Қазақстанда суармалы жерлер көлемін 2030 жылға дейін 3 млн га жеткізу жоспарланған

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биыл 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру шаралары қаралды.  Еліміздегі қазіргі экологиялық ахуал туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады. 

Министр хабарлағандай, қазіргі уақытта еліміздегі бар 3,3 мың полигонда 125 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Жыл сайын 5 млн тонна көлемінде қосымша ТҚҚ жиналады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі 2018 жылы 11,5%-дан 2019 жылдың қорытындысы бойынша 14,9%-ға дейін өсті. Қайта өңдеудің жоғары үлесі Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді. Ал төмен көрсеткіштер Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Сондай-ақ, еліміздегі бар полигондардың сыйымдылығы шегіне жеткенін атап өткен жөн. М. Мырзағалиев атап өткендей, осыған байланысты әкімдіктер қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын экологиялық талаптарға сәйкес келтіріп, пайдаланушы ұйымдарды анықтап, МЖӘ тетіктерін немесе жеке инвестицияларды тарта отырып, материалдық-техникалық жабдықтауды жақсартуы, қажет болған жерлерде жаңа полигондар салу бойынша тиісті шараларды қабылдауы тиіс. 

«Сонымен қатар, бюджет қаражатының шығындарын үнемдеу мақсатында біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қалалар мен ауылдық жерлерге арналған ҚТҚ полигондарын салудың жеңілдетілген типтік жобасын әзірлеуді ұсынамыз», — деді министр. 

Оның айтуынша, жылдар бойы заңсыз қоқыс орындарының көбеюі мәселесінің шешімі табылмай келеді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ғарыштық мониторингі шеңберінде 11 шілдедегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірлерінде 7,5 мыңнан астам осындай қоқыс орны анықталған. Әкімдіктермен бірлесіп оларды жою жоспары әзірленді. 

«Жаңа заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына барынша жол бермеу қажет. Ол үшін қоғамдық рейдтер өткізіп, анықталған фактілерді жұртқа жария етуді ұсынамыз. Алайда, осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату шаралары көзделді», — деді М. Мырзағалиев.

Ведомство басшысы атап өткендей, өз кезегінде, қоқыс шығару тарифтерінің төмендігіне байланысты қоқыс өңдеу саласы инвесторлардың аса қызығушылығын тудырмайды. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Waste to energy технологиясын енгізу мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуде. 

«Мәжіліс заңға түзетулерді мақұлдады. Күзде Сенаттың  қарауында болады. Заң қабылданғаннан кейін біз алғашқы аукциондарды өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жүйе ЖЭК тәрізді жұмыс істейтін болады: электр энергиясына ең төменгі бағаны кім ұсынса, сол зауыт құрылысын жүзеге асырады. Алғашқы аукциондарды келесі жылы өткізуді жоспарлаудамыз», — деді министр. 

Әкімдіктермен бірлесіп 6 пилоттық қала анықталды. Олар: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. 

Сонымен қатар Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы әзірленді, онда келесі нысаналы индикаторлар анықталды: 

  • 2030 жылы суармалы жерлерді қазіргі 1,5 млн га-дан 3 млн га дейін ұлғайту;
  • 38 жаңа су қоймасын салу;
  • қазіргі  3 мың км-ден 13,5 мың км дейін арналарды қайта жаңарту және т.б.     

«Біз суармалы жерлердің алқабын 2030 жылға дейін 3 млн га дейін ұлғайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Былтыр 66 мың га суармалы жер пайдалануға берілді. Қазір 5 өңірде 500 мың га жуық суармалы жерлерлерді  пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады», — деп хабарлады министр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу