Қазақстанда азық-түлік бағасын бірыңғай бақылау бойынша жауапты мемлекеттік орган анықталады — СИМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. ҚР сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев оларды сауда саласында іске асырудың негізгі тетіктері туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының Жолдауда берген маңызды тапсырмаларының бірі — ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың көтерме-тарату орталықтары (КТО) жүйесіне қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады.

Вице-министрдің айтуынша, ұлттық тауар өткізу жүйесінің негізгі міндеті — өндірушіден ритейлге дейін толық циклді инфрақұрылымның тұтас жүйесін құру.

«Тауар өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың көтерме сауда орталықтары жүйесіне еркін және бәсекелі қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жеке және мемлекеттік әріптестер арасындағы жасалған мемлекеттік жекеше әріптестік шарты шеңберінде тиісті нормалар көзделетін болады», — деді Е. Қазанбаев.

Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді және өндірушіні тұтынушыға жақындататын жеке экономикалық кластерді құрады.

«Өз кезегінде, еркін бәсекелестік пен өнімді сақтау және бөлу инфрақұрылымы тарифтерінің болжамды деңгейі біздің азаматтарымыз үшін азық-түліктің түпкілікті бағасына оң әсерін тигізеді», — деді Е. Қазанбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде елде өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік өнімдерінің бағасын бірыңғай бақылау бойынша негізгі жауапты мемлекеттік орган айқындалатын болады және мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл регламенті әзірленеді.

«Осы тармақты іске асыру үшін Министрлік Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, бір айлық мерзімде Сауда және интеграция министрлігіне өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеуді үйлестіру және бөлу жөніндегі уәкілетті органның функцияларын беру ұсыныстарын енгізеді», — деді Е. Қазанбаев.

Сондай-ақ бір ай мерзімде салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті регламенті әзірленетін болады.

«Біздің мақсатымыз – азық-түлік тауарларының ағындары мен бағаларын мониторингтеу мен болжаудың дұрыс және тиімді жүйесін құру. Бұл мемлекетке нарық конъюнктурасы мен баға өзгеруіне уақытылы және жедел ден қоюға мүмкіндік береді», — деді Е. Қазанбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу