Қазақстанда халықты COVID-19 қарсы вакцинамен қамту 64%-ды құрады — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында COVID-19 вирусына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі коронавирус инфекциясымен күрес бойынша қазіргі жағдай және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, әлемде тәулігіне 480 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 4,4 млн-нан астам адам қайтыс болды. Жағдай әлі де күрделі.

ДДСҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен бастап сырқаттанушылықтың өсу үрдісі байқалады.

«Соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 63%-ға, Жапонияда 34%-ға және Израильде 33%-ға өсті», — деді А. Цой.

Оның айтуынша, Қазақстанда өсім бір апта ішінде 7%-ға төмендеді.

Қазақстан 1 млн тұрғынға шаққандағы әлемдік рейтингте сырқаттанушылық пен өлім-жітім саны бойынша 222 елдің ішінде 101-орында тұр.

24 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 748 851 науқас және КВИ теріс нәтижесімен 67 870 жағдай тіркелген.

Өткен аптадағыдай, Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер қызыл аймақта орналасқан.

«Соңғы екі апта ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясы жағдайларының саны біртіндеп төмендегені байқалады. Соңғы 2 аптада сырқаттанушылық деңгейі 10%-ға төмендеді», — деп атап өтті А. Цой.

1 тамыздан бастап ҚР-да коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,93-ке дейін 1,2 есеге төмендеді.

Емдеу мекемелерінде инфекциялық төсек-орындар бүгінгі күні 49%, реанимациялық төсектер 46% толы.

Соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің жүктемесі 12%-ға төмендеді.

Инфекциялық төсек-орындар көбіне Ақтөбе облысында – 68%, Алматы қаласында – 61% және Алматы облысында – 59% қолданылуда.

Халықты вакциналау жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда министрдің айтуынша, вакцинаның 1-компонентін 6,5 млн жуық адам алды — тиісті халықты қамту 64%-ды құрады, 2-компонентін вакцина алуға тиісті халықтың 50%-ын қамти отырып, 5 млн-нан астам адам алды.

Ең көп қамту 9 өңірде тіркелген: Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Атырау облыстары.

Өткен аптадағыдай, вакцинаның бірінші дозасымен қамтудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында байқалады – 38%.

Егу пункттерінде барлығы вакцинаның 1 млн 400 мың бірінші компоненті және 940 мың екінші компоненті бар. Оны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Ауру-сырқауға жүргізілген талдау КВИ ауыр өтіп жатқан науқастардың негізгі үлесі вакцина алмағандар екенін көрсетті», — деді А. Цой.

Мәселен, 1 ақпаннан бастап тіркелген КВИ-мен ауырған, вакцина алмаған науқастардың салыстырмалы салмағы 97,5%-ды құрайды, ал вакцина алған азаматтардың тек 2,5%-ы ауырған.

Министрдің айтуынша, реанимация мен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың 95%-ы да вакцина алмаған азаматтар.

Ұсынылған мәліметтер вакцинаның тиімділігін тағы дәлелдеп отыр.

«Осыған байланысты айтарым, осы уақытқа дейін вакцина алмаған азаматтарды дұрыс шешім қабылдап, екпе алуға шақырамын. Бұл бәрімізге өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымыз бен әріптестеріміздің де денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», — деді А. Цой.

Алдағы айлардағы эпидемиологиялық жағдайдың болжамдарына келер болсақ, министрдің айтуынша, пессимистік сценарий бойынша қыркүйек айында тіркелетін жағдайлардың орташа тәуліктік саны 6 300-ге дейін, қазан айында 2 400-ге дейін жетеді.

Реалистік сценарий бойынша қыркүйек айында 5 300-ге дейін, қазан айында 1 800-ге дейін вирусты жұқтыру жағдайы тіркеледі.

«Оптимистік сценарий орындалса, қыркүйекте тәулігіне 4 200 жағдайға дейін, қазанда 1 300 жағдайға дейін тіркеледі», — деп түйіндеді А. Цой.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу