2020 жылы ақпанда банк жүйесі активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау аяқталады — М. Әбілқасымова

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2020 жылы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы баяндады. 

Аталған шаралар аясындағы қаржылық реттеушінің жұмыс бағыттарының бірі ‒ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде банк жүйесін қалыпқа келтіру. М. Әбілқасымова атап өткендей, биыл ақпан айында 2019 жылы басталған банк жүйесінің активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау аяқталады. 

«Банк секторын қалыпқа келтіру бюджет қаражатын пайдаланбай нарықтық жағдайларда провизиялар мен капиталдың барабар қорын құру арқылы жалғасады», — деп атап өтті ол. 

Оның айтуынша, тиісті тәсілдер биылғы жылдың І тоқсанның соңына дейін әзірленеді.

М. Әбілқасымова сонымен қатар қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап жүйелі түрде толық ауқымды негізде банк және сақтандыру секторларында тәуекелге бағдарланған қадағалау (ТБҚ) енгізілетінін хабарлады. ТБҚ Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес аясында Агенттік пен Ұлттық Банктің бірлесіп жүргізетін макропруденциялық реттеу шараларымен күшейтіледі.

«Банк жүйесін қалыпқа келтіру банктердің экономиканы кредиттеуін ұлғайтуға ықпал ететін болады», — деді М. Әбілқасымова.

Сонымен бірге ол шағын және орта бизнесті несиелендіру мүмкіндігін кеңейту үшін, оның ішінде экономиканың басым салаларын несиелендіру бағдарламасы шеңберінде де шаралар ұсынылатынын айтты.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметінің тағы бір бағыты ‒ кепілсіз тұтынушылық несиелендірудің қарқынды өсуіне жол бермеу.

М. Әбілқасымова еске салып кеткендей, биылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушылық несие беруде тәуекелдерді шектеу бойынша заңнама нормалары қолданысқа енгізілді. 

«Агенттік тұтынушылық несие берудің қарқынды өсуін шектеу үшін қабылданған реттеуші шаралардың тиімділігіне мониторингті жалғастырады», — деді ол. 

Оның айтуынша, Агенттік 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта халықтың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін қосымша реттеуші шараларды қабылдайды.

«Мемлекет басшысы бүкіл қаржы секторын кешенді дамыту бойынша қойған жаңа міндеттерді ескере отырып, Агенттік Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жандандырып, ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін жаңа редакцияда қабылдайды», — деп М. Әбілқасымова қаржы реттеушісінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шаралары шеңберіндегі қызметінің кезекті бағытын атап өтті.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М. Әбілқасымова айтып өткендей, қаржы қоғамдастығымен бірлесіп инвестициялаудың және капитал тартудың қосымша мүмкіндіктерін жасау үшін қаржы секторын дамыту бойынша кешенді шаралар әзірленеді.

«Сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша жаңа қаржы құралдарын реттеу мен әзірлеуді жетілдіру бөлігінде қажетті заңнамалық өзгерістер дайындалады. Тиісті заң жобасын Үкіметке осы жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр», — деп түйіндеді М. Әбілқасымова.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу