2 жылда кәсіптік стандарттар әзірленбеген. Еңбек нарығындағы өзгерістердің жылдамдығын ескерсек, қазірдің өзінде әзірленген 590 кәсіптік стандарттың 576-сы жаңартуды қажет етеді.

Ұлттық палатада атап өткендей, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және өзектендіруге қаражат жеткіліксіз.

Осыған орай, алға қойылған міндеттерді жедел әрі сапалы шешу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жетекші салалық кәсіпорындарды, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен білім беру мекемелерін осы процеске тарту үшін келесі қадамдар ұсынылады:

1) Еңбек министрлігі жанынан Мониторинг жүргізу және әдістемелік қолдау көрсету бойынша жобалық офис құру. Ол кәсіптік стандарттарды әзірлеудің барлық процесін бірыңғай әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін болады.

2) мемлекеттік органдар жанынан жобалық салалық топтар құру. Бұл орталық мемлекеттік органдардың барлық салалық кәсіптік стандарттарды қамтығаны үшін, ассоциациялармен және салалық білім ұйымдарымен жұмысты үйлестірудегі жауапкершілігін білдіреді. 

3) Кәсіптік стандарттар банкін құру. Бұл мақсатта Еңбек министрлігі платформа құруға кірісетін болады, онда халықаралық стандарттардың барлық үлгісі, өңірлердің тәжірибесі, жаңа мамандықтарды енгізу нәтижелері жиналатын болады. Бұл кәсіптік стандарттарды әрі қарай әзірлеу мен өзектендіру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, мемлекеттік органдарға ҰКП-мен бірлесіп, реттелмейтін кәсіптерге қатысты кәсіптік стандарттарды қаржыландыру тетігін пысықтау қажет.

Келесі маңызды міндет – кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Қазір жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде 250 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылды, ал техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде – 276 білім беру бағдарламасы.

«Білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жеделдету және білім беру ұйымдарының жігерін арттыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын кәсіптік стандарттарға сәйкес өзектендірілген білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын ұйымдарға бөлуге болады деп есептейміз», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Үшінші міндет – Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту үшін барлық ресурстарды қосу мақсатында жұмысшылардың кәсіптік біліктілігін тану тәртібін заңнамамен белгілеу қажет. Әзірленген заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, Министрлік келесі өзекті міндеттерді шешуге ден қойды.

Формалды және информалды білім беруді тану. Біліктілікті танумен қатар осы біліктілік аясында алған шеберлігінің бірін тану тәсілдері ұсынылды.

Жобаның маңызды жаңалығы ретінде жұмыссыздардың біліктілігін танудың ваучерлік-модульдік жүйесін, сондай-ақ жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезіндегі жұмысшылардың біліктілігін тану есебінің жүйесін айтуға болады.

Осылайша, еңбек нарығындағы өзгеріп жатқан жағдайларға азаматтардың тез бейімделуі үшін жағдайлар жасалады. Бұл ұсыныс БҒМ-мен бірлесіп, «өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)» тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді.

Сонымен қатар заң жобасы Ұлттық біліктілік жүйесі бойынша цифрлық платформа құруды және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында бірыңғай әдістемелік орталық құруды көздейді. Олар бірыңғай әдістемелік орталық және Ұлттық біліктілік жүйесі бойынша өзекті ақпаратты ұсынатын көз болуы қажет.

Аталған ұсыныстар Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

Қ. И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев Satbayev University 100% мемлекетке тиесілі жоғары оқу орны екенін атап өтті. ЖОО-ның даму стратегиясының негізгі мақсаттары ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес жаңартылды.

М. Бегентаевтың айтуынша, ұжым мен барлық ғылыми ұйымдар өздерінің мақсаттары мен міндеттерін нақты біледі. Әрбір бесінші студент магистратурада білімін жалғастырады, әрбір оныншы студент ғылыми қызметке дайын болады.

«Қазіргі таңда Сәтбаев университеті 7 млрд теңгеге жуық сомаға ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл аз қаржы емес. Алайда білім беру қызметтері мен ғылыми қызметтен түскен барлық кірістер ПОҚ-тың бәсекеге қабілетті жалақысын қамтамасыз етуге, жобаларды іске асыруға және қолданыстағы инфрақұрылымды ұстауға жұмсалады. Оқу жабдықтары мен ғылыми зертханаларды дамытуға, жаңартуға іс жүзінде ештеңе қалмайды», — деді SU ректоры Мейрам Бегентаев.

Сондай-ақ университет басшысы жұмыс берушілермен бірлесіп, Жаңа кәсіптер атласын ескере отырып, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу туралы хабарлады. Мысалы: бизнес-инжиниринг, сирек кездесетін және радиоактивті элементтер технологиясы, mineral processing, биомедициналық инженерия.

«Computer Science» бағдарламасы аясында қосымша MINOR programs, яғни “Корпоративтік Web-application әзірлеу” іске қосылды. “КазФерроСталь” ЖШС және BI Group компанияларымен бірлесе отырып, дуалды оқыту жүргізіледі. Алдағы уақытта «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС және тағы басқаларымен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр», — деді ректор.

Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесіне корпоративтік басқарудың заманауи әдістерін енгізу ЖОО басқарудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Бұған қоса коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта ұйымдастыру бізге білім беру нарығындағы икемділікті, басқарушылық және академиялық еркіндікті қамтамасыз етеді. Бюрократия мен есептер азайды», — деді М. Бегентаев.

Сонымен қатар университетте корпоративтік басқару органдарының, Директорлар кеңесінің рөлі мен жауапкершілігі артты, олар стратегиялық шешімдерді өз бетінше қабылдайды, ал ректор лауазымы атқарушы болып саналады. Бұл орайда олар барлық қабылданған шешімдер үшін ортақ жауапкершілікке ие болады.

Сондай-ақ Satbayev University-де ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландырудың жақсы тәжірибесінің болуы ерекше атап өтілді. SmartTran бағдарламалық кешендері мұнай компанияларының өндірістік бөлігіне енгізілген, «Портативті кардиоанализатор» жобасы іске асыруға дайын. Университет алаңдарында ғалымдар шағын инновациялық кәсіпорындар құрып жатыр.

«Біз білім мен ғылымды қаржыландыру жүйесіндегі оң үрдістер туралы көбірек айтамыз. Бұл шынымен солай. Алайда сонымен бірге біз бұл жеткіліксіз деп санаймыз. Мысалы, Ресей соңғы жылдары ғылым мен білімді дамыту жобаларын екі рет жүзеге асырды. Қазақстандық жоғары оқу орындары мемлекеттік білім гранттары арқылы ғана қаржыландырылады, сонымен қатар студенттің өзі жоғары оқу орнын таңдайды. Бұл дұрыс», — деді Сәтбаев университетінің ректоры.

Сонымен қатар ЖОО басшысы атап өткендей, ғылыми қызметті қаржыландыруға және инфрақұрылымды дамытуға қаражат іс жүзінде қалмайды, ал ғылыми қызмет пен ҒЗТКЖ-дан түсетін табыс үлесі жеткіліксіз деңгейде қалады.

Мейрам Бегентаевтың айтуынша, алдағы жылдары жоғары білім беру жүйесінің алдында техникалық бағыттағы кадрларды даярлау міндеті тұр. Бұл мәселені шешу үшін мыналар қажет:

  • студенттердің білім алуы үшін білім беру кредиттерін енгізу;
  • магистратурада оқу құнын арттыру (1 млн теңгеден астам);
  • жұмыс берушілермен бірлесіп кадрлар даярлау бағыттары бойынша кәсіби стандарттар әзірлеу;
  • кадрларды даярлауға және зертханаларды жарақтандыруға жер қойнауын пайдаланушылардан аударымдардың 1%-ын барынша ашық жүргізу;
  • зерттеу жоғары оқу орындарының инвестициялық жобаларын әзірлеу және бекіту.

Өз кезегінде Хромтау тау-кен техникалық колледжінің ректоры Бағдашжан Молдашева бүгінгі таңда колледж Дон тау-кен байыту комбинатының негізгі әлеуметтік серіктесімен тығыз байланыста екенін және осы салаға қажетті кадрлар даярлайтынын мәлімдеді.

«Колледжде академиялық дербестік енгізілген, заманауи материалдық база құрылған, дуалды оқыту дамыған, қамқорлық қарым-қатынас нығайып, мақсатты дайындық жүріп жатыр», — деді ЖОО ректоры.

Б. Молдашеваның айтуынша, қабылданған шаралар жұмыс берушілермен тығыз өзара іс-қимыл жасасу арқылы кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған. ЖОО-да академиялық дербестік шеңберінде жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламалары 100%-ға жаңартылды.

«Біздің негізгі серіктесіміз – Дон ТКБК өз саласы үшін әмбебап мамандарды даярлау міндетін қояды. Бұл үшін Жаңа кәсіптер атласы аясында біз BTS Education сарапшыларымен кадрларды озық даярлау бойынша бірлескен жобаларды жүргізіп жатырмыз», — деді Б. Молдашева.

Сонымен қатар өткен жылдан бастап ЖОО-да ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау басталды және 20-ға жуық маман шығарылды. Хромтау тау-кен техникалық колледжінің ректоры атап өткендей, академиялық дербестік аясында колледждер кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Алайда барлық кәсіби стандарттар кәсіпорындардың заманауи технологиялық процесіне және маманның еңбек функцияларына сәйкес келе бермейді, бұл кадрларды даярлау сапасына әсер ететіні сөзсіз.

«Тиісінше, кадрларды даярлауды қоғам мен жұмыс берушілердің өздері үнемі сынға алады. Осыған байланысты қолданыстағы кәсіби стандарттарды өзектендіруді және экономиканың жаңа салаларының талаптары бойынша әзірлеуді жеделдету қажет деп санаймыз», — деп нақтылады Б. Молдашева.

Сонымен қатар ректор бүгінгі таңда колледждер даярлаған кадрлардың біліктілік деңгейін растайтын тәуелсіз институттар жоқ екенін атап өтті.

«Дамыған елдерде тәуелсіз орталық берген біліктілікті растау туралы сертификат жұмысқа орналасуға негіз болып табылады және дипломнан артықшылығы бар. Осыған байланысты біліктілік деңгейін растайтын тәуелсіз сертификаттау орталықтарын құратын уақыт жетті», — деді Хромтау тау-кен техникалық колледжінің ректоры.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Жас маман» жобасы және әлеуметтік әріптестерді қаржылық қолдау колледжге кадрлар даярлаудың жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндік берді.

«Біз серіктестермен бірлесіп тау-кен металлургия саласы үшін құзыреттер орталығын құрдық. Орталықта курстық дайындық, біліктілікті арттыру жұмыстары жүргізіледі, WorldSkills қатысушыларының жаттығулары жасалады, сондай-ақ серіктес колледж студенттерінің практикадан өтуіне база болып табылады. Алдағы уақыттағы біздің міндетіміз – APEC Petrotechnic аналогиясы бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өту. Бұл шаралардың барлығы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатыр, бірақ материалдық-техникалық базасын жаңартуды қажет ететін колледждердің бар екенін ескеру қажет», — деп баяндады Б. Молдашева.

2006 жылдан бастап Хромтау тау-кен техникалық колледжін Дон ТКБК қамқорлыққа алды, онда 8 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді.

«Комбинат бізге жыл сайынғы мақсатты дайындыққа өтінім береді, 100% жұмысқа орналасуға кепілдік береді, практиканы төлейді, тегін тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар серіктес педагогтарға қолдау көрсетеді, ынталандырушы қосымша ақы төлейді, кәсіпорын базасында тағылымдама өткізеді», — деп хабарлады Бағдашжан Молдашева.

Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың ағымдағы құны барлық шығынды өтемейтіні, тек 15%-ы ғана оқу материалдарына қалатыны атап өтілді.

«ТжКБ-да кадрларды даярлау өндірістік практиканы ұйымдастыруға үлкен қаржылық шығындарды талап ететін практикаға бағдарланған сипатқа ие болса да, кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін колледждерде кадрлар даярлауға жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін екі есеге ұлғайту орынды деп санаймыз», — деп түйіндеді Бағдашжан Молдашева.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірде орта білім беру жүйесін нығайту мәселесі бойынша мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыруға соңғы 3 жылда бюджет 7 есеге артқанын хабарлады.

«Облыс мектептерінің 83%-ы жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталды. 2019 жылдан бастап оқушы орындарының тапшылығы 11 мыңнан 7 мыңға дейін қысқартылды, ол 2025 жылға қарай толық жойылатын болады. Педагогтарды ынталандыру үшін 2020 жылдан бастап "Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісі бекітілді, онда 3 млн теңге көлемінде сыйақымен 69 педагог марапатталды. Жалпы соңғы 3 жыл бойы облысымыз – білім беру сапасы және оның қолжетімділігі бойынша алдыңғы қатарда», — деді Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов.

Мектепке дейінгі кәсіптік бағдар беру мәселесі аясында, әкімнің айтуынша, барлық білім беру мектептерінде арнайы оқытудан өткен психологтар қатарынан кәсіптік бағдар берушілер институты енгізілді.

«Edunavigator.kz арнайы бағдарламасы арқылы облыстың 10-11-ші сыныптардың 8 мыңнан астам оқушысы кәсіптік бағдарлау бойынша тестілеуден өтті. Баланың дамуының тиісті жеке траекториясы жасалды. Биыл 7-9-шы сыныптардың тағы 25 мың оқушысы тестілеуден өтеді», — деді өңір басшысы.

Өңірлік биліктің пікірінше, қабылданған бастамалардың мақсаты — мектеп түлегі сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті болатын ұсыныстар тізіміне ие болуы керек.

Сонымен қатар өңірдің ірі кәсіпорындарының қамқорлығының арқасында 400 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілді, спорт алаңдары салынды, демеушілердің қаражаты есебінен зертханалар ашылды.

«Біздің өңірде қамқорлық бойынша 27 колледжбен 27 келісімге қол қойылды. Облыста “Жаңа кәсіптер атласы” жобасы сәтті жүзеге асырылуда, оның аясында 15 мамандық анықталды, тағы 25 мамандық қаралып жатыр», — деді Ә. Сқақов.

Жаңа 15 мамандық бойынша 805 колледж студенті оқып жатқанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігінің жоспарында тағы 2 мың студент бар.

Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңартуға көп көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, 44 колледждің 10-ында жаңғырту жұмыстары жүргізілді, 2022-2023 жылдары тағы 9 агроколледж жаңғыртылатын болады. Облыс колледждері үшін ОӨК базасында құрылатын өзекті мамандықтар орталығы жаңа басымдық болады, олардың бөлімшелері колледждерде ашылатын болады.

Сонымен қатар 9 агроколледж бен 3 қалалық колледж базасында профильді Hub-тар құрылады. Онда кез келген жас азамат қысқа мерзімді курстарда оқып, 3-4 айдың ішінде мамандық иесі бола алады.

«Осылайша, Өзекті кәсіптер орталығы және профильді Hub-тар жастарға жылдам оқу курстарынан өтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мамыр айында IT-колледжде жастарды тарту орталығын – IT Hub-ты ашамыз», — деді Павлодар облысының әкімі отырыс барысында.

Өңір әкімі, сондай-ақ, 9 ауылдық колледжде ауыл жастарына да осындай консультациялық орталықтар құрылатынын хабарлады. Жалпы облыста контингенті 40 мың адам колледждер мен жоғары оқу орындары кәсіптік оқыту жүргізетін болады.

Бұдан басқа, Павлодар облысының басшысы Екібастұздағы өңіраралық оқу орталығы базасында Ғылыми-білім беру орталығының ашылуы туралы баяндады. Орталықтың инфрақұрылымы 2 мыңға дейін адамды оқытуға мүмкіндік береді. Өңір басшысының айтуынша, инвесторлардың бірінің қызығушылығы бар. Инфрақұрылымды сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталып жатыр.

«Мұнда алдыңғы қатарлы және заманауи технологиялар жұмылдырылатын мүлдем жаңа білім беру ортасын құру туралы айтып отырмыз, ең бастысы — студенттер мен педагогтердің шетелде тағылымдамадан өту перспективасымен ірі кәсіпорындардың өндірістік зертханалары құрылатын болады. Мамандарды оқыту мен қайта даярлаудың үздіксіз ортасын құру маңызды», — деді өңір әкімі.

Сондай-ақ Ә. Сқақов IT-кабинеттерді модификациялау туралы айтып берді.

«Білім алушылардың қажеттіліктері мен саны туралы барлық деректер, барлық аналитикалық деректер басқарушылық шешімдер қабылдау үшін облыс әкімдігінің Ситуациялық-талдау орталығына жиналады», — деп Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өз баяндамасын қорытындылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу