Қазақстанда 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасы құрылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда өткен кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру, инвестициялар тарту және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 7 негізгі бағыт айқындалған. Бұл — экономикалық белсенділікті қолдау, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, жүйелік және салалық саясатты қайта реттеу, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, денсаулық сақтау және білім беру жүйесін дамыту.

Барлығы 68 тапсырма берілді. Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 3 заңнамалық акті қабылданатын болады. Бұл – Дербес деректер және оларды қорғау туралы, бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңдар, сондай-ақ Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер.

Сонымен қатар 3 ұлттық жобаны бекіту көзделуде, олар – агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су ресурстарын басқару және «2021-2025 жылдарға арналған Жасыл Қазақстан» жобалары.

«5 кешенді жоспар әзірленеді. Бұл – шекаралардағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл, оффтейк-келісімшарттар мен реттелетін сатып алулар арқылы өндірістерді құру және кеңейту, Екібастұз қаласын 2025 жылға дейін дамыту, азаматтарға вакцинация жүргізу және мектепке дейінгі білім беруді дамыту шаралары», — деді Ә. Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын іс жүзінде орындау бойынша нақты шаралар әзірледі.

Бірінші. Осы жылғы мамырдың соңына дейін салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіледі.

Ұсыныстарды әзірлеу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру үшін салықтық шаралар топтамасы дайындалатын болады.

«Мемлекеттік қаржы теңгерімділігін қамтамасыз ету, олардың орнықтылығын, сондай-ақ қабылданатын бюджеттік шешімдердің тиімділігін арттыру бойынша шараларды көздейтін 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасы қалыптастырылатын болады», — деді ведомство басшысы.

Екінші. Шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде шараларды әзірлеу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылады.

Бір ай ішінде әзірленген шоғырландырылған ұсыныстар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына енгізілетін болады.

Үшінші. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау алған бизнес субъектілерінің әрқайсысы бойынша мониторингтің бірыңғай қағидалары әзірленетін болады.

Сондай-ақ субъектілердің көп өлшемді және серпінді мониторинг жүйесі қалыптастырылады. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық және әлеуметтік қайтарымын бағалауға мүмкіндік береді.

Төртінші. Осы жылы өңірлік саясат саласында Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

Министрдің айтуынша, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өзектендіріледі. Жоспарға өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар енгізіледі.

Бесінші. Мүдделі мемлекеттік органдар мен Павлодар облысы әкімдігінің қатысуымен Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары әзірленеді.

Кешенді жоспарды Павлодар облыстық мәслихаты биылғы қыркүйекте бекітеді.

Алтыншы. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында биылғы жылы мемлекеттік аппараттың қосалқы қызметтерін орталықтандыру және оңтайландыру жүргізілетін болады. Бұл – кадр, қаржы және әкімшілік-шаруашылық қызметтерін, сондай-ақ АT-мен қамтамасыз ету салаларын қамтиды.

«Осыған байланысты, нақты мерзімдерін көрсете отырып, қосалқы қызметтерді орталықтандыру және оңтайландыру жөніндегі шараларды іске асырудың жол картасы әзірленеді», — деді Ә. Ерғалиев.

Жетінші. Осы айдың соңына дейін «Мемлекеттік және жеке меншік операторларды құруға мораторий енгізу туралы» Президент Жарлығының жобасы әзірленетін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу